Есенғали Раушановтың өмірден өткеніне жыл толды. Елі жоқтауда әлі... Есенғали мінезді ақын еді. Ақын інісіне абыз Әбіш былай деп мінездеме берген: «Жүріс-тұрысы нар тайлақ сияқты болғанымен, бойында көш бастайтын көсем түйенің мінезі бар. Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атанжілік ақыны. Оның өлеңін оқыған кезде біздің құлағымыз жөндеп ести алмай қалған баяғы қариялар қайта тіріліп кеткендей болады». Сөз-ақ! Сөйткен ақын қоғамның небір кердең кеселдерін жүрегінен өткізген екен. Бір сұхбатында «Біз идеологияға бағыну орнына белгілі бір топтардың қызығына, солардың таным-талғамына, солардың интеллектісіне бағытталған, соған шақталған, соған лайықталған қоғам құрдық. Бүкіл нәрсені осы жерден іздеу керек шығар деп ойлаймын. Әдебиеттің жағдайы нашар деп отырмыз, былайғы жерде бұдан да нашар болады. Өйткені бүгінгі қоғам – өзгерісті талап етіп тұрған қоғам», – деп қаңтар дүрбелеңіне дейін-ақ қоғамның қотыр жарасын тырнап ашып беріпті. Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді. Одан кейін «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ» атты жыр кітаптары сыршыл әлемге оқырманын үйіріп, тартып әкеткен. Есенғали Раушановтың халықтық аңыз, мифологиялық желіде жазылған «Ғайша бибі», «Түн деген Көрұғлы», «Нұқ пайғамбардың кемесі» туындылары «Баяғы қариялар қайта тіріліп кеткендей» түпсана көкжиегіне жетелей береді. «Нұрдан жаралған» романы, құстар табиғатын сөз еткен этнографиялық новеллалары өзгеше бір арна. Ақынның көптеген өлең, поэмасы орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Өзі де шебер аудармашы. Өзбек тілінен ортағасырлық мұра «Темір жарғыларын», Хамза Ниязи өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Ақын қазіргі әдебиеттің жайын ойлап, жиі күйзелетін. «Әдебиеттің есік терезесі ашық-шашық. Абай айтқан, «Көрінген ит кетеді бір-бір сарып» деп. Әдебиетіңіз бүгінде шешек шығып, шетте қалған бір үй секілді, кез келген адам келіп, керегін алып, шығып кетіп бара жатады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қаншама халтурщик жастарды дайындадық, дайындап келе жатырмыз. Жастарға берілетін мемлекеттік «Дарын» деген сыйлық бар. Оны кім береді, комиссияның мүшелері қандай, мен оны білмеймін. Әдебиеттің тағдырын шешіп отырған адамдарды танымаймын. Бірақ олар жазушы-мемлекет қайраткері, жазушы-қоғам қайраткері болып есептеледі. Абай айтады тағы да, «Сонда жауап бере алман мен бейшара» деп. Содан мен ұятты қойып, «ол жазушы ма еді, қандай жазушы еді?» деп сұраймын. «Иә, жазушы ғой, бірдеңе деген повесі шыққан» деген жауап естимін», – деп көкіректегі шерді қалың жұртқа ақтарып салғанын да білеміз кезінде. «Солай, тамыр, тек жақсылық тос күнде, Келсін мейлі, жұт егіз. ...Қазақстаннан әулие емес ешкім де, Күтеміз!» – деген әйгілі жыры жұрт көкейінде жаттаулы. Қаттаулы тарихты бір басына сыйғызған қайран Ес-ағаң нағыз кемел шаққа келгенде келместің кемесіне кезексіз мініп кетті. