Ел көлемінде Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған айшықты шаралар түрлі форматта өтіп жатыр. Соның бірі – Атырау қаласында «Nur Otan» партиясының қолдауымен өткен «Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі.
Аталған шараға қатысу үшін өңірлерден 58 өтініш жолданған. Олардың ішінен түрлі аталым бойынша 7 лауреат анықталды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектелуі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жүрген жергілікті екі үміткер «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалына арнайы шақыртылып, марапатталды. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Азаматов Мұхадия Қуангереев пен Қайдарбек Құрмашевке партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атынан алғысхат табыс етті. Ал пандемия кезінде қаражат жинауды ұйымдастырып, 2 мыңнан астам мұқтаж адамға көмек көрсеткені үшін қоғам белсендісі Гүлназ Қосмұрзиеваға «Еріктілер қозғалысын дамытудағы жетістіктері үшін» марапаты тапсырылды.
Айта кетейік, бұл шара «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» РҚБ бастамасымен және «Nur Otan» партиясының қолдауымен өтті. «Жан Шуақ» сыйлығы «Кедергісіз Келешек» партиялық жобасы аясында тағайындалды және жыл сайын қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын мүгедек адамдарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосқан азаматтарға беріледі. Іс-шараның мақсаты – қоғамның назарын ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемаларына аудару, әлеуметтік кедергілерді жою бойынша іс-қимылдарды күшейту және үйлестіру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіруге ықпал ету, олардың жеке дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашу және алға жылжуға, қоғамға пайда әкелуге ұмтылысын қолдау.
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау әрқашан партия жұмысындағы басымдықтардың бірі болады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттілігі бар 700 мыңнан астам азамат тұрады. Ал «Жан Шуақ» сыйлығы 2008 жылдан бері табысталып келеді. Осы жылдар ішінде оған 70-тен астам адам ие болды», – деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Азаматов.