«Nur Otan» партиясының ШҚО филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, ақын- жазушылар, облыстық Мәдениет басқармасының өкілдері қатысты. Олар партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев айтқан «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын талқылады.
«Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында еліміздің Тәуелсіздік алған 30 жылында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасай келе, елдіктің негізгі жеті қағидатын ұсынды. Бұл осыдан бұрынғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бағдарламалық мақалаларының заңды жалғасы», – деді Miras аймақтық кеңесінің төрайымы Айгүл Байжанова.
Біздің халқымыз үшін тәуелсіздіктен асқан қадірлі де, қасиетті ештеңе жоқ. Бүгінгі азат күнді бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандады. Соның жолында жанын да, барын да берді. Тәуелсіздіктің қадірін әр азамат жете түсініп, түйсінуі тиіс.
«Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын» деп Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, 1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері, міне 30 жыл өтті. Қазір еліміз әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым екеніне ешкімнің таласы жоқ»,– деді А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры, Miras аймақтық кеңесінің мүшесі Бибігүл Шағиева.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, Miras аймақтық кеңесінің мүшесі, ақын Әскерхан Хуанбай Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы кешегі бабамыз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» іспеттес маңызы мен мәні зор дүние екенін айтты.
Жалпы, шығысқазақстандық зиялы қауым өкілдері «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын қолдайтынын жеткізді.