Иранда билікке қарсы наразылық басталды (видео)

Иранда билікке қарсы наразылық басталды (видео)

Иранда үкіметке қарсы наразылық шаралары болып жатыр, — деп жазады «Настоящее время».

Дереккөздің айтуынша, Тегеранда украиналық Boeing 737-800 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты үкіметке қарсылық шеруі кеше 11 қаңтарда басталған.

Наразылық шаралары Ислам революцисының қорғаушы корпусы (КСИР) жолаушылар лайнеріне оқ жаудырғаны үшін жауапкершілікті толық өзіне алған соң басталды.



Ел астанасындағы бірнеше университеттің алдына мыңдаған адам жиналған. Наразылық танытқандардың көпшілігі студенттер. Олар бастапқыда ұшақ апатынан қаза тапқандарды еске алу үшін жиналған. 

Одан соң адам қарасы көбейген кезде ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды және қызметінен босатуды талап етті. Наразылық білдірушілер Ислам революциясы корпусы мен Иранның рухани көшбасшысы Али Хаменеиді сынап, ұрандатты. Көпшілік «Диктатор кетсін!» деп ұрандатқан.

Fars агенттігі таратқан дерек бойынша, наразылыққа қатысушылар АҚШ-тың соққысынан қаза тапқан генерал Касем Сулейманидің портретін жыртқан.

Полиция жаппай тәртіпсіздікті тоқтату үшін көзді жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болған.

Айта кетейік, 8 қаңтарда Тегеран әуежайы маңында украиналық ұшақ апатқа ұшырады. Төтенше жағдай салдарынан 167 жолаушы мен экипаждың тоғыз мүшесі қаза тапты. Ұшақ бортында Ауғанстан, Германия, Иран, Канада, Украина, Ұлыбритания және Швеция азаматтары болған. Кейін Иран украиналық ұшақты байқаусызда құлатқанын мойындады