Өңір жетістіктерімен танысты

Өңір жетістіктерімен танысты

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола  облысының орталығы Көкшетау қаласына  жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Президент бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті. Бұл туралы  Ақор­даның баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің Ақмола облы­сы­на жұмыс сапары VECTOR410KZ және ACROS астық жинау комбайндарын құрастыратын KazRost Engineering Ltd. кәсіп­орнының жұмысымен танысудан басталды. Компания директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, был­тыр 29,5 миллиард теңгеге 504 ком­байн шығарылған. Мемлекет басшысы компанияның шығарып жатқан өнімі Қазақстанның сол­түстік өңіріндегі тың жерлер үшін маңызды екенін атап өтті. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының жаңа­дан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті. – Шын мәнінде, ел тарихында осындай сайлау алғаш рет ашық әрі әділ өткізіліп отыр. Халық тара­пынан ешқандай шағым түспеді. Мұндай сайлау болған емес. Біз сайлауды біреуге ұнау үшін емес, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін өткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Көкшетау қаласындағы Bolashaq saraiy ғимаратында Мемлекет басшысы көрме залы, 3D жобалау лабораториясы, киберқауіпсіздік, Lego Mindstorms, өнеркәсіптік интернет заттары, электроника және жаңартылған энергия көз­дері кабинеттерімен танысты. Балалар Көкшетаудағы 1 172 орындық сарайда ғылыми-зият­керлік, шығармашылық және спорт бағыттары бойынша жұмыс істейтін 76 үйірмеден қосымша білім алады. Президент сарайдағы шәкірттермен онлайн режимде сөйлесіп, олардың оқуына табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы қазіргі COVID-19 індетіне қатысты ахуалмен және өңірдегі денсаулық сақтау қыз­метінің жағдайымен танысты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісік ауруының белгілері бар және осы дерт бо­йын­ша есепте тұрған науқас адам­дарға консультативті-диаг­нос­ти­калық көмек көрсетуге мамандан­дырылған онкология­лық емха­наны аралап көрді. Президент денсаулық сақтау саласының мамандарына қажыр­лы еңбегі үшін ризашылығын білдірді. – Медицина қызметкерлерінің жұмысына, әсіресе пандемия ке­зеңінде салмақ түсіп отыр. Еңбек демалысына да бармай, сенбі-жексенбі күндері де дамыл көрмей жұмыс істеп жүргені үшін медици­на қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Дәрігерлерге өте қиын, бірақ біз оларды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан соң Мемлекет басшысы John Deer маркалы ауыл шаруа­шылығы техникаларының барлық түріне қызмет көрсететін ТМД-дағы ең ірі сервис орталығының жұмысымен танысты.