Қызды суицидтен құтқарған полицейлер марапатталды

Қызды суицидтен құтқарған полицейлер марапатталды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызды суицидтен құтқарып қалған Нұр-Cұлтан қаласының полицейлерін марапаттады. Ішкі істер министрі патрульдік полиция полкі взводының командирі Алмаз Құлтановқа, полк қызметінің инспекторлары Асылхан Нұрмұхамбетов пен Нұрсұлтан Сариевке жедел әрекеті үшін жеке алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады, – деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Күн сайын бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарады. Оларды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғайды және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Біздің қатарымызға кірген әрбір адам полиция қызметі жанқиярлықты, батылдықты және адамдар үшін өмір мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді»,– деді ІІМ басшысы.
Сыни жағдайларда полиция қызметкерлері бірнеше секунд ішінде жауапты шешімдер қабылдауға мәжбүр, кейде мұндай шешімдер адамның тағдырын шешіп жатады.
 «Тек кәсібилікпен және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау, әр адамның проблемаларына назар аудару арқылы ғана сенімге қол жеткізуге болады. Сіз және сіздің әріптестеріңіз алдағы уақытта да өз қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенімдімін», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
3 қазан күні елордалық полицей Алмаз Құлтанов Қабанбай батыр даңғылындағы көпірден секірген қызды жағаға алып шыққан еді.