Алматы жайлы қалаға айналуы тиіс

Алматы жайлы қалаға айналуы тиіс

Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл  туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынды ашқан Қазақстан Президенті ел Тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі табыстары Алматы қаласымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс са­пасын жақсарту баршаға ортақ негізгі міндет саналатынын және аза­мат­­тарды жұмыспен қам­тып, та­бысын арттыру басты назарда болуы қажет екенін еске салды. Президент қаланың ұзақ мер­зімге арналған даму страте­гия­сына сәйкес, Алматы өмір сүруге қолайлы және жалпыға бірдей тең мүмкіндік беретін қалаға айналуы тиіс екеніне тоқталды. Президент 2020 жылдың қо­ры­тындысы бойынша Алма­ты­ның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар екенін атап өтті. Осы орайда, ол ахуал­дың құбылмалы сипатына назар аударып, босаңсуға болмайтынын айтты. Президент бизнесті заңсыз араласудан қорғау мәселесін келесі маңызды міндет деп са­найды. Бұл жерде бақылау-қа­дағалау немесе құқық қорғау қызметі кейпіндегі рейдерлік және бопсалау деректері жайында сөз болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмасы бо­йынша мұндай теріс іс-әрекет­терге қарсы күреске бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы дайындалғанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар Пар­ламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар Президент шетелдік инвестицияларды қор­ғау мәселесіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пі­кірінше, инвесторлардың елі­міздегі бизнестерін жайлы жүр­гізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал етеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажет­тігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алма­ты­ның аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық техно­ло­гия­лар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары­ның және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев оң­түстік астана мен оның төңірегін дамытудың тағы бір маңызды бағыты ретінде туризм саласын атады. Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда Алматыға өзге елден келушілердің саны үш есе артқан, ал 2019 жылы бұл көр­сеткіш 435 мыңға жеткен. Ішкі туризм бойынша да оң өзгерістер бар. Сондай-ақ ол Алматы Mercer компаниясы өткізетін беделді рейтингке қосылған бірден-бір қала екенін атап өтті.