Енді "Болашақпен" техмамандыққа түсу үшін 5,5 балл IELTS нәтижесі жеткілікті

Енді "Болашақпен" техмамандыққа түсу үшін 5,5 балл IELTS нәтижесі жеткілікті

2022 жылы "Болашақ" бағдарламасымен техникалық мамандықтарды таңдайтындар үшін жеңілдік қарастырылады. Яғни, оларға IELTS бойынша 5-5,5 балл жинаса жеткілікті, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бұл туралы Informburo.kz басылымы жазды.

"Биыл "Болашақ" бағдарламасы бойынша 555 грант бөлінеді. Соның 60 пайызы – техникалық мамандықтарға тиесілі арнайы нысаналы гранттар. Техникалық мамандықтар бойынша оқуға түсетіндердің барлығына тілдік құзіреттілік бойынша талап бірдей. Осы жылдан бастап техникалық мамандықтарды қолдау үшін ағылшын тіліне қатысты талапты сәл азайтамыз. Мысалы, үміткер IELTS бойынша 5-5,5 арасында алса жеткілікті деп жобалап отырмыз. Яғни, ағылшын тілі бойынша 5-5,5 ұпай алса, ағылшын тілін әрі қарай жетілдіру үшін курстан өтуге мүмкіндік береміз. Осы өзгеріс балалардың техникалық мамандыққа көбірек келуіне әсер етеді", – деді Асхат Аймағамбетов.
Мұнымен қатар, білім министрі "Болашақ" бағдарламасымен оқып келген қазақстандықтар үшін елде жұмыс істеу міндеттемесінің мерзімі өзгермейтінін айтты.
"Жұмыс істеу міндеттемесінің мерзімі әртүрлі. Мәселен, қалалық жерлерде – 5 жыл, өңірлердің кейбірінде – 3 жыл, түлектер ауыл мектептеріне барып жұмыс істесе – 2 жылға дейін", – деп қосты министр.