Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Өз басым Бейсен бауырымыздың осы өмірде қалдырған еңбегі еленіп қоймай, осындай байқау арқылы жаңғырып жатқанына қуаныштымын. Байқауға қатысушылардың дені жастар болды. Расы керек, жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Барлығы 100 өтініш келіп түсті. Бейсеннің бағдарлама жүргізгенде өзіндік принциптері болды. Оның сөйлеу мақамы, өзін ұстауы, журналистік этикасы тұтас бір дүние. Бейсен негізінен әлеуметтік бағдарламаларды жүргізгеннен ол халыққа жақын болды, қайырымдылықпен айналысты. Байқау барысында аймақтағы тілшілерге мән беріп, қолдау көрсетуге тырыстық», – деді тележурналист Арман Сқабылұлы.

Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары: І орын Jetisy телеарнасының редакторы Сәния Байтарова. ІІ орын Aqtobe телеарнасының редакторы Ерлан Мұқанов. ІІІ орын Qazsport телеарнасының редакторы Индира Бектенова.

«Бейсен ағамыздың бейнесі есімізде мәңгі қалары сөзсіз. Талдықорғандағы ағамыздың кабинетінде үлкен портреті тұр, біз соған қарап ағамыз әлі ортамызда жүргендей сезінеміз. Кейде қарап, көзімізге жас аламыз, бір қарағанда ағам маған жол көрсетіп тұрғандай көрінеді. Бейсен ағамыз басқарған Жетісу телеарнасының ұжымы өте ұйымшыл болды. Жеңімпаз атану мен үшін үлкен құрмет. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Жеңіс жалғыз менікі емес, бәрімізге ортақ деп есептеймін», – деді байқау жеңімпазы Сәния Байтарова.   Аталған байқау жеңімпаздары дәстүрлі Astana Media Week – 2021 медиа апталығының ашылу салтанатында марапатталды. Айта кетейік, бүгін басталған AMW — 2021 барысында халықаралық медиақауымдастық мүшелері ақпараттық күн тәртібінің өзекті мәселелерін көтереді.  

Іс-шараға әлемдік БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік аппарат өкілдері, танымал журналистер, документалистер және АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан блогерлері қатысып жатыр.