Ірі салық төлеушілер – экономиканың тірегі, мемлекеттің серігі. Бірақ олар елдің сорына айналып кетуі де мүмкін. Империяшыл Ресейді ғаламат санкциялық қысымға алған, алапат қыспаққа салған Батыс әлемі бірінші кезекте оның көп салық төлейтін алып компанияларына үстемелетіп соққы беріп жатыр: олар банкрот болса, мемлекеттің экономикасы күйреуі мүмкін. Ал озық дамыған елдер мұндай қауіптен құтқарар жолды тапты: алпауыттарға емес, шағын және орта бизнеске сүйенеді. Осы орайда Қазақстанның ірі салық төлеушілері кім екенін анықтап қойсақ.
Ірі ме, іріткі ме?
Ірі салық төлеушілер елімізде жүздеген мың қазақстандыққа жұмыс беріп отыр. Олар ел қазынасын толтырады, әлеуметтік қолдауды жүзеге асырады, спортқа, мәдениетке, жергілікті жобаларға демеушілік жасайды. Дегенмен биліктің оларға тым тәуелділігі абырой әпермейтіні, одан ел опа таппайтыны әшкереленді. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін, 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Президент Қ.Тоқаев олигархтардың кесірлі істеріне тоқтала келе, ірі кәсіпорындар айрықша артықшылықтарды пайдалана отырып, экономикадағы бәсекелестікті басып-жаншығанын, реформалар жүргізуге кедергі келтіріп келгенін ашық айтты. Ірі кәсіпорындардың кеңес кезінен бері экологияға шектен тыс ауыртпалық түсіріп, табиғатты улап жатқаны жасырын емес. Мысалы, кейінгі жылдары Қарағанды облысында қап-қара қар түсетінді шығарды. Еліміздің әр өңірінде заңсыз төгілген улы шығарындылар кесірінен өзен-көлдердегі балықтардың жаппай қырылуы жиіледі. Әрине, Үкімет зиянды зауыт-кәсіпорындардың, кен орындарының бәрін жауып тастай алмайды. Әйтсе де, алдағы жылдары олардың үстінен мемлекеттік және қоғамдық бақылау күшейтілмек. Қазақстанның республикалық бюджетінің кірісі 2021 жылы 11 трлн 277 млрд теңгені құрағаны мәлім. Бұл ретте отандық 50 ірі салық төлеуші 5,9 трлн теңге салық төлепті. Бұл 2020 жылғыдан 34%-ға артық. Дегенмен сарапшылар мемлекеттің оларға көрсеткен көмегі де осыған жетеғабыл дейді. Үкімет жылы-жұмсағын алдымен солардың аузына тосады, бюджеттен қыруар субсидия береді, салықтық жеңілдіктер мен түрлі артықшылық ұсынады. «Майшелпек» кен орындары, табысты жобалар, қомақты тендерлер солардың еншісінде. Мұның сыртында Үкімет солар үшін ұлттық заңнаманы өзгертеді, солардың мүддесін ілгерілететін нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды. Бір ғана мысал: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Кастинг» ЖШС, KSP Steel ЖШС секілді аз шоғыр ғана металл өңдеуші зауыттарды қорғаған шенеуніктер 2018 жылдан бері шетелге металл сынықтарын экспорттауға тыйым салып келеді. Соңғы рет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі №526 бұйрығымен, 2021 жылғы 19 қазаннан бастап қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын Қазақстаннан сыртқа әкетуге мораторийді кезекті рет тағы 6 айға ұзартты. Осы наурыз айында ұқсас шешім қабылдауы мүмкін. Осының салдарынан төрт жылдай бұрын ауыл-аймақта 100 мыңнан астам адамды асырап келген металл сынықтарын жинау кәсібін әбден құлдыратты. Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, бұл салада 6 625 кәсіпкер ғана қалған. Әрине, кейбір «металлолом» жинаушылар құдықтардың қақпағын ұрлап, теміржол рельстерін кесіп, байланыс және электр сымдарын үзіп, халыққа да, мемлекетке де қауіп келтіргені құпия емес. Бірақ ондай қылмыскерлермен күресу – құқық қорғау органдарының ісі. Ал осы экспортқа тосқауыл қою ақыр соңында қазақтың ұлан-ғайыр даласының ластануына әкеліп соқтырған: «дала санитарлары» жинауды қойғандықтан темір-терсек атаулы ауыл-қалада, байтақ далада босқа тот басып, шіріп, улы зат болып, топыраққа сіңіп, бүлдіріп жатқанына экологтер дабыл қағып жүр. Экспорт доғарылғанға дейін Қазақстан жылына 3,5 миллион тоннаға дейін металл қалдықтарын жинап, шетелдік нарыққа өткізетін, қомақты табыс табатын. Ал отандық 4 металлургиялық зауыт жылына 1,5 миллион тоннадай сынықты өңдей алады, оның өзінде толық қуатында жүктеле алмай келеді. Осылайша, республикада жыл сайын 2 миллион тоннадай металл коррозияға ұшырап, жерді улап жатыр.Шың басындағы алпауыттар кімдер?
