«AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған филиал төрағасы, облыс әкімі Н.Ноғаев және басқармалардың басшылары мен аудан-қала әкімдері қатысты. Отырыста саяси ұйымның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасының былтырғы жоспарының орындалу барысы, «Депутаттар рейтингі» ақпараттық жүйесінің қорытындысы талқыланды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, облыста жоспарланған жобаның 92-сі орындалып (82,1 пайыз), 19-ы бойынша (17 пайыз) жұмыстар атқарылып жатыр. Ал біреуі – Жаңаөзен қаласындағы су тазарту қондырғысынан Теңге ауылына дейін су құбырын тарту жұмыстары жүргізілмеген. Былтыр оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей қалған. Енді 2022 жылғы республикалық бюджеттен осы жобаға 400 млн теңге қаражат бөлініп, конкурстық рәсім басталды. Оның орындалу барысы партия бақылауына алынды. Өткен жылы ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту көрсеткішін 96 пайызға жеткізу үшін 7 ауылға (Басқұдық – 117,9 шақырым, Бекі, Жармыш, Ақжігіт – 11,6 шақырым, Рахат, Теңге – 9,4 шақырым, Қызылтөбе – 291,2 шақырым) сумен қамту желілері тартылды. Сондай-ақ Ақтау қаласында электрмен жабдықтау бойынша 4 жобаның жұмысы аяқталды. Былтыр жалпы 139 шақырым автомобиль жолын салу мен жөндеу жоспарланып, оның 77 пайызы немесе 106,9 шақырымы төселді. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 92,8 пайыздан 95 пайызға артты. Өңірде барлық қаржы көздері есебінен жалпы ауданы 1 208 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 928 пәтер іске қосылып, оның 152-і көпбалалы отбасыларға және 1 102-сі несиелік тұрғын үй бағыты бойынша берілді. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 173 отбасына тұрғын үй сертификаты тапсырылды Есептік кезеңде әлеуметтік салада бірқатар объекті іске қосылды, олар: 100 төсектік онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталды және Қызылсай ауылында 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді; 1 370 орындық 22 мектепке дейінгі жекеменшік білім беру ұйымы ашылды; мүмкіндігі шектеулі адамдарға тең мүмкіндіктер құру мақсатында 230 орындық 2 оңалту орталығы іске қосылды; 1 225 орындық 5 жекеменшік мектеп, 1 500 орындық 2 мемлекеттік мектеп ашылды. Тағы бір маңызды бағыт – жастар саясаты бойынша «Жасыл ел» жазғы еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы 1 410 жас облыстағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Н.Ноғаев партияның кезектен тыс XXII съезінде ел Президенті, партия Төрағасы Қ.Тоқаевтың «Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек» деген тапсырмасын атап өтті. Облыстық мәслихаттың депутаттары С.Битан, Л.Меңдіғалиева сайлауалды бағдарламаның орындалысы бойынша оң пікір білдірді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары З.Есбергенова сөз тізгінін алып, «Депутаттар рейтингі» ақпараттық жүйесінің 2021 жылғы қорытындысы туралы айтты. Фракцияның отырысында депутаттардың айтқан ұсыныс-пікірлері ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданды. Жиналыстың хаттамасы жауапты мемлекеттік органдарға жолданатын болады.