Сайлауға қатысты заңдарды өзгертуіміз керек — Президент

Сайлауға қатысты заңдарды өзгертуіміз керек — Президент

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партиялар мен сайлауларға қатысты заңдарды өзгерту керегін айтты, — деп хабарлайды «Қазақпарат».

«Қазір саяси партияны тіркеу үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Бұл норма ұзақ уақыттан бері сақталып келеді және өткен кезеңнің талабына сай болды. Енді жаңа саяси жағдайда бір жағынан азаматтардың талап-тілектеріне, екінші жағынан ықтимал тәуекелдерге лайықты үн қатуымыз қажет. Біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңі өтетіндей дәрежеге жетті», — деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайтуды ұсынды, яғни 20 мыңға дейін.

«Бұл — айтарлықтай маңызды өзгеріс. Бұл азаматтық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, біз партиялар мен сайлауларға қатысты заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек», — деді Президент.