FinReview.info сарапшыларының айтуынша, коронавирус пандемиясы өндіріс пен кәсіпкерліктің тұтас салаларын өзгертті: «Бүкіл экономика да, бизнес жүргізу моделі де өзгерді. Көптеген қызмет түрлеріне сұраныс құлдырады. Кейбір қызметтер мүлдем доғарылған. Адамдар мен мемлекеттер жаңа өмір шынайылығына бейімделіп жатқанда бизнестің біраз саласы аман қалудың амалдарын іздеді. Карантин шектеулері әлемдік және ұлттық экономикаға теріс ықпал етті». Сорақысы сол, енді осыған Ресейдің Украинаға басқыншылығы, Батыс елдерінің өзге серіктерімен бірге Ресейге қарсы енгізген санкциялары қосылып, дүниежүзілік экономиканы жаңа дағдарысқа киліктіріп отыр. Қазақстан бұл күйзеліске біршама дайындықпен келді. 2021 жылы еліміздің ЖІӨ-сі 4 пайызға өсті. Салық түсімдері бірден 25 пайызға артты. Мемлекеттік бюджет салық есебінен былтыр 10,7 трлн теңгеге толықты. Бұл 2020 жылғыдан 2,2 трлн теңгеге, ал пандемияға дейінгі 2019 жылғыдан 1,5 трлн теңгеге көп. Яғни, қазақ елі салық жөнінен коронакризиске дейінгі кездегіден де асып түсті, ал экономика қалпына келіп, даму жолына оралған еді. 2021 жылғы желтоқсанда Ұлттық банк Қазақстанның 2022 жылғы даму болжамын қайта қарап, биыл елдің ЖІӨ-сі 3,9-4,2 пайызға өседі деп жорамалдаған-тын. Дегенмен жаңа жағдайда өсім аздау болуы мүмкін. Кейбір сарапшы рецессия туралы қайта әңгіме қозғай бастады. Қалай болғанда, қазір елдің экономикасы да, бюджеті де ірі салық төлеушілерге қатты тәуелді: небәрі 50 алып кәсіпорын бюджеттің 54,9 пайызын толтырып отыр. 5,9 трлн теңге салық төлеген. «Қандай компаниялар ірі көлемде салық төлейді?» дегенге тоқталсақ, сол бұрынғыдай, дәстүрлі түрде мұнай-газ өндіруші компаниялар көш басында келеді, бұлар «Теңізшевройл» ЖШС, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ. Нақтылай кетсек, Теңіз кен орнын басыбайлы иемденген ТШО өткен жылы 1,7 трлн теңге салық аударыпты. Америкалық-қазақстандық осы компания – салығы триллионмен есептелетін жалғыз кәсіпорын. Басқалары онымен терезе теңестіре алмайды. Мұнай және ілеспе газ өндіруші компаниялар елулік ішінде 19-орынды иеленеді. Олар елге жалпы жиынтығы 4 трлн теңге салық береді. Ірі салық төлеушілер рейтингіне сондай-ақ металлургия, темекі, тау-кен өндіруші, мұнай өңдеуші, логистика, телекоммуникация, банк салаларының және сусын өндірісінің компаниялары кіреді. Сарапшылар, әсіресе өндіру секторындағы алпауыттардың бәрібір аз салық төлейтініне назар аудартып жүр. 47 пайызға дейінгі табысын түрлі салық арқылы бюджетке алып қоятын дамыған елдермен салыстырмағанның өзінде көрші Ресей біздегіден 2 есеге дейін артық салық жинайды. Қазақстан Үкіметі мұны таяуда ел Президенті ескерткен соң ғана мойындап, алпауыттарға салықтық жүктемені арттыру мәселелерін қарастырып жатыр. Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер Қайрат Қошқарбаевтың айтуынша, әлемде шикізат бағасы өскенімен, Қазақстанда одан түсетін салық сайма-сай өспейді. Мұнай өндіруші компаниялар 1 доллардан 15-18 цент қана салық төлейді. Бұл басқа елдер түгіл республикадағы өзге салалармен салыстырғанда тым аз. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді: алпауыттар табиғи ресурстарды өндіруге қатысты салықтық режимнің олқылықтарын пайдаланады, контрактілердегі шарттарды бұзып, міндеттемелерін орындамай, одан ақша үнемдейді. Яғни, елге келетін пайдасы, қайтарымы кемиді. Елде сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда да мәселе жетерлік. Өндіруші компаниялардың шығысы айқын емес, жете есепке алынбайды. Сарапшылар бізде әлі күнге контрактілердің шарттары жұртшылықтан жасырын ұсталып отырғанын да қаперге салады. Қорыта айтқанда, әлемдегі санкциялық соғыс әрбір елдегі үкіметтерді төл ірі салық өндірушілеріне жіті көңіл бөлуге итермелеп отыр. Өйткені алғашқы болып солар соққы астында қалатыны байқалады. Оның үстіне, бұл алпауыттардың байлық қуу, аста-төк пайда табу жолында елге зиян келтірмегені, тек игілік әкелгені абзал.