Алматының полиция департаменті 20 электросамокат сатып алмақшы. Ведомствоның хабарлауынша, самокаттағы патрульдер күн жылығанда саябақтар мен скверлерде тәртіпті қадағалайтын болады. Алматы полиция департаментінің Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабында самокаттарға қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз екенін жазған. "Патруль Сайран көлінің, Есентай мен Алматы өзенінің жағасында самокатпен жүреді. Қазіргі уақытта электросамокаттарды сатып алуға жоспарланған ақша сомасы нақтыланып жатыр", - деп делінген ресми жауапта. Айта кетейік, ақпанның басында Алматы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов қала полицейлері электросамокаттарға мінетінін мәлімдеді.