Алдымызда ауқымды міндеттер тұр – Қанат Нұров

Алдымызда ауқымды міндеттер тұр – Қанат Нұров

Nur Otan-ның Мәжілістегі депутаттық корпусына білім беру, денсау­лық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы және басқа да сала өкілдері енді.  Мәжіліске депутат болғандар қатарында Қанат Нұров та бар.   Мәжіліс депутаты болып сайланған Қанат Нұров осы уақытқа дейін білім саласына қатысты мәселелерді көтергені белгілі. Отандық БАҚ-та 12 жылдық білім беруге байланысты ойын ашық айтып, білім гранттарын бөлу жүйесін өзгертуді ұсынды. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жартысынан көбі грант сияқты қаржылай қолдауға ие болмай жатқанын жеткізді.

"Үлкен бір проблема бар. Қаламен салыстырғанда ауылда ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіші әлдеқайда төмен болып тұрады. Ал ауылдық квота 30 пайызбен берілсе де, оған ілігетін жастар некен-саяқ. Өйткені тестті тапсыра алмай жатқандар көп. Енді, бұл мәселені қалай шешу керек? Меніңше, білім гранттарын әлеуметтік жағынан аз қамтылған, бірақ дарынды балаларға беру керек. Ондай мүмкіндікті мүгедектерге де берген дұрыс. Оны таза әлеуметтік шара деп қабылдамау қажет. Аталған бастама экономикалық жағынан да тиімді. Себебі ауыл жастарында үлкен стимул бар. Олардың қоғамда өз орнын табуға деген ынтасы зор", – деді Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.
Қанат Ильяұлы Нұров 1967 жылы 25 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. 1992 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің  тарих факультетін, 1996 жылы Маастрихт менеджмент мектебін (MSM, Нидерланд) бітірген. Басқарушы бухгалтерлер институтының (АҚШ) (ICMA) мүшесі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Алматы басқару мектебінің директоры, "Алматытелеком" ҚТО Бас директорының бірінші орынбасары, "Қазақтелеком"  АҚ бас қаржы директорының орынбасары, "Аспандау" ғылыми білім беру қорының президенті қызметтерін атқарған.