Қазақстанда ірі базарларға жаппай тексеру жүргізіліп жатыр. Мұндай науқан ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Тексерулерге бірден он мемлекеттік орган жұмылдырылды. Сауда министрлігі базарларға қатысты мұндай пәрменді шараларды қабылдау тек Президент арнайы тапсырма берген соң мүмкін болғанын айтады. Осыдан кейін 4 наурызда прокуратура базарларға жоспардан тыс тексерулер тағайындаған. Елде енді даладағы сауда орындарын тәртіпке келтіру бағытында ауқымды жұмыс басталғандай. Жаңғырмауының себебі анықталды Бүгінде меморган өкілдерінен тұратын комиссия мен жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеуде. Олар еліміздің барлық өңірінде ірі сауда орындарына рейд ұйымдастырып жатыр. Қазіргі кезде 122 алып базар тексерілген. Біраз былықтың беті ашылған. Бұл сала – ең артта қалған сектордың бірі: тіпті, астананың өзінде алыпсатарлар қолға түскен нәрседен құрастыра салынған дүңгіршек-шатырсымақ астында сауда жасай береді. Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің бағалауынша, қожайындары жауапкершілігінің болмауы және мүдделілік танытпауы кесірінен базарларды модернизациялау деңгейі өте төмен. «Олар тіпті ең төменгі еңбек жағдайларын жасауға және тұтынушылардың талабын қанағаттандыруға асықпайды. Сондықтан мемлекет жаңғырту мерзімдерін 2025 жылға дейін қайтадан ұзартуға мәжбүр. Өйткені Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес, 2022 жылы 42 сауда базарын модернизациялаудан өткізу жоспарланған. Алайда соның небәрі 12%-ы немесе 5 базар жаңғыртылды. Жалпы алғанда, 2025 жылы 103 базар жаңғыртудан өтеді. Біздің болжамымызша, тіпті Алматы және Шымкент қалаларының өзінде базарлар заңда белгіленген мерзімде жаңғыртудан өтпейді. Оларды жаңғырту мерзімдерін тағы ауыстыруға тура келеді», – деп пессимизмге бой алдырды Сауда комитеті. Базар иелері жаңғыртудың уақытында жүргізілмеуіне артық қаржылық ресурстардың жоқ екенін алға тартып келген. Асқар Мамин Үкіметі, Атамекен палатасы оларды аяп, модернизация жүргізгеніне салықтық жеңілдіктер мен преференциялар да ұсынды. Бірақ Бас прокуратураның басшылығымен жүргізіліп жатқан тексерулер бәрі шынында бос сылтау екенін, базар қожайындары жүздеген миллион теңгемен есептелетін орасан табысын жасыратынын әшкереледі. Осы мақсатта бизнесмендер заңнамадағы олқылықтарды пайдаланады. Мысалы, сауда алаңдарын сыбайлас фирмаға арзанға жалға береді, ол өз кезегінде сауда орындарын қымбатқа субарендаға таратады. Ведомствоның дерегінше, Шымкенттегі Qyrgy Bazar иесі делдал арқылы сауда алаңдарын жалға беріп, жылына 200 млн теңге пайда табады, делдалының пайдасы – жылына 400 млн. Мұның бәрі қымбат субаренда арқылы азық-түлік құнына кері әсер етеді. Жалға берудің осы тетігі Шымкенттегі 10 базардың 7-уінде, сондай-ақ Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен елордада әшкереленді. Яғни, базарлардың заманға сай жаңғырмауының және бақылау-кассалық аппараттар сияқты технологияларды ендірмеуінің астарында қаражат тапшылығы емес, мол табыс пен сауда айналымын жасыру талаптары жатқанға ұқсайды. Көзбояу тірлік көлеңкені «тудырды» Сарапшылардың тұжырымдауынша, саланың былығуына биліктің өзі жол берді. Ведомство бұл саланы бақылаушылар өте көп екенін қаперге салды: