Жол карталарында жоспарланған іс-шаралар мен индикаторлардың орындалуы бойынша өңір республика деңгейінде алдыңғы орындардың бірінде. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция отырысында айтылды. Жиынға фракция мен саяси кеңес мүшелері, мәслихат хатшылары мен депутаттары, партиялық бақылау комиссиясының және партия жанындағы қоғамдық кеңестің төрағалары, басқарма басшылары және бейнебайланыс арқылы қала, аудандық филиал төрағалары мен атқарушы хатшылар қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Т.Мамаевтың есебі тыңдалды. Ол партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол карталарының 2021 жылғы және 2022 жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштерінің орындалу барысын баяндады. Жиында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Д.Бейсенқұлов депутаттық фракциялардың және партиядан сайланған депутаттардың рейтингісін қалыптастыру жайына тоқталды. Сондай-ақ партияның филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы айтты. – Қоғамдық кеңестердің саны оңтайландырылып, құрамы 30%-ға жаңарды. Қабылдау бөлмелерінің жұмысы проактивті форматқа ауысты. Наурыз айынан бастап облыстық филиалдың ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, Саяси кеңес мүшелерінің, жергілікті атқарушы орган уәкілдерінің қатысуымен бес ауданға қарасты шалғайдағы елді мекендерде көшпелі мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізілді. Қабылдау барысында 300-ден астам тұрғынның өтініш-тілегі тыңдалып, партиялық бақылауға алынды, – деді атқарушы хатшы. Ол сондай-ақ партиядан сайланған депутаттар рейтингісі бойынша атқарылған және алдағы уақытта енгізілетін жұмыстар легінен құлағдар етіп, алдағы уақытта партия филиалы тарапынан халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеуге бағдарланған «ТазаЛайк», «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» жобалары іске асырылатынын жеткізді. Одан бөлек, Білім басқармасының басшысы Б.Жаманкөзов инклюзивті білім берудің жай-күйі туралы баяндап, Тараз қаласындағы №9, №32, №35 орта мектептердегі инклюзивті сыныптарды методикалық қаржыландыру мәселесін көтерді. Партияның депутаттық фракция отырысында талқыланған барлық мәселе бойынша тиісті ұсынымдар мен шешімдер қабылданып, бірқатар тапсырма жүктелді.