Індетпен күресудің сенімді жолы – вакцина салғызу

Індетпен күресудің сенімді жолы – вакцина салғызу

Мемлекет басшысы елі­міз­­де­гі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі ха­бар­ла­ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайында айтты. Жағ­дай бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Атқарушы органдардың жұ­­­мысына азаматтарымыздың көңі­лі толмайды. – Жалпы алғанда, қазіргі жағ­дайы­мыз жақсы емес. Тіпті, ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп ке­леді. Мұны Қазақстан ғана емес, көп­теген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның не­гізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр, – деді Президент. Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті. Елімізде 47 мыңдай адам ғана иммунитет қалыптастырудың толық курсынан өтті. 137 346 адам бірінші компонентті енді ектірген. Жағдайдың бұлай болу  себебі – вакцинаның жетіспеушілігі. – Вакцина сатып алу үшін ал­дын ала келісімшарт жасау жөнінде былтырғы маусым айынан бері бірнеше рет тапсырма бердім. Осы уақытқа дейін Үкімет Спутник V вакцинасы мен отандық екпе өндірісі бойынша уағдаластықтар еліміздегі вакцинацияны толық қамтиды деп сендіріп келді. Осы ақпараттың негізінде Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына арнаған Үндеуімде 1 ақпаннан бас­тап жаппай вакцина салынатынын айттым. Өткен екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілген. Маған енді өзге мемлекеттердің басшыларымен қосымша вакцина алу жөнінде келісім жасауға тура келеді. Бұдан бөлек, біз тапсырысты жедел жеткізу үшін коммерциялық және қар­жылық тұрғыдан тиімсіз шарттарға келісуге мәжбүр боламыз, – деді вакцина сатып алу барысын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаев. Вакцина сатып алу проблемасынан бөлек, оны жеткізу, сақтау, ті­ке­лей екпе салу мәселесі де ше­шілген жоқ. – Вакцинация ісін созбалаңға салу – жәй ғана проблема емес, мем­лекеттік маңызы бар міндет. Әңгіме еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты болып отыр. Сондықтан бұл жұмыс төңірегіндегі бақылау өте қатал болуы керек. Алек­сей Владимирович, дәл осы уақыт аралығында Денсаулық сақ­тау министрі Үкіметтегі ең негізгі тұ­л­ға екенін бұған дейін сізге айт­қан болатынмын. Сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Жұмысыңызды тәп-тәуір бастап едіңіз. Бірақ кейін қарқыныңыз айтарлықтай бә­сең­деп қалды. Сәуір айында жағ­дай­ды күрт өзгертуіңіз керек. Өйт­пе­ген жағдайда кадрлық ше­шім­дер қабылданады. Ал оған сіз қуана қоясыз деп ойламаймын. Бұл тек Денсаулық сақтау министріне ғана емес, тұтас Үкіметке қатысты мәселе, – деді Мемлекет басшысы. Тұрғындардың індетке қарсы им­мунитетін көтеру жұмысы тиім­ді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүруі керек. Осы маңыз­ды жұмысқа кәсіби мамандарды, жаппай екпе салуды қол­дай­тын белсенді азаматтарды тарт­қан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта отандық бизнестің ұстанымы өте маңызды деп санайды. – Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қор­­ғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің пікірінше, бір жыл­дық пандемия кезінде жина­ған тәжірибе мен қолдағы құ­рал-жабдықтардың арқасында қазіргі қалыптасқан жағдайдан шектеу шараларын қатаңдатпай, экономикаға аса көп салмақ салмай шы­ға аламыз. – Алайда негізгі жұмыс әртүрлі секторлардың қызметін шектеп, мониторингтік топтардың рейдтері мен айыппұл салуға бағытталып отыр. Шектеу шаралары мен рейдтер біз күткен нәтижеге жеткізіп отырған жоқ. Қайта әлеуметтік наразылыққа себеп болып тұр. Тексеру топтары өз жұмыстарын ала­лап, күмәнді жағдайда атқаратыны айтылады. Кей нысандар тек­серуден көз ашпаса, ал кейбірінде тексеру мүлде болмайды екен, – деді Президент. Президенттің пікірінше, про­ку­ратураның жанынан рейд барысында болатын заңбұзушылық фак­тілері бойынша шағымдарды қабылдайтын call-орталық ашу керек. Өткен жылы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы бірқатар бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Сонымен қатар бизнестің кей­бір түрлері әлі де карантинге бай­ланысты шектеуде қалып отыр. – Үкімет келесі мәселелерді же­дел пысықтауы керек. Бірінші, зар­дап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес нысандары үшін са­лықтың жекелеген түрлерін жә­не төлемдердің мерзімін шегеру. Екінші, салық және кеден қарыз­дарын мәжбүрлеп өтеуді уақытша тоқтату. Аталған шаралар жаппай вакцина салу басталғанға және шектеулердің басым бөлігі тоқтатылғанға дейін жалғасуы тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің несиелері бойынша төлемдерді шегеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Үкімет жаппай вакцина салу арқылы пандемия жағдайын сәуір айында жақсарта алса, мамырдың басынан бастап шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға бо­лады. Көп нәрсе тұрғындарға, соның ішінде, шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін азаматтарға вакцина салудың қаншалықты сәтті өтетініне бай­ла­ныс­ты болмақ. Президент жиын соңында Қа­зақ­стан халқын вакцина салу мә­селесіне жауапкершілікпен қарап, түрлі қауесеттерге сенбеуге шақыр­ды. Барша қазақстандықтың ден­саулығы және материалдық игі­лігі жаппай вакцина салдырудың сәтті өтуіне байланысты болмақ.