Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адамгершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Құдіреті күшті Хақ Тағала Құран Кәрімде ерекше мән берген құндылықтың бірегейі де осы – ихсан ілімі. Қасиетті Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп баяндалған.
Сөздікте «жақсылық», «игілік» деп келетін «ихсан» сөзінің шариғаттағы терминдік мағынасы бір нәрсені қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Жаратқан Алла құлдарына Құранда ихсан сөзінің мағынасын баяндаған. Аятта Алланың игілігі баяндалса, оның ең әуелі құлдарына деген шексіз мейірімділігі, асқан рақымдылығы, мол нығметтерге бөлейтіні айтылады. Қасиетті аятта: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде және дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүлік жасама! Алла бұзақыларды сүймейді» («Қасас» сүресі, 77-аят) делінген. Жаратушы иеміз күллі жаратылысты ешқандай ақаусыз, кемшіліксіз жаратты. Барша жаратылыс иесі ең әдемі, ең көркем бейнеде жаратылған. Осыдан-ақ адам баласы ғибрат алып, түсінуі қажет. Егер адам баласы ихсан ілімінің шынайы болмысын түсінсе, рухани құндылығы артып, иман байлығына күмәнсіз жетер еді. Алла Тағала келесі аятта: «Ол Алла көктер мен жерді ақиқат бойынша жаратты. Ол сендерді бейнелегенде көркем бейнеледі. Әрі қайтар жерлерің Оған қарай» («Тағабун» сүресі, 3-аят) деген. Ихсан ілімі әуелі пенденің Аллаға деген итағатынан (бойсұну) басталады. Адам баласының Аллаға деген ихсаны мынадай: алдымен иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, барлық тыйым салған нәрселерден аулақ болу, ізгі амалдарды арттыру. Алла Тағала: «Сондай-ақ иман келтіріп, салиқалы іс істегендердің сауапты жақсы амалдарының еңбегін жоймаймыз» («Кәһф» сүресі, 30-аят) деп уәде еткен.Ихсан – рухани ілім
Бірде Жәбірейіл періште сахабаларымен отырған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақ киім киген жолаушы кейпінде келіп, көпшіліктің көзінше былай дегенін хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) баяндайды: «Уа, Мұхаммед! Ислам дегеніміз не?» деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): – Ислам – Алладан басқа Құдайдың жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Намаз оқу, зекет беру, Рамазан айында ораза ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару деп жауап береді. Әлгі кісі мұны естігенде: – Рас айтасың, – деді. Біз оның өзі сұрап әрі жауабын өзі растағанына таңғалдық. Мұнан соң әлгі кісі: – Иман дегеніміз не? – деп сұрағын жалғастырды. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): – Аллаға, оның періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне, тағдырдың жақсысы мен жаманына сену, – деді. Жолаушы тағы да: – Рас айтасың, енді ихсан деген не? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): – Ихсан – Алланы көріп тұрғаныңдай оған кұлшылық етуің. Себебі сен оны көрмесең де, шүбәсіз, ол сені көруде. – Қиямет қашан болады? – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): – Сұралған адам сұраушыдан артық білмейді, – деп еді, сонда әлгі кісі: – Күңнен қожайын туады. Сен жалаңаяқ кедейлердің биік үйлер салғанын көресің, – деп ақырет күнінің белгілерін айтып берді. Жолаушы кеткеннен кейін аз уақыт өткен соң Пайғамбарымыз: – Уа, Омар! Сен әлгі кісінің кім екенін білесің бе?», – деді. Мен: – Алла және оның елшісі біледі, – деп жауап бердім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде ол сендерге діндеріңді үйретуге келген Жәбірейіл періште болатын», – деп мәселенің мән-жайын түсіндірген еді. Бұл хадис өте құнды дүниелерді бізге баяндайды. Иман, құлшылық және ихсан мәселесіне тоқталып өтеді. Ихсан – Алла сені бақылап тұрғанын, сен қай уақытта болсын Оның назарында тұратыныңды бір сәт естен шығармау екен. Міне, иман мен құлшылықтың ләззатын сезіну үшін әуелі адам бойынан ихсан көрініс беруі керек. Өйткені ихсан – иман мен құлшылықты байланыстырып, ішкі жан дүниені тәрбиелейтін, байытатын рухани ілім.Ихсан – нәпсі тәрбиесі
Ел арасында ихсан ілімін не үшін кеңінен насихаттауды қолға алдық? Өйткені мұсылман баласы кемелдікке жету үшін ең алдымен өз-өзінен есеп алып, нәпсісін тәрбиелеу арқылы тақуалық амалдарда ілгерілей түседі. «Шәмс» сүресінің 8-10 аяттарында: «Оған жамандық әрі тақуалық қабілеті бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Ал кім оны кірлетсе, қор болды» делінген. Осы орайда мына бір тәмсіл нендей ғибрат десеңші! Жақсы мен жаманның мысалын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бірде немересімен күн шуақта отырған қария бір-бірімен ырылдасудан шаршамайтын екі итіне сырттай қарап ойланады. Бала ес білгелі әлгі иттер атасының ауласында ылғи да ырылдасып жататын. Неге екені белгісіз, бұларды атасы қасынан бір елі ажыратқан емес. Бір үйді күзеткенге бір ит жетпей ме, екеуінің түрі неліктен екі түрлі деген ой баланы көптен мазалап жүрген болатын. Осы жолы ептеп атасынан сұрауды жөн көрді. Немересінің қойған сұрағына жымиған қарт: Олар мен үшін екі белгі, балам, – деді атасы. Бала түсіне қоймағандықтан: Ненің белгісі, ата? – деп қайта сұрады немересі. Жақсылық пен жамандықтың белгісі, – деді қарт. Мына сен көріп отырған ырылдасқан иттер секілді адам бойында да жақсылық пен жамандық ылғи бір-бірімен айқас үстінде жүреді. Бұларға қараған сайын мен соны еске аламын, сол үшін де оларды ылғи өзіммен бірге ұстаймын, ертіп жүремін – деді.Қандай қоғам болсын, абыройы асқақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адам әдептен озбай, адамгершіліктен аттамай, өзінің кемел келбетін қалыптастыруы тиіс.
