Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентімен кездесті

Кездесу барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстанда атқарған жұмыстарының нәтижелері мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басымдықтары талқыланды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Одиль Рено-Бассоға ілтипат білдіріп, ақпан айында онлайн режимде өткізген кездесуде өзара жемісті әңгіме өрбіткенін, алайда оның Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде ой-пікір алмасуға мүмкіндік беретін бетпе-бет жүздесудей болмайтынын атап өтті.

– Еуропалық қайта құру және даму банкі – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Ынтымақтастық орнатқан уақыттан бері сіздің банк біздің экономикамызға 8 миллиард евродан астам инвестиция салып, 300-ге жуық жоба жүзеге асырылды. Жалпы банктің әртүрлі салаларды, әсіресе жаңартылатын қуат көздері секторын белсенді қаржыландырғанын білеміз. Жаңартылатын қуат көздері саласындағы ынтымақтастықты жалғастырамыз деп сенеміз, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені бағытындағы жобаларды да жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар кездесуде коронавирус пандемиясы, қаржы және тауар нарығындағы тұрақсыздық сияқты проблемаларды қамтитын әлемдік экономиканың дамуына қатысты ауқымды мәселелер қарастырылды.

ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо әлемдік экономиканың дамуы мен Қазақстандағы экономикалық өсім туралы өз болжамымен бөлісті.