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов ақын қайтқанда: «Көктем. Кеңсай. Есенғали Раушановпен қоштасу» деп жоқтау жазып еді. Жоқтау өлеңінде: «Тар лақатқа неғайбіл сиярыңда, Нені ойладың жалғанды қиярыңда. Кетіп қалдың есімді жиярымда, Көктем сайын ұшасың құсқа айналып, Көкмойнақ жыр қалқиды қиялымда» деп жоқтаған-ды. Есенғали ақын мен Қасымхан Бегмановтың жастық шағы бірге өтті. Өлең дейтін өлкенің де есігін қатар ашқан. Сол бір күндер сағынышқа айналарын ақын Қасымхан Бегманов осыдан бір жыл бұрын сезбеген де болар. «Есенғали Раушановпен бірге бүкіл жастық шағым өтті. Екеуміз жақсы дос болдық. Есенғалисыз бір жыл өте шығыпты. Алматыда асын өткіздік. Есенғалидай мықты ақыннан айырылып қалу қазақ халқының жүрегіне үлкен салмақ түсірді деп есептеймін. Өзімнің де жүрегіме ауыр салмақ түсті. Мұндай ақыннан айырылу – ұлттың үлкен қайғысы. Өткен ғасырдың 80-жылдары барлығымыздың өлең кітабымыз бірге шықты. «Бастау» деген атпен. Шәмшия Жұбатова, Әбубәкір Қайран, Мейірхан Ақдәулет, Әділғазы Қайырбеков, Есенғали Раушанов, бәріміздің өлеңіміз бар. Бізге редактор болған Өтежан Нұрғалиев пен Күләш Ахметова апайымыз. Жұмекен Нәжімеденов рецензия жазды. Көп ақынның ішінен бес-алтауын іріктеп алған да Жұмекен аға болатын. Сөйтіп, Жұмекен ақынның алғысөзімен, Өтежан ақынның редакторлығымен алғашқы кітабымыз жарық көрді. Есенғали менің жастық шағымның куәсі деп айтар едім», – дейді ақын. Қасымхан ақын мен Есенғали ақын бірге талай жерді шарлады. Елді ғана аралаған жоқ, алыс-жақын шетелдерде де бірге жүрді. Талай жолдан бірге өтті. «Есенғали өмірінде маған арнап үш өлең жазды. Әке-шешем Есенғалиды өз баласындай көретін еді. Ауылды жиі аңсап тұратын едік. Қолымыз қалт еткенде ауылға тартып тұратын едік. Түркістанға, мен туған Бабайқорғанға жиі баратын. Былтыр ақын Бауыржан Бабажанұлы екеуміз Есенғали дүниеге келген Қарақалпақстанға, Қожеліге барып қайттық. Әу баста үшеуіміз бірге барамыз деп жоспарлаған сапар еді. Амал не, Есенғали ол арманына жете алмады. Сол өңірді, Төлеген Айбергенов жатқан өлкені бір аралап қайтайықшы деп келісіп жүргенде оған нәсіп болмады. Есенғали жүрген мекенге сапар шегіп, Есенғали табаны тиген аймақты аралап қайттық. Есенғали Раушановқа деген сағыныш енді басталды. Күн өткен сайын адам ақынның рухына жақындай түседі. Оның поэзиясы мәңгілік. Қазір Бейнеуде Есенғали отырғызған бау бар. Сол бауға отырғызылған ағаштың бәрі Бабайқорғанның қаламшалары. Садыхан мен Уәлихан дейтін інілерім бар. Ұйымдастыру жұмыстарының бәрін сол екі інім атқарды. Түркістанның тал-теректері бүгінде Бейнеуде жайқалып тұр», – дейді. Қасымхан ақын айтқандай, Есенғали Раушанов та сағынышқа айналып барады. Оның өмірде досы да, сырласы да өлең болды. Раушановты іздеген жан оны өлеңдерінен табатыны анық. Ақын туралы ақыннан артық кім айтар? Ертай Ашықбаевтың Есенғали ақын туралы жазбасында: «Әрине, әдептен озған жоқ, әуелі социалистік реализмнің шарттарына онша қияс келмейтін бау-бақшаның қақпасын ашты. Дегенмен «Бастау» дейтін тұңғыш жинағына сол социализм туралы жылы лепесті ештеңе жарияламады. Бәлкім, жазғысы келмеді, бәлкім жазғысы келсе де, тартынды. Өйткені алдындағы аға-апалары тоталитарлық режим делінетін сол заманның өзінде «улы сия, долы қолмен» талай нәрсені жазып кетіпті. Қайталау, басқа салаға жарасар да, ал поэзияда тіпті де ілімнің анасы емес. Сөйтіп, «…Қалай да саған, Уақыт, Оқуым керек бір өлең!!!» деген үш лепті сөйлеммен іркіле тұрды» деп жазады. Сонымен, бұл көктем – Есенғалисыз көктем. Бір түрлі мұңды көктем. Ақындар азайған сайын көктем де, келетін құстар да азайып бара жатқандай көрінеді... Құс қанатынан қарай алатын жандар азайып бара ма, әлде?!