Ата, сонда бұлардың күресте қайсысы жеңеді? – деді немересі. Қария күлімсіреп: «Е-е, балам-ай, қайсысына көбірек тамақ беріп болыссам, сөзсіз сол жеңеді ғой», – деген екен. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Сенен есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер» дейді. Ал Хәкім Абай атамыз: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деп есті адамға ой сала отырып, кемелділіктің кілті ихсанда екенін баян етеді. Шал ақын бабамыз: «Нәпсің бір көкжал бөрідей, Иманың бағлан қозыдай, Егер тыю салмасаң, Иманыңды жеп кетер» деп жырлайды. Көкжал бөрідей болған нәпсіге тойтарыс беріп, өз-өзіңнен есеп ала білу – есті адамның сипаты. Есті адам дүниесі мен ақыретін қатар ала жүріп, еш өкінбейтін хақ жолдың аясында өзін әдебімен, имандылығымен тәрбиелейді. Ой салар өлең жолының жалғасында Шал Құлекеұлы: «Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері, Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса, Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері» деп түйеді. Таяқты қатты ұстаған қойшы бөріге бой бермесі сөзсіз. Яғни, ихсан ілімі нұсқаған әдептілік пен тақуалықты мықты ұстаған мұсылман шайтанның азғыруына жол бермейді, ардақты атына кір келтірмейді. Данышпандар: «Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса, құштарлығының құлына айналады. Құмарлық қақпанына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап, қалаған жағына сүйрейді. Мұндай адамның қалыбы құлшылық пайдасынан мақұрым қалады» деген екен. Ихсан – мұсылманды әуелі әдептілікке, мұнан соң кемелдікке, кемелдіктен әрі нағыз тақуалыққа қарай жетелей бермек.Ихсан – әдеп негізі
Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады. Хазреті Мәуләна: «Ақылым жүрегімнен: «Иман деген не?» деп сұрады. Жүрегім ақылымның құлағына иіліп: «Иман дегеніміз – әдеп» деп жауап берді» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі арқылы надандық құрсауындағы Мекке халқын мойындатып, оларға өнеге көрсетті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келгенге дейінгі қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеп берді. Тіпті, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – дейтін. Қандай қоғам болсын, абыройы асқақтап, халқы берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адам әдептен озбай, адамгершіліктен аттамай, өзінің кемел келбетін қалыптастыруы тиіс. Осы арқылы да қоғамның өзіндік мәдениеті қалыптасады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді екінші ұстаз атанған әл-Фараби бабамыз. Құран Кәрімде Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаттап: «Шын мәнінде, сен жоғары мінез-құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деген. Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің» дейді. Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Дін деген не?» деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез» деп жауап береді. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын бірнеше қайталаса да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дін – көркем мінез» деп жауап берген екен. Хазреті Мәуләна: «Біліп қойыңыз, әдеп – адам тәніндегі рух. Әдеп – әулиенің көзі мен көңілінің нұры. Егер шайтанның көзін жойғың келсе, көзіңді ашып қара, шайтанды құртатын – әдеп. Адам баласында әдеп болмаса, ол шындығында адамдық болмысын жоғалтады. Әдеп – адам мен хайуанның арасындағы айырмашылық» деген екен. Ал әдеп дегеніңіз – жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұят пен сыпайылық. Міне ихсан ілімі – иман иесінен осыны қалайды.Ихсан – басшыға да, қосшыға да керек ілім
