Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының негізгі мақсаты – елімізді жоғары дәлдікті геодезиялық координаттар жүйесімен қамтамасыз ету және соның негізінде елдің бірыңғай цифрлық картографиялық негізін құру. Құжат анық, жедел әрі өзекті ақпаратты тиімді пайдалану үшін бір тұғырнамада, бірыңғай форматта және бірдей талаптармен кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құруды көздейді. Жиында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат депутаттары енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісті. Сонымен қатар Палата комитеті «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатымен жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Отырыс барысында депутаттар VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанынан Қоғамдық палата құру туралы бастаманы қолдады. «Мемлекет басшысы қызу қоғамдық пікірталас әлеуметтік желілер мен алаңдарда емес, Парламент қабырғасында өту керектігін айтты. Қоғамдық Палата құру – уақыт талабы. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда заң шығарушылар халықтан алшақтап кеткен, яғни халық бір жақта, заң бір жақта деген пікір бар. Сондықтан Қоғамдық Палатаның басты мақсаты – неғұрлым өзекті, резонансты заң жобаларын «бірінші оқылымға дейін» қоғамның талап-тілегі тұрғысынан қарастыру», – деді Палата Төрағасы. Сонымен қатар Мәжіліс Спикері Қоғамдық палатаның отырыстарына біз өңірлердегі Қоғамдық кеңестерді де бейнебайланыс арқылы қосуды жоспарлап отырғанына назар аударды. «Қоғамдық палата құру туралы шешім – бұл, Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындауға бағытталған тағы бір нақты қадам деуге болады», – деді Е.Қошанов. Cоңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.