Ұлттық домбыра күні: 30 күйші Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап күй тартады

Ұлттық домбыра күні: 30 күйші Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап күй тартады

Домбыра күнін мереке ретінде атап өту туралы шешім Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылы қабылданды.

Басты мақсат – ұлттық мәдениет пен қазақтың көне тарихи ұлттық музыкалық аспабы – домбыраны сақтау, халық әні мен күйді насихаттау. Мерекеге орай астанадағы ЕХРО орталығында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты мерекелік концерт өтіп жатыр. Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрі, Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» этнофольклорлық оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық филармониясының халық аспаптарынан құралған жиынтық оркестр мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар өнер көрсетеді.

Ұлттық домбыра күнінде астанаға арнайы еліміздің 17 өңірінен келген Тәуелсіздік құрдастарынан құралған 30 домбырашы Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығына күйден шашу шашады.

Домбыра күніне орай ЕХРО орталығында күй мектептерінің көрнекті тұлғаларының күйлерін ұялы телефонмен QR-код арқылы жүктеп алып тыңдауға болады. ЕХРО орталығындағы концертте Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Батыржан Мықтыбаев, Нұркен Әшіровтер дәулескер күйші бабаларымыз Құрманғазы, Қазанғаптан бастап Қазақстан композиторларының күйін орындайды. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Елмұра Жаңаберген, Ардақ Балажанова, Ерлан Рысқалилар ән шырқайды.

Сонымен қатар концертте жас өнерпаздар да өнер көрсетеді. Өңірлерден келген домбыра жасайтын шеберлерге Мәдениет және спорт министрлігі атынан алғысхат пен мерекелік кәдесый табыс етілмек.