Мемлекет басшысы Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесті

Мемлекет басшысы Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында олар сауда-экономикалық байланыстарды, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, Қазақстан мен Армения арасындағы қатынастардың даму перспективаларын қарастырды. Тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдар мен Украина төңірегіндегі жағдайды талқылады. Мемлекет басшысы Армения Премьер-министріне ілтипат білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Биыл біздің дипломатиялық қатынастарымыздың орнағанына 30 жыл. Бұл – өте маңызды дата. Екі ел арасында жоғары деңгейлердегі ашық саяси диалог жолға қойылған. Парламенттік, мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз дамып келеді, – деді Президент.
Өз кезегінде Армения Үкіметінің басшысы қонақжайлық көрсеткені және Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтты. – Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастарымыздың табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ форматында экономикалық ынтымақтастық пен Еуразиялық экономикалық кеңістікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылап жатырмыз, – деді Никол Пашинян.

Сондай-ақ Премьер-министр Никол Пашинян ҰҚШҰ-ның дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін оң бағалап, Арменияның ұйымға төрағалығы аясында осы мәселеге басымдық берілетінін атап өтті.