Nur Otan: жыр додасында жүзден жүйріктер дара шықты

Nur Otan: жыр додасында жүзден жүйріктер дара шықты

Тәуелсіздіктің  30 жылдығына орай  Nur Otan  партиясының қолдауымен облыс әкімдігі Білім басқармасының  ұйымдастыруымен  «Тұлпар мініп, ту алған» атты Едіге батыр туралы жырды жатқа айтудан байқау өтті.

Жарысқа  жалпы 279 мектептен 700-ге жуық оқушы қатысып, олардың арасынан іріктеліп облыстық кезеңге 40 оқушы қатысты. Тараз қаласындағы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта өткен байқаудың облыстық кезеңінде 40 оқушы «Ер Едіге» жырын жатқа айтып, қосымша сұрақтарға жауап берді.   Байқауға  Nur Otan  партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, облыстық Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, облыстық «Жас Отан»  жастар қанатының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Уалихан Болатбек, «Ақ жол» газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тарих және география» кафедрасының аға оқытушысы Назгүл Мырзаханова қазылық етті. Жарыстың  қорытындысы бойынша І орынды Т.Рысқұлов ауданының №2 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Досхан Айтқұлов жеңіп алса, ІІ орынды Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Еділ Сансызбай мен Тараз қаласы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Сая Сыдықбек өзара бөлісті. Үздік үштікті  Тараз қаласы «Білім инновация» лицей-интернатының 7-сынып оқушысы Мұқан Жанарыс пен Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Медина Кеңесханова түйіндеді.

Байқаудың жеңімпаздары мен ұстаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

Саятхан САТЫЛҒАН, 

Жамбыл облысы