Денсаулық кодексі әңгіме өзегіне айналды

Денсаулық кодексі әңгіме өзегіне айналды

Ауыл-аймаққа аттанған әріптестерімен бірге жолға шыққан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алғашқы сапарын Шығыс Қазақстан облысынан бастады. Бұл өңірге биыл 175 жылдығы атап өтілетін, «Адамзаттың кемеңгері» атанған қазақтың бас ақыны Абайдың туған өлкесі ретінде де мән-маңыз берілуде.

Семей қаласында Мәжіліс төрағасы «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­дени жә­не әдеби-мемориалдық мұра­жа­йын­да болды. Ол Абай қазынасы Қазақстан халқының рухани игілігі екеніне тоқтала келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың ұлы ақын шығармаларын кеңінен наси­хаттауға ерекше назар аударып отыр­ғанын қадап айтты.

Мәжіліс төрағасы ел Прези­дентінің «Абай және XXI ғасыр­дағы Қазақстан» ма­қаласында Абай шығармаларын сақтауға және Семейдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына қатысты қойған міндеттердің ма­ңызын түсіндірді. Нұрлан Нығмату­линнің пікірінше, оларды жүзеге асыру әлемдік дә­режедегі тұл­ғаның мерейтойын жоғары дең­­гейде өткізуге, сондай-ақ елі­міз­дің та­рихи-мәдени мұрала­рын одан ары нығайтуға жол ашады.

Осыдан кейін ұйымдас­ты­рылған Нұрлан Зайроллаұлының Семей дәрігерлерімен кезде­суінде Мәжіліс қарауына енгі­зілген жаңа Денсаулық кодексі әңгіме өзегіне айналды. Спикер бұл жоба медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолже­тім­ділігін арттыруға айтарлық­тай үлес қосуы керегін атап өтті. Құжатта аурулардың алдын алу, дәрігерге дейін және дәрігерлік көмек көрсету деңгейін анықтау, сондай-ақ трансплантоло­гиялық жаңа шараларға қатыс­ты көптеген жаңалық қарас­тырылған.

Мәжіліс төрағасы палата қарауына енгі­зілген үкіметтік нұсқаны бүгінде де­путаттар аймақтарға сапары барысында түрлі ортада жан-жақты талқыға салып жатқанын жет­кізді. Не­гізгі жұмыс құра­мына депутат­тар, меморган өкілдері, са­рап­шылар, ҮЕҰ мү­шелері, меди­циналық қызметкерлер кірген жұмыс тобында тиянақты пы­сықталады.

Ал дәрігерлер ғана емес, мек­теп пен балабақша басшы­лары, психологтар мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысқан маз­мұнды жиында транспланто­логия, алдын алу екпелері, скринингтік зерттеулер және басқа да өзекті мәселелер тал­қыланды. Мәжіліс басшысы бұл кодекс жобасы жайында қоры­тынды жасауға әзірге ерте еке­ніне, барлық ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, халыққа қа­жетті, сапалы заң қабылдана­рына сендірді.

Өскемендегі еңбекпен қамту орта­лы­ғында көпбалалы ана­лармен және мекеме қызметкер­лерімен жүздескен Нұрлан Нығ­матулин осы орталыққа келу­шілердің әлеу­меттік ахуалымен, АӘК-тің жаңа түріне құ­жат­тық ресімдеу жайымен және қызмет көр­сету сапасымен танысты. Осы жерде ана­лар түрлі мемле­кеттік қолдау нәтижесінде өздері қол жеткізген жетіс­тіктерін әңгіме етті. Спикер биылдан бас­тап көпбалалы аналарға жаңа мемлекеттік жәрдемақы таға­йын­дал­ғанын еске салды. Оның мөлшері бала санына қарай 42,5 теңгеден 74 мың тең­геге дейін барады. Бұл жәр­дема­қы отбасы кірісіне қарамай, барлық алтын құрсақты аналарға тегіс тө­ленеді.

Н.Нығматулиннің пікірін­ше, Мемлекет басшысы жария­лаған Волонтер жылы жаңа бастамалар уақытына айналмақ. Осы орайда ол Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техни­калық уни­вер­ситетіне ат басын бұрып, об­лыстық жастар және ерік­тілер ұйымдары өкілдерімен кездесті. Спи­кер облыс жаста­рының ту­ған еліміз бен жерімізді өр­кен­детуге белсене арала­са­тынына се­нім білдірді. Мәжіліс басшысы жастарды білімнің жаңа биігін бағындырып, әр­қашан бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуға ша­қырды.


Елдос СЕНБАЙ