«Түркістан декларациясы» интеграцияға жаңа серпін береді

«Түркістан декларациясы» интеграцияға жаңа серпін береді

Сәрсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ұйымдастырылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Қазақстан басшысы модератор болған, Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төра­ғасы Нұрсұлтан Назарбаев пен кеңеске мүше, бақылаушы елдердің басшылары қа­тысқан жиынның түркітілдес мемлекеттер интергациясын жаңа белеске көтерген жайы бар. Өйткені жиында Кеңестің түптің түбінде ұйымға айналары белгілі болды. Ол жайлы баяндама жасаған тұлғалар да айтты, қабылданған Түркістан декларациясында да атап көрсетілді.

Түркістанда өтпегенмен, көне қала атауы берілген жиын

Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты. Басқосуды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік», – деді. Ал Кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев басқосуға «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтетінін айта келе, көне шаһардың гүлденіп, түбегейлі өзгеріп келе жатқанын атап өтті. Әрі іс-шараға қатысушыларды коронавирус пандемиясына байланысты ахуал түзелгеннен кейін Түркістанға келуге шақырды. Сонымен бірге Елбасы өз ұсынысымен әзірленген «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатының маңыз­ды екенін тілге тиек етті. «Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін. Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңыз­ға алғысымды білдіремін», – деді Елбасы. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Біздің мақ­са­тымыз – түркі әлемін XXI ғасыр­да маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастау­ға шақырамыз», – деді. Дегенмен бейресми саммиттің негізгі месседжі Кеңесті ұйымға айналдыру екені айқындала түсті. Әрі бейрес­ми саммитте қабылданған «Түр­кістан декларациясында» ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «Түркі кеңесінің 2020-2025 стратегиясының» жобалары әзірленгені де айтылған еді. Осылайша, түркі интеграциясының жаңа дәуірі басталған жайы бар.

Тұран әскері емес, «Тұран дәлізі» маңызды

Негізі, «Түркістан – Түркі әле­­мінің рухани астанасы» деген атаумен өткен басқосу сырт көз үшін мәдени-гуманитарлық, ру­­­­­­ха­ни сипаты бар жиын тәрізді кө­­рінуі мүмкін. Алайда Түркі кеңесінің бейресми саммитінде бауырлас елдердің экономикалық байла­­­­­­ныс­тарын нығайту, қаржы инс­­­­титу­ттарын, көлік-тран­­­зит саласын же­тілдіру, су ресурс­­­тарын тиімді пайдалану, білім беру ісінде ын­тымақтастықты жетілдіру тә­різді маңызды бағыттар сөз бол­­­­ды. Ко­­ро­­­навирус пандемия­­­­­сының бауыр­лас елдердің сауда-саттығына ти­гізіп жатқан кері әсеріне қара­­мастан, байланыстарды нығайта түсу жағына назар аударылды. Ай­талық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 мил­­­­­лиард доллар болғанын, бұл пан­­­­демияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен екенін атап өтті. – Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты мін­­­­деттің бірі. Осы орайда тоғыз жол­­­дың торабында орналасқан Түр­­­­кістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүм­­­кіндігі зор. Оның қомақты табиғи ре­­­сур­­­сын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңі­­­рінде түркі елдерінің бірлескен «Ар­­­­­найы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, – деді Мемлекет бас­­­­­­шысы. Өзбекстан президенті Шав­­­­­­­кат Мирзиёев болса, түркітілдес мем­­­­­лекеттердің Даму банкін құру қажет дегенді алға тартты. Ал Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаев бауыр­­­­лас елдердің транзиттік әлеуетіне айрықша тоқталды. «Баку мен Ере­­­­­ван арасындағы бейбіт келі­­­­сімдер Ұлы Жібек жолын қайта тү­летіп, Каспий теңізінің рөлін арттырады. Бұл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының артықшылығын елдеріміздің тиімді пайдалануы үшін жаңа мүм­­­­кін­­­­­­діктерге жол ашады. Транс­­каспий халықаралық көлік дәлізі («Тұран дәлізі») Еуропа мен Азияны жал­­­­ғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолына айналып келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Кеңестің Құрметті төрағасы Тұран атауын жаңғыртып, қо­ғамдағы осынау атауға қатысты туындап жататын пікірлерді назарда ұс­­­­тайтынын байқатты. Бірақ әлеу­­­меттік желілердегі белсенділер күт­­­­­кендей, Тұран әскері немесе ода­ғы жайлы әңгіме болған жоқ. Тек Каспий теңізі арқылы алдымен Анадолыға, содан соң Еуропаға жүк тасымалдауға мүмкіндік бе­­­ретін көлік дәлізіне көне атау бе­­­рілуі мүмкін екенін тұспалдады. Өз кезегінде Әзербайжан пре­зиденті Илхам Әлиев Таулы Қарабақтағы соғыстан кейін өңірді қалпына келтірудің маңызына тоқталды. Әрі 30 жыл өзгенің оккупациясында болған аймақтың қатты бүлінгенін айтты. Демек, «Тұран дәлізі» жо­­­­басын жүзеге асыру үшін Таулы Қа­­­­­­рабақты қалпына келтіру басты мақсат екені айтпаса да түсінікті болып тұр. Бұл позицияны Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған да қолдап отыр. Түрік басшысы со­нымен бірге Түрікменстанның да Кеңеске мүше болғанын қа­­лай­тынын айтты. Егер Түрік­­­мен­­­стан Кеңеске мүше болуға ниет танытса, Елбасы айтқан «Тұран дәлізін» құру мүмкіндігі артар еді.

 «Алыптар айқасында» бейтарап қалу да маңызды

Түркі кеңесі мемлекет бас­­­­­шыларының бейресми саммитінде тағы бір ерекше ой айтылды. Ел­­­­басы Н.Назарбаев күллі адамзат алдында тұрған жаңа сын-қа­­­­тер­­­­­лерге назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің көшбасшыларын қазіргі күрделі халықаралық ахуалға орай Ва­­­­­­шингтон, Мәскеу, Бейжің және Брю­­ссель арасында ауқымды келіс­сөздер процесін бастау жө­ніндегі өзінің ұсынысын қолдауға ша­­­қырды. «Аталған төрт тарап адам­­заттың болашағы, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін өздеріне жүктелген ерекше жауап­­кершіліктің салмақты екенін толық сезінеді деп сенемін. Түр­кітілдес мемлекеттердің басшылары мені қолдайтынына және бұл мәселе бойынша байыпты пікір білді­­­­ретініне сенімдімін. Біздің ортақ көзқарас-пікіріміз алпауыт мем­лекеттердің астаналарына жетеді деп үміттенемін», – деді Қазақ­станның Тұңғыш Президенті. Сөй­тіп, Кеңестің Құрметті Тө­рағасы түркі әлемі елдерінің су­пердер­жавалар арасындағы теке­тірестен зиян шекпеуінің маңызды екенін тұспалдады. Рас, бір-бірін ай­тып­тап жүрген державаларға ара­ағайындық танытқан жақсы. Де­ген­мен АҚШ пен ЕО, Ресей мен Қытайды «қатты кетіспеуге» ша­­қыру арқылы Кеңеске мүше мем­лекеттер өз экономикасын да қо­л­­дауды көздейтін сияқты. Өйт­кені «санкциялар соғысы» күшейсе, түркі елдерінің технология тран­­­сфертінен бастап, сауда-саттығына дейін зардап шегуі мүмкін. Себебі Кеңеске мүше елдердің барлығы супердержавалардың ықпал ай­­мағында жатыр. Әзірге түркілердің «ноқта үзіп» кетуге қауқары жоқ. Оның үстіне, түркі интеграциясын аман-есен жетілдіріп, ын­­­­­­ты­­­­­­мақ­­­тастықты күшейту үшін гео­­­­­­­саяси ойындардан аулақ болуға тырыспақ керек. Бәлкім, содан да болар, Елбасы бауырларын өз ұсынысын қолдауға шақырды.

Нақты ұсыныстар – дамудың кепілі

Кеңесте Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ау­қымды деректерді талдау, цифр­­­­ландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Бұл ретте Қа­зақстан электронды үкімет, банк және қаржы жүйесіндегі озық тех­­нологиялар мен цифрлық ше­­­­­шім­дер төңірегіндегі тәжіри­­­бе­сімен бөлісуге әзір екенін айтты. Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету – өте өзекті мәселе. Бұл түркітілдес мем­­­­­­­лекет­терге ортақ алғашқы қаржы инс­титуты болмақ. «Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысық­­таған соң оның штаб-пәтерін «Астана» ха­лықаралық қаржы ор­­­талығында орналастыруды ұсы­­намын. «Ас­тана» қаржы орталы­ғы – халық­аралық деңгейдегі қар­жы инсти­туттарының үздік тәжі­рибесі мен заманауи мүм­кін­діктерін бірік­тірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең кө­­лемде ин­вестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым бол­мақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Қазақстан тарапы «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру туралы ұсыныс айтты. Қор уни­­­­верситеттер арасында ака­­­демиялық ұтқырлық, тағылым­дамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Мемлекет басшы­сы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы ха­лық­­­аралық қа­­зақ-түрік универ­­­ситетінде бака­­­лавриат бағдарла­­масы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын бола­ды. Осылайша, сам­­митте ин­­теграцияның мәдени-гумани­тарлық сипаты да назардан тыс қалған жоқ. Ал Түркістан декла­рациясына Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мә­­дениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мем­­­­лекет қайрат­керлеріне Жүсіп Ба­­ласағұнның 1005 жылдық, Низами Гянджеуидің 880 жылдық, Юнус Емре мен түрік тілінің жылы, Әлі­шер Науаидің 580 жылдық, Жам­­­­­был Жабаевтың 175 жылдық, Әли­хан Бөкейханның 155 жылдық және Хусейн Карасаевтың 120 жылдық мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынты­мақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өт­кізуге тап­сырма берілгені жайлы бөлім ен­гізілді. Демек, түркілер бір-бірінің ұлы тұлғаларын жақын­нан тануды жалғастыра бермек. Ал атақты ақын және мемлекет қай­­­раткері Әлішер Науаидің 580 жылдық мерейтойының кеңінен атап өті­луімен байланыстыра оты­рып, Түркі кеңесі аясында Әлі­­­­шер Науаи халықаралық сыйлығын та­ғайын­дауға келісуі түркілер ара­сында айрықша марапат та­­­ғайын­далуы мүмкін екенін бай­­­­­­қатады. Бәлкім, саясат, экономика, мәде­­ниет, әдебиет салаларында жеке-жеке тұл­­­ғалардың аты беріл­­­­ген сый­лық та­­­­ғайындалуы да ғажап емес. Бірақ ол – болашақтың ісі.

Амангелді ҚҰРМЕТ