Солтүстік Кореяда күлуге тыйым салынды
Солтүстік Кореяда күлуге тыйым салынды
363
оқылды

Солтүстік Кореяда Ким Чен Ирдің қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай он күн күлуге тыйым салынды, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінде Корей Халық Демократиялық Республикасы Корея планетадағы ең жабық елдердің бірі болып қалып отыр. Тіпті, жақын көршілері де кейде бұл елдің ішінде не болып жатқанын ести бермейді. Дегенмен, кей жаңалықтар сыртқа шығып кеткен жағдайда, бірден бүкіл әлемге тарап кететініне таңқалуға болмас. Сонымен, 17 желтоқсанда Ким Чен Ирдің қайтыс болғанына 10 жыл толуы қарсаңында қазіргі ел басшысы Ким Чен Ынның пәрменімен елде 10 күндік аза тұту жарияланғаны белгілі болды. Аза тұту күндерінде бірқатар қатаң шектеулер енгізіліпті. Бұл туралы Солтүстік Кореямен шекаралас Синуйджу қаласының тұрғыны айтқан, деп жазады Fox News басылымы Free Asia радиосына сілтеме жасай отырып. КХДР тұрғынының айтуынша, елде 10 күн бойы көпшіліктің алдында күліп, қуанышын қандай да бір жолмен білдіруге тыйым салынған. Сонымен қатар, азаматтарға ішімдік ішуге және көңіл көтеруге болмайды. Ал 17 желтоқсанда тіпті азық-түлік сатып алуға да тыйым салынған көрінеді. Бұл ережелерді бұзғандар ауыр жазаға ұшырайды.
«Бұрындары аза тұту күндерінде ішімдік ішкен немесе мас күйінде ұсталған көптеген адамдар тұтқындалып, идеологиялық қылмыскер ретінде қамауға алынды. Көбінесе оларды арнайы қызмет өкілдері алып кететін, содан кейін оларды ешкім көрмеді», - дейді КХДР тұрғыны.
Сондай-ақ жаппай аза тұту күндері салтанатты жерлеу рәсімдері мен еске алу қызметтеріне де тыйым салынған. Аза тұту кезеңінде туған күнді тойлағандар жазаға тартылады. Билік тұрғындарды тиісті көңіл күйге дайындау жұмыстарына алдын ала кірісіпті. Жаппай аза тұту онкүндігінде БАҚ арқылы Ким Чен Ирдің портреті, фотосуреттері көрсетіледі, оны еске алуға арналған концерттер өтеді, Солтүстік Корея көшбасшысының атымен аталған Кимджонгилия гүлдерінің көрмесі ашылады.