Саннан сапаға: Мемлекеттік қызметшілер саны хақында

Саннан сапаға: Мемлекеттік қызметшілер саны хақында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызмет­керлердің саны 2020 жылдан бастап қысқаратынын мәлімдеген болатын. 15 қаңтар күні Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Ақорда резиденциясында Президенттік жас­тар кадр резервінің мүшелерімен кездесуде атал­ған ­мәселе бойынша сөз қозғады. Мемлекеттік бас­қару жүйесін реформалау қажетін айта келе, Президент «Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің саны біртіндеп қысқарады. Үнемделген ақша олардан гөрі пайдалырақ қыз­мет­кер­лерді материалдық ынталандыруға жұмсалады», – деді. 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлердің санын 25%-ға қысқарту көзделген. 2019 жылдың 1 қаң­та­рын­дағы есеп бойын­ша мемлекеттік қызмет­керлердің штат саны – 98 726. Мемлекеттік қызметкерлер санын қыс­қарту шаралары бұрын да өткен. Алайда одан мемқызмет сапасы жақсарып, саладағы жемқорлықтың азайғанын байқамадық. Осы тұста қоғам қайраткерлері мен саясаттанушының пікірін білуді жөн көрдік.


Әлихан БӘЙМЕНОВ,
Астана мемлекеттік қызмет 
Хабы басқарушы комитет төрағасы:

– Мемлекеттік бюджеттен, яғни халық қаржы­сынан жалақы алатын қызметкерлерді бірнеше санатқа бөліп қарастырсақ болады. Бірінші, ауылдық әкімшіліктерден бастап, Президент Әкімшілігінде жұмыс атқаратын – мемлекеттік қызметшілер. Екінші, бюджеттік саладан қаржыландырылатын – азаматтық қызметшілер. Үшінші, ұлттық компания мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметшілері. Қызметшілердің саны жағынан басым бөлігі жоғарыда аталған екінші және үшінші санаттағылары. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, елімізде бірінші санаттағы мемлекеттік қызметшілер халық санына шаққанда аса көп емес. Қызметшілерді қысқартар кезде бір нәрсені ескерген жөн: ауылдық, аудандық, қалалық деңгейдегі әкімшілік қызметшілерін қысқартудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі халықпен тікелей байланыс орнатып отырған солар. Сәйкесінше, назарды орталық аппараттар мен ұлттық компания, мемлекеттік кәсіпорындарға аударған жөн.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы, әрине құптарлық іс. Мемлекеттік қыз­метшілер мен бюджет есебінен қаржылан­дырылатын басқа да қызметкерлерге келгенде негізгі екі норма бар, ол – сан мен сапа. Бір дерек келтіре кетсек те артық болмайды. Жапонияның 120 млн халқында 60 мың мемлекеттік қызметкер бар. Біздің елдегі 18 миллионнан астам халыққа 100 мыңнан асатын мемлекеттік қызметші бар. Мемлекет басшысы да осы деректерді есепке алып, нұсқап отырса керек. Бір сұрақ – сан қысқарғанымен, сапа өсе ме? Осыдан 5-10 жыл бұрын да бұл мәселе қозғалды. Мемлекеттік қызметшілерді қысқартады, дегенмен айналма жолдар арқылы қысқартудан құтылып кететін мемлекеттік қызметшілер де кездескен. Оның орнына білікті, кәсіби маман, бірақ қолдауы жоқ қызметшілер қысқартуға ұшырауы мүмкін. Мемлекет басшысының бастамасын қолдай отырып, орындалу деңгейіне қатты назар аударса дейміз. Тәжірибелі, білікті қызметшілердің материалдық жағдайын оңалтар болсақ, сапаның жақсара беретініне сенімдіміз.