Жамбылда ауыл әкімдерінің жартысынан көбі жаңарды

Жамбылда ауыл әкімдерінің жартысынан көбі жаңарды

Бұл жайында   «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов баян етті.

Оның сөзіне сүйенсек, 38 сайлау округі бойынша 111 кандидат үміткер болып түскен екен. 104391 адам сайлаушы ретінде тіркелсе, оның 94646-сы дауыс берген. – 89 сайлау учаскесінде 651 байқаушы сайлау барысын бақылады. Дауыс беру барысында ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ. Nur Otan партиясының атынан 31 үміткер ауылдық округ әкімі қызметіне өтсе, «Ауыл», «Ақ жол», «ADAL» және «Қазақстан халық партиясынан» бір-бір кандидаттан әкімдік лауазымына ие болды. Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 3 үміткер халықтың көп даусын жинады. Сайланған 38 әкімнің 3-еуі әйел. Олар Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округі, Жамбыл ауданы Ақбастау ауылдық округі және Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округіне әкім болды. Ең жас 28 жастағы әкім Т.Рысқұлов ауданы   Жаңатұрмыс ауылдық округінен сайланды. Ең жасы егде тартқан 60 жастағы әкім Жамбыл ауданы Жамбыл ауылына әкім болып барды. Барлық әкімдер 1-2 күнде жұмыстарына кіріседі. Әкімдік өкілеттіліктері - 4 жыл. Оларға 57 тармақтан тұратын міндеттеме жүктеліп отыр, – деді Сайлау комиссиясының төрағасы. Осы тұста ерекше атап кетерлігі, сайланған 38 әкімнің 13-і бұрынғы әкімдер. Осылайша бұл сайлау науқаны әулиеаталық ауыл әкімдерінің жартысынан көбін жаңартып отыр.

Саятхан САТЫЛҒАН, 

Жамбыл облысы