Ғабидолла ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды

Ғабидолла ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болып тағайындалды

Ғабидолла Оспанқұлов Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. 

Бауыржан Байбек Twitter-дегі парақшасында: «Үкімет қаулысымен партия Хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болды. Соңғы жарты жылда партия алаңдарында мемлекеттік тілді дамыту, мәдениет, балалар құқықтарын қорғау және басқа да мәселелер жандана түсті», — деп жазды.

Ғабидолла Оспанқұлов 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ гуманитарлық-заң университетін, Қазақстан-Ресей университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бирмингем университетін (Ұлыбритания) бітірген.   

Әр жылдары ҚР Парламентінде, Президент Әкімшілігінде, Екібастұз қаласының әкімдігінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеді. 2013 жылдан 2017 жыл аралығында Жастар ісі комитетін басқарды, ҚР БҒМ Жастар саясаты департаментінің директоры болды, ҚР Дін және азаматтық қоғам істері министрлігінде жұмыс істеді. 2017 жылдың қазан айынан 2019 жылдың тамыз айы аралығында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

2019 жылдың тамыз айынан желтоқсан айы аралығында – Nur Otan партиясының хатшысы қызметін атқарды.