Бүгінде елде 495 мың бала 15 мың үйірме мен секцияға барады. Бұл үшін бюджеттен 32 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Жыл соңына дейін балалардың игілігі үшін қосымша тағы 97 миллиард теңге қаражат қажет. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев осылай деді. Министрдің айтуынша, «АртСпорт» бұқаралық спортты дамытудың жалғыз механизмі емес. «Бүгінге дейін 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу арқылы жақсы нәтижеге қол жетті. Оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде ашылды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты 3064 жаттықтырушы жұмысқа алынды. Жастарды спортқа тарту үшін өткен жылы баскетбол, волейбол, футбол, қазақша күрес, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен мектепішілік және студенттер арасында ұлттық лигалар өтті. Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде дене шынықтыру пәнінің ұстаздарына сабақтан тыс іс-шаралар өткізгені үшін қосымша ақы тағайындалды. Бұл ретте 30 мыңнан астам дене тәрбиесі мұғалімі қамтылды. 2022-24 жылдары аталған мақсатта аймақтарға қосымша 21 млрд теңге бөлінеді» деді министр. Оның сөзінше, бүгінге дейін балаларды қосымша спорт секцияларымен және үйірмелермен қамту көрсеткіші – 73 пайыз. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секциялардан бөлек балалар мен жасөспірімдерді оқытатын спорт мектептерінде тағы 386 мың бала білім алып жатыр. Ал биыл қаржыландырудың жалпы көлемі 123,7 млрд теңге болған.
Ж.АСҚАРБЕК