Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қадірін білуіміз керек – Жабал Ерғалиев

Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қадірін білуіміз керек – Жабал Ерғалиев

Жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, қадіріне жете білуіміз керек деп Aikyn.kz-ке пікір білдірді.

Қазақстанда 30 жыл ішінде атқарылған әрбір жұмыс, тың бастама – Тәуелсіз елдің ертеңі үшін жасалған маңызды қадам. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындыққа қарамастан, келешекке нық қадам жасағанымыздың жемісін енді көріп жатырмыз. Қазақстанды дербес ел ретінде танытумен қатар, халықтың тұрмысын түзеу, экономиканы дамыту да қажырлы еңбек жемісі. Егемен елдің атын паш етіп қаншама халықаралық жарыстар өткіздік. Азиада ойындары арқылы Қазақстанның да спортта өзіндік орны бар екенін көрсеттік. Қаншама тасада жүрген таланттар танымал болды. Қазақстанды әлем таныды. Спорт арқылы Тәуелсіз елдің даңқы асқақтады. Мемлекеттің қолдауымен қаншама спортшымыз шетелде ел мерейін асырды. Тәуелсіз елдің әрбір жетістігі ­– Қазақстанды әлемге танытудың кілті. Әрине, ел экономиканы қалпына келтіру үшін қиындықты бастан өткердік. Сыңаржақ пікірлерге қарамастан, Сарыарқаның төрінде астана салдық. «Біткен іске сыншы көп». Шынтуайтына келгенде, астананы Алатаудан Арқаға көшіруге табандылықтың арқасында қол жеткіздік. Елдің жаңа астанасын салу үшін аянбай еңбек еткендердің есімі ел жадында. Егемен ел ретінде қала сала алатынымызды дәлелдедік. Елдің болашағы – жастар үшін жаңа орталыққа айналды. Елімізде бейбітшілікті сақтау үшін әртүрлі дін өкілдерінің пікірі әр алуан болса да, ынтымақ пен бірлік жолында біріктіре алдық. Оған дәлел, жыл сайын астанада өтетін дәстүрлі дін өкілдерінің құрылтайы. Ортақ келісімге келе отырып, елдің танышытығын, бейбітшілікті сақтау да – бүгінгі таңда өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтқандай, тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді.

Президент: «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деп атап өтті.

Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістіктерімізбен қатар әрбір құндылықтың қадірін жете түсінуіміз керек. Әр қазақ тәуелсіздікті көзінің қарашығындай сақтауы қажет.