Елдің мұң-зарын мінберден шыбын жаны шырқырап айтқан әншіге халқы құрмет көрсетті

Елдің мұң-зарын мінберден шыбын жаны шырқырап айтқан әншіге халқы құрмет көрсетті

Қазақ өнерін дүниежүзіне танытқан әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды. Халық Қаһарманының мерейтойына арналған салтанатты кеш астанада өтті.  Бұл туралы журналист, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Facebook-тағы парақшасында жазды.

Ұлттық ән өнерімізді күллі әлемге мәшһүр еткен ұлы әнші, Халық Қаһарманы Роза Бағланова апамызға - 100 жыл! Кеше Елордамыздағы «Қазақстан» концерт залында отандық және шетел эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын Тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті. Фото: Ж.Әшімжанның Facebook-тағы парақшасынан алынды. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде, Парижде, бесігін тербеген Сыр бойында ірі мәдени іс-шаралар өтетінін жеткізді. Көктемнің алғашқы күнінде министрлікке қарасты «Қазақ әуендері» АҚ (басшысы - Ғалымжан Өтелбай) ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Тәжтажал мен түрлі әлеуметтік қайшылықтардың қамауында қалған қалың көрермен өнерге шөліркеп қалған екен. «Еңбек Ері» Роза Рымбаева бастаған шеберлер Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндерді орындады. Аракідік Тұлғаның ел мен жер тағдырына қатысты үзік-үзік пікірлері беріліп отырды. Алып сарайды толтырған әлеуметтің көңіл-ауаны да ерекше болды. Роза Бағланова дүниенің алпыстан астам елінде гастрольдік сапарлармен болып, қазақтың сөзі мен сазы келіскен тамаша әндерімен қоса түрлі ұлттар мен ұлыстардың да әнін шырқапты. Жалпы репертуарында халқымыз ерекше сүйіп тыңдаған 200-ден аса әндер болған. Біртуар әншінің жаны қандай нәзік болса, жүрегі аттың басындай қайсар екеніне халық сан рет куә болған. ІІ Дүниежүзілік қырғында оқ пен оттың ортасында жауынгерлерге рух сыйласа, бейбіт кезеңде де елдің мұң-зарын үлкен мінбелерден шыбын жаны шырқырап айтқан еді. Адамзатқа уын шашқан атом бомбасы сынағын тоқтатуды талап етіп, аңқасы кепкен Арал тағдырына араша сұраған, Желтоқсан көтерілісінің әділетсіздігін төрелерге тура қарап айтқан да осы Роза апамыз болатын. Роза апамыздың азан шақырылып қойған негізгі есімі Үрбибі екен. Кеше айтулы сахна жұлдыздарымен бірге даңқты тұлғаның немересі он жастағы Үрбибі Бағланов да өнер көрсетті. Концерт соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан ұлы әншінің құрметі һәм рухына арнайы ықылас гүлі (себет) сахнаға шығарылды. Шара басында көрермендер назарына әншінің өміріне құрылған фотокөрме ұсынылды. Еліміздің біртуар тұлғаларына деген құрметіміз ешқашан бәсеңдемесін!