Нотариустер «цифрға» ден қояды

Нотариустер «цифрға» ден қояды

Ел Парламенті нотариустердің қызметін цифрландыратын заң қабылдады. Нотариус куәландырған құжаттар енді электронды мұрағатта сақталады. Ал олардың өздері электронды және қағаз нұсқаларының бірдей екенін куәландыра алады. Тиісті құжат Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен палата отырысында құпталды.

«Кейбір заңнамалық ак­тілерге нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа заң нотариат қызметтерінің сапасын арттыруға және оларды алуды ыңғайлы етуге бағыт­талған. Жоба депутаттар бастамасымен әзірленген. – Қабылданған заң елімізде нотариат институтын одан әрі жетілдіруді көздейді. Бүгінде Қазақстанда бұл салада 4 мыңнан астам нотариус жұмыс істейді. Осы заң халыққа нотариаттық қызмет көрсету кезінде цифрлық технологиялардың қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ нотариаттық қызметке қойылатын талаптарды күшейтуге құқықтық негіздер қалыптастырады, – деді палата Төрағасы. Депутаттар сонымен қатар Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Мәде­ниеттерді жа­қындастыру ха­лықаралық ор­талы­ғын құру туралы келiсiмді ратифи­ка­циялап, Мемлекет басшы­сының қол қоюына жі­берді. Оған сәйкес, еліміз ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық диалог сала­сындағы саясатын әзірлеуге қатысуға мүмкіндік алады. Елордадағы қазіргі «Мә­де­ниет­терді жақындастыру орта­лығы» республикалық му­зейінің не­гізінде ЮНЕСКО ая­сында Мә­­дениеттерді жақын­дас­­тыру­дың халықаралық орта­лығы құ­ры­латын болады. Сенаторлар Еуразиялық одақ­­қа қатысты халықаралық құжаттарды ратификациялады. Оның ішінде «2017 жылғы 11 сәуірдегі ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама», «2017 жылғы 11 сәуірдегі ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама», «2014 жылғы 12 қарашадағы Еуразиялық эко­номикалық комиссияның бәсе­келестіктің бірыңғай қағида­ларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы хаттама», «Бір тараптан ЕАЭО мен оған мүше мемле­кеттер және екінші тараптан Сер­­бия арасындағы еркін сауда туралы келісім» бар. Жиын соңында сенаторлар депутаттық сауал жолдады. Н. Тө­­реғалиевтің сауалында БҚО-дағы бірқатар аудандарды сумен жабдықтау мәселелері баян­далды. О.Перепечина білім беру жүйесіндегі, оның ішінде «Күнделік» порталының жұмы­сындағы олқылықтарды мәселе етіп көтерді. С.Лұқпанов темір­жол саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. А.Лукин ломбардтар қызметіндегі құқық-бұзушылықтарға, микроқаржы ұйымдарына бақылауды кү­шей­туге назар аударды.

Елдос СЕНБАЙ