«Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асырылуда

«Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асырылуда

«Nur Otan» партиясының Ақмола облысы бойынша Жол картасы ая­сында «Бақытты отбасы» жобасының орындалуы Саяси кеңес бюросының отырысында қаралды. Айта кетейік, «Бақытты отбасы» пар­тиялық жобасы көпбалалы және әлеу­меттік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Ақмола об­лысы бойынша аталған жобаны жүзеге асыру­дың Жол картасы 3 бағыттан тұра­ды. Бұл – отбасы мен балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеу­меттік-экономикалық шаралар, от­ба­сы мен балаларды құқықтық қорғауды қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту. Осыны жүзеге асыру бойынша 40-тан аса іс-шара қарастырылған. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы ая­сында жүзеге асырылып жатқан маңыз­ды іс-шаралардың бірі – инклюзивті бі­лім беруді дамыту. 2025 жылға дейін об­лыс­та инклюзивті білім беруді қолдау бойын­ша 103 ресурстық кабинет ашу жос­парланған. Биылғы жоспар 100% орын­далып, 8 ресурстық кабинет ашыл­ды. Сонымен қатар №1 және 4 арнайы мек­теп-интернаттарының жанына қо­сым­ша ғимараттар салу жұмыстары қолға алын­ған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың бі­лім алуы үшін жағдай жасау мақсатында ав­токөліктер сатып алу жұмысы да жос­пар­лы жүзеге асырылуда. Саяси кеңес бюросының отырысында пар­тияның аудандардағы 5 аумақтық фи­лиалы төрағасының бірінші орынба­сар­лары жобаның орындалуы бойынша есеп беріп, отбасы мен балалардың өмір сүру са­­­­пасын жақсарту бойынша қолға алын­ған шараларды тілге тиек етті. Мәселен, Жарқайың ауданында көп­ба­лалы 261 отбасы бар, 6 бала жетім және 8 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерек­ше қажеттіліктері бар балаларды тәр­биелеп отырған 44 отбасы тіркелген. «Ба­­­қытты отбасы» партиялық жобасын жү­зеге асыру мақсатында ауданда партия жа­нынан жұмыспен қамту, халықтың әлеу­меттік әлсіз топтарын қолдау және отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қор­ғау бойынша аудандық қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс істеуде. «Е-Халық» ААЖ-да отбасылардың әлеуметтік карталарын өзектендіру бойынша жұмыс жолға қойылған. Аудан бойынша шұғыл және дағдарысты жағ­дай­дағы отбасылар жоқ. Әлеуметтік тұр­ғы­дан әлсіз топтағы отбасылардың саны да жыл санап азаюда. Жалпы, Жол картасы аз қамтылған от­басыларды тікелей қолдаумен қатар, өмір­лік мәселелерін өздері шеше ала­тын­дай жағдай туғызып, тұрмысының одан ары төмендеп кетпеуінің алдын алуды қарас­тырады. Бұл ретте биыл 2,7 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар оқыту, шағын несие беру, аз қамтылған отбасылардың ба­лалары үшін грант тағайындау да «Бақытты отбасы» партиялық жобасы ая­сын­да жүзеге асырылып отыр. Бюро отырысында кәмелет жасқа толмағандар ара­сында қылмысты азайту, балаларға қосымша білім беру мәселесі де қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Саяси кеңес бюросының күн тәрті­бін­де партияның Ақмола облыстық фи­лиа­лының қоғамдық қабылдауында «Nur Otan» фракциясы депутаттарының 2022 жылға арналған азаматтарды қа­был­дау кестесі қабылданды. Сондай-ақ Сая­си кеңес бюросының 2022 жылға арналған перс­пективалық жұмыс жоспары қарал­ды.