Суицид саны азаймай тұр. Неге?
Суицид саны азаймай тұр. Неге?
994
оқылды
Соңғы бір-екі айда өзіне-өзі қол салған бірнеше аза­мат­тың қайғылы оқиғасы бү­кіл республикаға мәлім бол­ды. Шымкентте алты баланың ана­сы аңсаған пәтеріне қол жет­кізе алмай кетсе, Кас­пий­де әскери кемеде борышын ат­қарған 18 жастағы теңізші жі­гіт өмірмен қош айтысты. Ал 21 ­қаңтарда «Қазақмыс» ком­па­ниясының кеңсесінде бол­ған жанжалдан соң кәсіподақ тө­рағасы өзіне-өзі пышақ сал­­­ған. Адам өмірі елдің ең қым­­бат қазынасы десек те, оны қиып жіберуден неге әлем­­нің алдында тұрмыз? Былтыр қыркүйек айында Дү­­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы суицид жиі кездесетін ел­дер­дің тізімін жариялады. Қа­­­зақстан 7-орында, 100 мың адам­ға шаққанда 22,8 адам өзіне қол салады екен. Бұл қауіпті құбы­лыс­тың азайғаны, мәселен 2000 жылы атал­ған сан 34,9 болған. Бірақ қуа­натын жағдайымыз жоқ, себебі әлем­дегі орташа көрсеткіштен (10,5) екі есе асып тұрмыз. Жал­пы, тәуел­сіздік тарихымызда 106 мың кісі өз өмірін қиған, 90-жыл­дар­дың соңында бір жылда мұндай қа­дам­ға барғандардың саны 5 мыңға жа­қындаған. Өлуге соншалық кім асығады екен, Құдай берген өмірді өз қо­лы­мен тоқтатуға кім даяр деген сауал туындайтыны рас. Ең жиі кез­десетін сипаттама – ауылда тұра­тын 35-44 жас аралығындағы ер-азамат. Нақтырақ айтсақ, біздің елде 100 мың кісіге шаққанда суи­цидті 40 ер адам жасайды, әйел­дердің тек жетеуі ғана. Яғни, ер кісілер о дүниеге өз еркімен ат­тануға жиі асығатын көрінеді. Әлемдік есепті өз еліміздің ресми ста­тистикасымен салыстырайық деп Бас прокуратураның сайтына үңілдік. Қуанатын сан жоқ екен. 2018 жылы 3 542 адамның өз-өзі­не қол салу фактісі тіркелген. Яғни, күніне 9-10 адамнан келеді де­ген сөз. Оның 79 пайызы ер-аза­маттар. Бәлкім, «орта жастың дағдарысы» деген құбылыстың әсері болар. Әйелдердің үлесі аздау болса да (695), өмірмен қош ай­тысуға асығатындар 18-24 және 35-44 жас аралығындағылар. Сөз ба­сында жас теңізшінің өлімін ес­ке алдық, 2018 жылы 14 әскери аза­мат суицид жасаған.  

Суицидтің негізгі себебі – жалғыздық, кейінгі орында адамның ауыр материалдық жағдайы. Сондай-ақ баспана мәселесін шеше алмай, өзіне қол салатын кісілер де кездеседі.

  Жалпы, өмірін қиятындар көбіне арқанға асылып қалу әдісін жиі таңдайды екен. Содан кейінгі орында өзін биіктіктен тастау мен өткір затты қолдану тұр. Көбіне өз үйінде. Әрине, бұл насихат емес, қайта суицидке жақын адамдардың осындай жолды таңдамауы үшін жақын туыстарына ескертетін ақпарат. Суицидке әрекет жасау деген құбылыс бар. Сарапшылар оның саны әдетте суицидтен 20 есе жоғары болады дейді. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттер тіркеле бермейді. Алайда ол маңызды. Себебі алғашқы ұмтылыстар кімнің қауіпті қадамға баруы мүмкін екенін, оны не итермелеп жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. «Бас жарылса, бөрік ішін­де» деп жылы жауып қоя салу, мамандарды ескертпеу, олармен жұмыс істемеу – ертең қайғылы жағдайға әкеліп соғуы бек мүмкін. 2018 жылы елімізде осындай 4 234 әрекет тіркелген. Дегенмен бұл мәселеде ерлер мен әйелдердің үлесі шамалас (2 198 және 1 994). Біріншіден, Қазақстанда суицидке әрекет жасау фактілері бұдан бірнеше есе көп екенін болжауға негіз бар. Тек тіркеле бермейді. Екін­шіден, әйелдер үлесінің артуы көбіне өзіне, басындағы базы­насына қоршаған ортаның кө­ңілін аудартуға тырысуы деп түсінуге де болады. Ал енді бұл мәселенің басты тақырыбына оралсақ. Азамат­тарымыз өз өмірін қиюға неге асығады? Себеп неде? Бас про­куратураның есебіне тағы да көз салсақ, негізгі фактор жалғыз­дық екен. Жалғыздық жабығуға (депрессия), жүйке жүйесінің бұ­з­ылуына әкелуі мүмкін. Пси­хиатрлар ол оңай жазыла қоя­тын дерт емес