Шымкенттегі орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары белгісіз себептерге байланысты тоқтатылды.
Былтыр қала әкімдігі тозығы жеткен нысанды түбегейлі өзгертеміз деген болатын. Қаржы салуға дайын инвесторлар да табылған. Жеке кәсіпкер жобаға 45 млн евро бөлуге дайын екенін де айтқан. Спорттық ғимарат жаңаруы тиіс еді, алайды ел күткен өзгеріс болмады.
Биыл орталық стадионға 53 жыл толды. Осы уақыт аралығында спорт аренасында талай жарыстар өтті. Халық қаншама ойындардың куәсі болды. Небір атақты спортшылар өнер көрсетті. Аты аңызға айналған Мәскеудің «Спартагы», Киевтің «Динамосы» және Алматының «Қайраты» осы алаңда доп тепті. Олардың ойынын 37 мыңға дейін көрермен тамашалады. Алайда уақыт өте келе, стадион әбден тозды.
Жергілікті билік қайта құрылымдаудан өткізетінін айтты. 45 млн евроға жаңа жоба ұсынылды. Құрылысты словакиялық компания жүргізуі тиіс еді. Бірақ бәрі сөз жүзінде айтылып, сызба жүзінде қалды.
Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев: «Біз осы стадионды күрделі жөндеуден өткізуге ниет білдіргеннен кейін барлық жеке кәсіпкерлер ұсыныстарымен келген болатын. Соның ішінде, словакиялық компания өздерінің ниеттерін білдіріп, алдын ала болжамды есептерін әзірледі. Жоба құны көп болғандықтан, қайта есептеу тапсырылды. Компания басшысы сол кездегі қала басшысымен кездесті. Қала басшылығы өз қаражатынан бастауды ұсынғанда, келісімге келе алмады. Сондықтан жөндеу жұмыстары тоқтады", - дейді.
Ал стадионның директоры Құрманбек Ордабековтің айтуынша, бұл стадион – еліміз бойынша табиғи шөп өсірілген жалғыз алаң. Қазіргі таңда УЕФА-ның, Қазақстан футбол федерациясының талабына сай стадионда жанкүйерге жайлы, жақсы ойын тамашалау үшін шатыр болуы керек. Жүгіру алаңын ауыстыру керек. Биыл стадионның техникалық-экономикалық негіздемесіне жергілікті бюджеттен 18 млн теңге бөлінеді. Содан соң жобалық-сметалық жұмыстарына тағы да қаржы керек.
Спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының айтуынша, тағы да инвестор тарту жоспарланып отыр. Бірақ жанкүйерлер мен спортшылардың қашан жайлы, заманауи стадионның қызығын көретіні әзірге белгісіз.