арасында – Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдай министрліктері, құқық қорғау органдары, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, барлық әкімдік пен олардың құрылымдары бар. Бақылаушы және қадағалаушы органның қаптап өріп жүргеніне қарамастан, базарлардағы сауда тұтасымен дерлік көлеңкеде қалып тұр. Ауыл-аймақ түгіл астана мен Алматының өзінде орталық базарларда сауда-саттықтың ашық есебі жүргізілмейді, сатып алушыларға чек берілмейді. Салықты аз төлеу үшін сауда айналымының шынайы көлемін жасыруға базарлардың қожайындары ынтық. Құрылған арнайы комиссия ескі Қазақстан билігінің ісін сынады: «шағын бизнесті тексеруге жиі мораторий жасау ақыры жосықсыз бизнестің дамуына ықпал етті». Сауда комитеті тағы бір түсініксіз тірлікке назар аудартты: базарлардың өз қызметі мүлдем тексерілмейді, өйткені заңнама тек соларда сауданы жүзеге асыратын субъектілерді – саудагерлерді және олардың өнімдерін тексеруге ғана бағытталған. Сорақылығы сол, шенеуніктер бұл саланы тәртіпке келтіруге бағытталған талаптар мен баптарды көз қылып қана қабылдаған: оларды бұзғандарға еш жаза қарастырылмапты. Сауда ведомствосының мәлімдеуінше, базарлар қызметін реттеудің қолданыстағы заңнамасын талдау көрсеткендей, базар иелері мен олардың әкімшілерінің жауапкершілігін бекітуде қаптаған олқылық бар. Нақтыласақ, заңнама талаптары, ішкі сауда субъектілерінің міндеттемелері мен ережелері бар, ал оларды бұзғаны үшін Қылмыстық кодекс түгіл Әкімшілік кодексте әкімшілік айыппұл қарастырылмаған. Және саладағы бұзушылықтарды анықтау бойынша мемлекеттік бақылау тетігі жоқ көрінеді. «Бұл проблема салада көлеңкелі экономиканың өсуіне әкеліп соқтырды: ол ЖІӨ-нің 5,57%-ына тең. Бұған сауда қызметін реттеуде тиімді мембақылау мен қадағалаудың жоқтығы, базар ашу үшін рұқсат беру бақылауының болмауы салдарынан жол берілді. Әлі күнге дейін саудагерлерде бақылау-кассалық аппарат жоқ. Базарларда тұтынушылардың құқығы сақталмайды. Техреттеу және метрология талаптары бұзылады, таразыдан жейді. Антисанитария жайлаған. Ветеринарлық нормалар бұзылады. Өртке қарсы қауіпсіздік сақталмайды. Базардағы жұмыскерлер жұмысқа ресми орналаспайды, зейнетақылық жарна аудармайды», – деп хабарлады министрлік. Сала ондаған жыл бойы қордаланған былықтан арылуға кіріседі деген үміт бар. Сауда комитеті базар иелерінің құқығы мен міндетін бекіту, барлық базар қызметін лицензиялау, оларға қатысты мемлекеттік қадағалау тетіктерін енгізу, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында деректермен ашық және тиімді алмасуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені әзірлеу бөлігінде қолданыстағы сауда қызметін реттеу туралы заңнамаға түзету енгізуде. Бір базардан мың жөнсіздік Бақыт Сұлтанов басқаратын министрлік атышулы «Алтын Орда» базарын мысалға келтірді. Оған қатысты тексерістерден белгілі болғандай, 90-жылдардың басында ашылған бұл қара базар 28,9 гектарды алып жатыр. Оның аумағы 3 қожайынға тиесілі: Kurylys LTD ЖШС (21,9 гектарын, барлық жердің 75%-ын еншілеген, онда 44 ғимарат орналасқан), Meat King (0,996 гектар, 3 объект) және «Алисултанова» жеке кәсіпкерлігі (6,02 гектар, 16 ғимарат). Бұл қожайындардың бәрі өз жер учаскелерін Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС-ына (директоры және құрылтайшысы – Д.