Біздің ендігі межелі мақсатымыз – ел ішінде ихсан ілімін кеңінен насихаттау. Жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жандар үшін тілімен де, ісімен де зиян тигізбейді. Мына дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақыретте жауап беретінінен қорқады, жасаған жақсылығының бақытқа, ал жамандығының зиянға себепкер болатынын жадында ұстайды. Саңлақ сахабаның бірі Мұаз ибн Жәбәл былай дейді: «Йеменге басшылық қызметіне кетейін деп, үзеңгіге аяғымды қойған сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Мұаз! Адамдармен қарым-қатынас жасағанда жақсы мінезді бол!» деп маған соңғы өсиетін айтты. Мұсылман күнделікті өзін тәрбиелеп, өзгеге жамандығын тигізбеу үшін дұға-тілекте жүргені дұрыс. Мәселен, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазды бастамай тұрып, Жаратқанға былай дұға ететін: «Уа, Алла! Мені ең көркем мінезге бағытта. Сенен басқасы мені жақсы мінезге бастай алмайды. Менен жиіркенетін мінезді алыс ет. Бұл істі Сенен басқа ешкім орындай алмайды». Тағы бір дұғасында: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де сондай көркем ете гөр!» деп Жаратқанға жалбарынатын. Сахабалар Пайғамбарымыздан қандай амал көрсе, оны лезде іске асыруға асығатын. Сондай ардақты сахабаның бірі Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын) бір күні түнде тұрып Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді: «Уа, Аллам! Бейнемді әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де көркем ете гөр!» деп таңға дейін дұғасын жалғастырады. Таң атқаннан кейін әйелі: «Әбу Дәрда, бүкіл түнгі дұғаң және қажетіңнің барлығы көркем мінез жайында сұраумен болдың ғой. Неге соншама таңға дейін мұндай дұға жасадың?» деп сұрайды. Сонда Әбу Дәрда: «Уа, Умму Дәрда! Бір мұсылман мінезін әдемілей-әдемілей ғұмыр кешетін болса, көркем мінезі оны жәннатқа жетелейді. Егер мінезі жаман болып тіршілік кешсе, жаман мінезі тозаққа итермелейді» деп себебін жеткізген екен. Ғасырлар бойы асыл діннен ауытқымаған бабаларымыз да ихсан ілімін өмірлеріне серік еткен. «Өлімнен ұят күшті» деп, ұяттың иманнан һәм ихсаннан екенін көрсеткен. Сондықтан басшыға да, қосшыға да керек нәрсе – ихсан ілімі, яғни көркем мінезділік. Ол – адамның ары мен ұятын сақтап, абыройын асқақтата түсетін рухани ілім.Ихсан – жақсылық ілімі
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят) деп бұйырады. Ихсан сөзінің мағынасы – жақсылық жасау. Исламның бізден қалаған ихсаны – жасайтын жақсылықты ең әдемі түрде, ең жақсы һәм кемеліне жеткізе отырып жасау, ата-анаға, ағайын-туысқа, көршіге, дос-жаранға жасайтын жақсылықты еш міндетсінбей, ең жоғары деңгейде іске асыру. Бір сөзбен айтсақ, толық мұсылман жақсылықтың ең шыңында жүреді, ізгі ісімен үлгі болады. Мұсылман – әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді жан. Ғұлама ибн Мүбәрак: «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» деген екен. Құстың қос қанаты секілді мұсылман баласына білім де, әдеп те әркез керек. Ислам діні қандай таза болса, мұны екі дүниемнің бақыты деп білген адам әдеп негізінде өмір сүреді. Дініне титтей де кір келтірмеу үшін өмірлік мақсатын ихсан ілімінің аясына топтастырады. Абай атамыз осыны меңзеп, «толық адам» түсінігін кейінгілерге сөз етіп қалдырды. Мұсылман құлшылығын, күллі әрекетін, қарым-қатынасын, тіпті ғұмырын Жаратушысын разы етуге арнаған кезде ихсан ілімінің шыңына жете алатынын айтқан. Хәкім Абай атамыз: «Ендi бiлiңiздер, ей перзенттер! Құдай Тағаланың жолы деген Алла Тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді. Таза мұсылман, толық адамның негізгі шарты – Құдай Тағаланың шексіз жолында жүру, разылығын табу. Абай атамыздың меңзеген «таза мұсылман, толық адам» түсінігі осы ихсан ілімінен басталатынын байқаймыз. Себебі ихсан іліміне терең бойлап, әдеп, ар-ұяттан аттамаған мұсылман өзінің емес, ең алдымен ислам дінінің, туып-өскен жерінің абыройын биік қояды, кір келтірмейді. Отанға деген сүйіспеншілік, қызметке деген адалдық, ағайынға деген сыйластық, жаманшылықтан бой алыстатып, жақсыларға жақын жүрудің бәрі осы ихсан ілімінен екенін әркез естен шығармағанымыз абзал.