дейді. Кейінгі орында – адамның ауыр мате­риалдық жағдайы. Несиесін тө­лей алмай, өзіне қол жұмсаған фактілер аз емес. Бұдан соң туған-туыстармен және жұба­йымен жанжалдасу факторы тұр. Сондай-ақ баспана мәсе­лесін шеше алмай, суицидке баратын кісілер кездеседі, 2018 жылы елімізде 80 адам осы се­беппен өзіне қол салған. Сөз басында айтылған Шымкенттегі 6 баланың анасы баспана мә­селесін шеше алмай кетті дейді білетіндер. Ал былтыр күзде елордада тепсе темір үзетін жігіт үй ала алмадым деп көпірден секіргісі келгені есімізде. Ұзаққа созылған ауру да, отбасылардың ажырасу да адамның соңғы қа­дамға баруына жиі түрткі болады екен. Жауапсыз махаббат та жастарды дәрі ішуге, тамырын кесуге итермелейтін көрінеді. Мұны жедел жәрдем дәрігерлері жиі айтып жатады.  width= Қалай десек те, басқалармен салыстырғанда ауылда тұратын орта жастағы ер-азаматтар атал­ған қауіпті әрекетке бір қадам жақындау жүр. Себеп неде? Се­беп көп, жиі кездесетіні осы жас­тағы ер адамның мойнына артылған жауапкершіліктің көп­тігі. Оны көп жағдайда орындай алмау не қажетті деңгейде жүзеге асырмау. Мұның барлығы ер-азаматқа, оның намысына соқ­қы болып тиетіні белгілі. Ауыл­дағы жұмыссыздық та аяққа тұсау шығар. Бәлкім өзін қыз­меті жоғары, табысы көбірек, отбасы жайлы замандастарымен салыстырып, жабығатын болар. Егер адам осы жағдайда осы ойларымен жалғыз қалса, қолы арқанға созылуы мүмкін. Ал егер осы күйзелісте арақты сілтеп жіберсе, өмір қыршын қиылып та кетер. Өйткені 2018 жылы барлық суицид жасағандардың 20 пайызы алкогольді ішімдік қолданған. Алайда мұндай қауіпті қа­дамға азаматтарымыздың бар­лығы өз еркімен бармайды екен. Түрлі жағдайда адамды суицидке итермелейтін кісілер де кездесіп жатады. Олар үшін Қылмыстық кодексте арнайы 105-бап та бар. Егер күдікті осы бап бойынша кінәлі деп танылса, онда 3 жыл­дан 7 жылға дейін бас бостанды­ғынан айырылады. Ал ондай фак­тілер елімізде аз емес. 2014 жы­лы Атырау облысының Иса­тай аудандық ішкі істер бөлі­мінің басшысы Алтынбек Ку­байдуллин қаладағы құрылыс­тың бірінде асылып қалды. Ке­йін қаржы полициясының екі қызметкері оны қызметін асыра пайдаланып тұтқындағаны үшін 105-баппен айыптады. Келер жылы дәл сол Атырау қаласында Антон Марков есімді 23 жастағы жігіт шам бағанасында асылып қалды. Көп уақыт өтпей оны ұс­тап, қинаған Дощанов және Дүйсенов есімді екі полицей алты және бес жылға сотталды. Адамдардың өзіне қол салуына тек погондағылар ғана емес, қара мантия иелері – судьялар да сеп болады екен. Мәселен, 2010 жылы Алматы қаласының тұрғыны Светлана Тұрғанбаева өзін-өзі өртеп жіберді. Оның мұндай қадамға баруына сот орындаушылардың оны үйінен шығару әрекеті себеп болған. Ал мұндай шешімді судья Өмірзақ Серімов шығарған. Прокурорлар кейін оның шешімін заңсыз деп тауып, судья істі болды. Қорыта айтсақ, еліміздің бас психиатры Николай Негайдың пікірінше, суицид – қоғамның психикалық саулығының көр­сеткіші. Нақтырақ айтсақ, ден­саулық дегеніміз – ол физи­ка­лық, психикалық және әлеумет­тік саулық. Өзіне-өзі қол сала бастаған адам көбейген ортада осы үш факторда кемістік бар. Елімізде бұл қауіпті көрсеткішті кемітуге бағытталған жобалар іске қосылды, қаражат бөлінді. Бірақ олар сауалнама жүргізіп, орталық ашып, ролик түсірумен шектеліп келеді. Иә, жалпы көр­сеткіш азайып отыр, бірақ ар­қанға асылатын жандар санынан әлемде алғашқы ондықтамыз. Өкінішке қарай, оларды діннің тыйымы да, туыстың соңынан зарлап қалуы да, басқасы да ұс­тай алмай тұр. Қысқасы, суи­цид – қоғамымызда жиі кездесетін дерт және оны емдеу үшін кешенді зерттеу мен кәсі­би мамандардың жан-жақты қа­дам­дары қажет секілді. Ал қазіргі бір реттік жо­балардың берер нә­тижесі аздау.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА