Санкция дегені көзбояу ма?

Санкция дегені көзбояу ма?

АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден Ресейге қаһарын төгіп жатыр деседі. Биылғы наурыздың ортасында ол Эй-би-сиге сұхбаты кезінде жүргізушінің «Путинді кісі өлтіруші деп санайсыз ба?» деген сұрағына «Иә!» деп нық жауап беріп, әлемді селк еткізді. Сондай-ақ АҚШ сайлауына қол сұғуға талаптанғаны үшін Ресейдің жауап беруіне тура келетінін қатаң ескертті. Ізінше Ресейге қарсы қатал санкция жариялады.

ABC телеарнасындағы атышулы сұх­баттан кейін көптеген сарапшыға, былай­ғы жұртқа Америка Құрама Штаттары мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынас деңгейі «қырғи-қабақ соғыс» заманындағы құрдымға қайта оралғандай көрінген. Шынында, жаһандық саясат сонша қарапайым болмайды. Соның куәсіндей, Джо Байденнің өзі 13 сәуірде Владимир Путинге телефон соғып, АҚШ-та емес, үшінші бір елде кездесіп, «екі­жақ­ты саммит» өткізуді ұсынды. Ақ үйден жет­кен бұл хабар үлкен таңданыс туғызды. «Егер оны кісі өлтіруші санайды екенсіз, онда неге «кісі өлтірушіге» өзіңіз қоңырау шалып, кездесуге шақырасыз? Оның қо­лын қысудан арланбайсыз ба?» деп айран-асыр болды америкалық тележүргізушілер. «Президент Байден Ресеймен арада АҚШ мүдделеріне сәйкес, тұрақты және болжамды қатынастарды жолға қоюды мақсат тұтады», – деп жауап қайырды Ақ үй. Сонда жаңа қатаң санкциялар енгізу, яғни Ресейді қатал жазалау бұл мақсатқа қалай сәйкес келеді? Мамандардың түсіндіруінше, Байден санкциялары базбір сарапшылар айтып жүргендей, тіпті де қатал емес. Қайта, «күткендегіден әлдеқайда жұмсақ болып шықты». The Financial Times инвесторлар мен аналитиктер арасында сұрау сала келе, осындай байламға келді. «Қауіптер ақталмады. Санкция деген аттың өзі жағымсыз, әрине. Бірақ бұл жолы енгізілген санкциялар Ресей эко­номикасын есеңгіретпек түгіл, оған соққы беруге қабілетсіз», – дейді Aberdeen Standard Investments инвестициялық дирек­торы Виктор Сабо. Мысалы, Байденнің ең ірі санкциясы бойынша америкалық компанияларға РФ мемлекеттік қарызын тікелей сатып алуға тыйым салынды. Бірақ дамыған елдерге қарағанда табысының жоғары болуына байланысты ресейлік мемлекеттік обли­гация­ларға деген сұраныс өзге елдердің инвесторлары тарапынан онсыз да жоғары: мысалы, РФ мемлекеттік құнды қаға­зы бойынша кепілдендірілген сыйақы 1 жылда – 5,14%, 7 жылда – 7%. Ал АҚШ-тың мем­лекеттік құнды қағазы бойынша сыйақы 1 жыл­да – 0,063%, 7 жылда бар-жоғы 1,2% болады. Айтпақшы, санкциялар тек 14 маусым­да күшіне енбек. Қаржыгерлердің түсін­діруінше, содан кейін де көңілі қалаған кез келген инвестор, соның ішінде америка­лықтар тікелей емес, «қайталама нарықта» ресейлік мемлекеттік қарызды (обли­гацияны) сатып ала алады.

Сонда санкциядан не қалды?

Джо Байден Мәскеуге қарсы жаңа сан­кция­лар енгізу туралы жарлыққа 15 сәуірде қол қойған болатын. Бұған «Мәскеудің зиянкес сыртқы қызметі» себепкер екені атап көрсетілді. Өйткені «Ресей АҚШ-тағы президент сайлауына араласқан, америкалық ведомстволарға кибершабуыл жасаған, әрі Украинаның оң­түстік-шығысына әскери қауіп төндіруде». Бұл ретте ресейлік 16 заңды және 16 жеке тұлғаға қарсы санкция енгізілді. Вашингтон сондай-ақ ресейлік 10 дипло­матты елден қуатынын жариялады. Биылғы 14 маусымнан кейін америкалық компания­ларға РФ Орталық банкі, Қаржы министр­лігі және Ұлттық әл-ауқат қоры (ФНБ) шығарған қарыздық міндеттемелер бойын­ша құнды қағаздарды тікелей сатып алуға тыйым салынды. Вашингтонды әжуа еткендей, РФ Қар­жы министрлігі америкалық шектеулер  енгізілгенге (14 маусымға) дейін АҚШ-тағы инвесторлар үшін «федералдық заем облигацияларын» орналастыру бойынша қосымша аукцион өткізіп үлгеретінін мәлімдеді. Қарапайым тілмен түсіндірсек, кейде бюджетінде тапшылық туындап, ақшаға мұқтаж болғанда, мемлекеттер ірі және жеке инвесторлардан қарыз алады. Осы мақсатта уәкілетті мемұйымдардың бірі арнайы қарыз қағаздарын нарыққа шығарып сатады. Яғни, облигация дегені – эмитент, мына жағдайда мемлекет инвестордан қанша ақша алғаны және қанша пайызбен қанша уақыттан кейін қанша сомада қайтаратыны көрсетілген қолхат. Айтпақшы, мамандар Ресей мем­қарызы қағаздарын алуды шектеуді сонау 2014 жылы ұсыныпты: сонда солтүстік көрші Украинадан Қырымды тартып алға­ны үшін алғаш рет санкциялық соққының астында қалған-тын. Демек, бұл – «балғын» емес, «сүрленген» санкциялық құрал. Ақ үй оны пайдаланып та көрді: Дональд Трамп тұсында, 2019 жылдың тамызынан бері америкалық инвесторларға Ресейдің еврооблигацияларын (еурода шыға­рыла­тын мемлекеттік құнды қағаздарын) бас­тапқы орналастыру кезінде иеленуге ты­йым салынды. Енді 14 маусымнан бастап, рубльде шығарылған облигация­лардың бастапқы орналастырылуы да санкцияға ілігіп отыр.

Санкция қатал болуы ықтимал еді

15 сәуірде Ақ үйдің мәлімдемесін есті­ген Мәскеу жеңіл күрсінді. Себебі санкция аса тегеурінді болады деп күтілген. Мәсе­лен, Вашингтон тым қатал қадамға барып, америкалық барлық инвесторға Ресей мем­қарызына қатысты кез келген опе­рация жасауға толық тыйым салуы мүмкін еді. Мұндай жағдайда америкалық алпауыт инвесторлар – қаржы және инвест­ком­пания­лар, миллиардерлер, банктер және басқасы қолдарындағы ресейлік мемле­кеттік құнды қағаздардан жаппай арыла бастайтын еді. Бұл нарықта дүрбелең туғызып, РФ құнды қағаздарының құ­нын жоққа теңестіріп, ақыр соңында Ресей экономикасының күрт құлдырауына соқ­ты­ратын. Дәл осындай ауыр санкцияны АҚШ 2018 жылдан бері Иранға қарсы қол­дануда. Бұл Иранның дамуына біраз ке­дергі келтіруде. Алайда Джо Байден бұл қатал жолды таңдамады. Ол тіпті Ресейдің жаңа обли­гация­ларын қайталама нарықтан сатып алуға да тосқауыл қоймады. Санкциялар топтамасы әзірленіп жатқаны туралы хабар шыққанда Кремль «АҚШ Ресейді Visa, MasterCard, тіпті SWIFT-тен (банкаралық деректер алмасу­дың әлемдік жүйесінен) ағытып тас­тауы мүмкін» деген қаупін жариялады және соған дайындық шаралары қабыл­данып жатқанын қоса жеткізді. Мұны ақпарат құралдарына РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлім еткен. Ол да болмады. 2012 жылы Иран, бес жылдан кейін Солтүстік Корея SWIFT халықаралық банкаралық жүйеден шығарып тасталды. Бұл елдер әлемнен оқшауланып қалғанын сонда шын сезінді. Салдарынан Пхеньян халық­аралық саудада криптоактивтерге көшті, ал Теһран осы мақсатта алтынды пайдалана бастады, яғни амалсыз бартерге ден қойды. SWIFT көмегімен әлемдегі барлық дерлік банк өзара ақпарат алмасады, клиенттерінің ақшаларын бір-біріне жыл­жы­тып, есептесулерді жүзеге асырады. Мы­салы кез келген банк қорғалған арна­лар арқылы дүниежүзінің басқа еліндегі «әріптесіне» төлемді, транзакцияны жүргізе алады және бұған жарты күнін ғана жұмсайды. Бұрын бірнеше күн кететін. Бүгінде SWIFT жүйесіне 200-ден астам елдегі 11 мыңнан астам ірі кредиттік-қар­жы­­лық ұйым қосылған. Егер қандай да бір мемлекет өзгеге тауар не шикізат сатса, ол үшін есеп айырысуға осы жүйе тартылады. Санкциялардың жұмсақ болып шық­қа­нын қор нарығы да айқын сезді. Санк­ция жарияланған күні Ресей рублі «ома­қаса» құлауы тиіс болатын. Олай болмады: 15 сәуірде мардымсыз, 0,6% төмен­дегенімен, ертесіне долларға қарағандай керісінше, нығайды. Әйткенмен Джо Байденнің алғашқы «жұмсақ» қадамы ешкімді де масайратпауы керек. АҚШ-тың қазіргі көшбасшысы қарсыласын жұлмалауға жандәрмен ұмтылатын «қырғи» емесін, дипломатияға жақын екенін паш етті. Ол санкцияны сұрап, ынтыққандардың да «құмарын» қандырды, сонымен бірге Ресейге де «қастасуға емес, достасуға» даяр екені жөнінде белгі берді. Алайда егер Ресей Украинаға баса-көк­тей енсе, келесі санкциялардың «екпіні мен тепкіні» әлдеқайда қуатты болары сөз­сіз.

Айхан ШӘРІП