Еліміздің бірқатар өңірлерін су басу қаупі әлі де сейілмей тұр. Осыған орай Мәжіліс депутаттары көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарды қолдап, көмек көрсету үшін өңірлерге шықты. Депутаттар халыққа мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтып, мәселелерді өздерінің жіті бақылауында ұстайтынын жеткізді. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударып, депутаттарды халыққа жақын болуға, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға, оларды толғандырған мәселелерді шешуге шақырған болатын.
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мәлік Құлшар пен Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарымен кездесті.
Мәлік Құлшар Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылында балалардың оқуы ұйымдастырылған ауылдық клубта мұғалімдермен тілдесіп, мән-жайды талқылады.
– Негізгі мектептің ғимаратына су кіріп, бөлмелердің ортасы құлаған. Қазір оқушылар уақытша ауылдық клубта білім алып жатыр. Ауылдағы 45 үйдің 29-на су кірген, 23-і тұруға келмейді. Ауыл тұрғындары су кірмеген үйлерге, 3-4 жанұядан бөлініп орналасқан. Құлағалы тұрған үйлерді сараптау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Ауыл халқы ешқайда көшпей, жаңа мектеп те, үйлер де осы ауылға салынса деген өтініштерін жеткізді, – деді депутат.
Сондай-ақ ауданда төтенше жағдай жарияланғандықтан ешқандай конкурссыз қаржы қарастыру мүмкіндігі бар екенін айтып, құрылған комиссияның шешімімен апатты жағдайдағы мектеп орнына 60 орындық білім ордасының құрылысы басталатынын жеткізді.
Сапар барысында депутаттар жергілікті билік өкілдерімен бірге облыстағы Бөрлі ауданы Қызылтал ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен үйлерді аралады. Алдағы уақытта су тасқынынан қорғану үшін арнайы нысан салу жоспарланып отыр.
Ал Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Айгүл Нұркина мен Вера Ким Рождественко ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, оларға «AMANAT» партиясының атынан тұрмыстық техника, азық-түлік, басқа да керек-жарақтар берді.
– Біз әрдайым мониторинг жасап отырмыз. Бүгін өз көзімізбен көруге келдік. Байқағанымыздай, жағдай тұрақталды. Ендігі басты мәселе – тиісті көмек көрсету. Апат салдарын анықтап, тиісті шараларды қолға алу, – деді Айгүл Нұркина.
Мамандардың айтуынша, су тасқынына арнайы бөгеттердің жоқтығы себеп болып отыр.
Депутаттар су тасқыны мәселесі жіті бақылауда болатынын айтты. Қажет болған жағдайда заңнамаға да өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Жалпы, Рождественко ауылында 30-ға жуық үй еріген қар суынан зардап шекті. Осының салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, 100-ге тарта тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
Мәжіліс депутаттары Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов Ақтөбе облысы Қобда және Ойыл аудандарындағы су басу қаупі бар елді мекендерді аралап көрді.
Қобда ауданында су тасқынынан бірнеше әлеуметтік нысан, спорт кешені мен шағын және орта бизнес ғимараттары зардап шеккен. Жарық ауылында суармалы жерлерді су басса, Егіндібұлақ ауылында су тасқынынан кейінгі жол қалпына келтіріліп жатыр.
Одан әрі депутаттар Ойыл ауданына барды. Мұнда Саралжын ауылдық округінде болып, Орта-Қиыл-Тассай су жүйесін бақылады. Қазір округ бойынша 5600 гектар лиманды алқапқа су шығып отыр. Былтырғы жылы жөндеуден өткен су жүйелері қазір тасқын суды ұстауға септігін тигізуде.
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Еділ Жаңбыршин және Зарина Камаcова Шығыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен барды.
Депутаттар Глубокое ауданы Белоусовка ауылында орналасқан су қоймасына барып, ондағы нақты жағдайды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар аталған аудандағы Прогресс, Предгорное ауылдарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады.
– Өңірлерге арнайы жұмыс сапармен келудегі басты мақсатымыз – су тасқыны қаупі бар деген учаскелерді аралап, ауқымды су қоймаларының жағдайын көзбен көру. Нақты айтқанда, бүгінде тұрғындар тарапынан тасқын су мәселесіне байланысты көптеген сауал түсуде. Сондықтан тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, тасқын судың алдын алу. Өңірлерде су қоймаларында түйткілді мәселе жоқ емес. Бұған дейінгі Шығысқа арналған жұмыс сапарымда Зайсан ауданындағы Үденей, Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймаларындағы өзекті мәселелерді көтерген болатынмын. Біз мәселенің салдарымен емес себебімен күресуіміз қажет, – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Мамандардың айтуынша, Глубокое ауданы Белоусовка ауылындағы су қоймасы 1946 жылы пайдалануға берілген. Глубочанка өзені және кіші Ертіс өзенінің оң жағалауы құяды. Су қоймасының түрі-арналық, жағалау сызығы бойынша ұзындығы – 3,3 км, көлемі – 1,3 млн м3, көлемі – 1 млн м3, Максималды тереңдігі 8.5 м, орташа тереңдігі 2.4 м. Есептік өткізу қабілеті 40 м3/сек. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады.
– Азаматтар тарапынан көтерілген кез-келген мәселе назардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган өкілдері мен депутаттарды халықпен жиі жүздесіп, толғандырған мәселелерінің оң шешім табуына атсалысуды үнемі айтып келеді. Бүгінде жұмыс сапарымыз да Мемлекет басшысының осы тапсырмасының аясында жүзеге асырылып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Депутаттар одан әрі Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Алтай, Катон-Қарағай, Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралап, ондағы су қоймаларының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.