Әбдіғапаров) жалға берді. Салықшылардың дерегінше, соның ішіндегі алпауыты Kurylys LTD ЖШС 3 жылда салықтың барлық түрі бойынша бюджетке бар-жоғы 41 млн теңге төлепті: 2019 жылы – 15 млн, 2020 жылы – 8 млн, 2021 жылы 18 млн теңге. Биылғы ақпанда камералдық бақылау нәтижесінде компания қызметінен 298 миллион теңге салық заңнамасын бұзушылық анықталды. Бүгінде ол соның 106 млн теңгесін төледі. Тексеру көрсеткендей, ЖШС аумағындағы 44 құрылыстың 26-сын иелері рұқсат беру құжаттарынсыз, өз бетінше салып алған. Соның 7-еуі Ақсай өзенінің су қорғау аймағы шегінде тұрғызылыпты. Масқарасы сол, құзырлы органдар оның 17 объектісін сүру туралы актілер шығарған. Алайда ол объектілердің бәрі толыққанды жұмыс істеуін жалғастырған. Тексерушілер келесі жаға ұстатар жайтты әшкереледі: базар аумағында Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС-ның шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланылатын су тарту құрылғысы тұрғызылған. Бірақ су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган оған арнайы су пайдалануға рұқсат бермегені мәлім болды. Су ресурсын қанша көлемде шығындайтыны да белгісіз, есеп жүргізілмейді. Су өлшеу аспаптары жоқ. Тіпті су объектісін пайдалану туралы ақпаратты уәкілетті органға бермейтін болған. Биліктің қаңтар оқиғаларына дейін неге бұған көз жұма қарап, төзіп келгені түсініксіз. Өз кезегінде Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС 3 жыл ішінде салықтың барлық түрі бойынша ауыз толтырып айтуға жарамайтын 94 млн теңге ғана аударды: 2019 жылы – 28 млн, 2020 жылы – 31 млн, 2021 жылы 35 млн теңге. Ақпандағы камералдық бақылау оның қызметінен 1,3 млрд теңгеден астам соманың бұзушылықтарын анықтады. Оның 1,1 миллиардын төлеп тастапты. «ЖШС жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз «Алматы–Бішкек» автомобиль жолының бойында, яғни қызыл сызық шегінде ортақ пайдаланымдағы жерлерді басып алған. Онда жалпы ауданы 321 шаршы метр жерде сауда бутиктері салынған. Мұның сыртында, базар аумағына жалпы ауданы 1,3 гектар мемлекет меншігіндегі жер учаскелері кіріп кеткен», – деп мәлім етті Сауда министрлігі. ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзудың 200-ден аса фактісін тапты. Қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, СЭС, ауыл шаруашылығы органдары, басқасы да жөнсіздіктерді тіркеді. Базар аумағында мыңдаған бизнесмен көлеңкелі саудамен айналысатыны анықталды. Тексерістер нәтижесінде 2 898 бизнес субъектісі тіркеуге қойылды. Сондай-ақ базар аумағында 63 ғимарат, 3 су мұнарасы, 4 408 сауда орны бар екені айқындалды. Алайда компания өз есептері мен декларацияларында тек 11 ғимарат пен 3 600 сауда орны бар екенін көрсеткен. Тек осылар бойынша салық төлеуден жалтару көлемі 400 млн теңгеден асты. Жұмыс тобы мүшелерінің бағалауынша, «Алтын Орда» базары сауда орындарын, автокөлік тұрақтарын ұсынудан ғана жылына ең кемі 3 миллиард теңге алым жинап келді. Бүгінде базар басшылығы ауысқан. Ақпарат құралдарының жазуынша, базарды тәртіпке келтіру шаралары басталған. Жалпы, тексерушілер анықтаған былықтарды бүге-шүгесіне дейін терсе, бірнеше томға тартуы ықтимал. Оларды түзету де бірнеше жылға ұзауы мүмкін.