11 мың ағаш кесілді

11 мың ағаш кесілді

Алматы қаласы тұр­ғын­дары Құлжа тасжо­лы­ның 20 шақы­рымы мен осы тас­­жолдың Бұқтырма көше­сі­мен қиылы­сын­дағы жаппай ағаш кесу науқанына наразы­лық танытып жатқанынан ха­бар­дар болдық. Әлеуметтік желі қолданушы­лары мен бел­­сенділер де соңғы күндері ағаш­тардың оталуына қарсы­лық білдіруде. Белсен­ділердің бірі Татьяна Антоненко­ның айтуынша, ке­сіл­ген ағаш­тар­дың орнына сау­да – ойын-сауық орталығы бой көтер­мек. Олар ағаш кесушілерді «Әкім­шілік құ­қықбұзушылық туралы» ко­декс бойынша жаза­лануын та­лап етті. Алматы облысы әкімді­гі бас­па­сөз қызметі Алматы – Көк­пек – Шұнжа – Көктал бағы­тын­­дағы Құлжа тасжолының 20-ша­­қырымындағы ағаштар Үлкен Алматы ай­нал­ма автожолының құрылысына байланысты кесіліп жатқанын мәлімдеді. «1 584 ағаш кесіледі. 2019 жылдың 7 қаза­нын­да оған арнайы рұқсат беріл­ген. Жобаны іске асыру бары­сын­­да қайтадан ағаш отырғызу қарастырылған. Шабылған 1584 ағаш­тың орнына 4752 көшет отыр­ғызылады», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалым­мұрат Жүкел.  

Олқылықтың орнын кім толтырады?

Іле-шала Алматы қаласының Ме­деу ауданына қарасты Құлжа тас­жолы бойында «Mолл Aport East» сауда – ойын-сауық орта­лы­­ғы құрылысын салу үшін 11 мың ағаш кесілгені жөнінде ха­бар та­рады. Қалалық Жасыл эконо­ми­ка басқармасы ағаштарды кесу жөнінде ешқандай рұқсат бер­ме­ген. Әкімдік меншік иесін жасыл желекті өз бе­тін­ше кескені үшін сотқа берді. Бұл оқиғаға алдымен эко­лог­тар алаңдаушылық білдіре бастады. Олар оқиға болған жерге барып, жаңа кесілген ағаш­тар­ды суретке түсіріп, әлеуметтік же­лілерде жариялады. Эко-акти­вист Салтанат Тәшімованың ай­­туына қарағанда, олар жала­ңаш қалған алқапты көріп таң­ғал­ған. «30 ағаштың тіпті жаңа­дан кесілгенін байқадым. 10 ақ­­пан күні Медеу аудандық ІІБ-не жағдайды айтып, арыз жаз­дым. 11 мың ағашты рұқсатсыз кес­ке­ні ашу­лан­дырады. Бұл жерде қара­ағаш, терек және үйеңкі ағаштары өсіп тұрған», – дейді ол.  

Қылмыстық іс қозғалды

Алматы қалалық әкімдігі Жа­­сыл экономика басқармасы ағаш­тарды кесуге ешқандай рұқ­сат бе­рілмегенін айтуда. «2018 жылы жа­­сыл желектерге санақ жүр­гі­зіл­ген. Алматы бойынша олар­дың қа­тары 2 миллион 350 мың болған. Олар негізінен ағаш­тың зығыр, қа­ра­ғай, үйеңкі сияқты жапырақты түр­лері. Өткен жылдың желтоқсан айын­да East land ЖШС Жасыл эко­номика басқармасына жасыл же­лектердің болуы немесе болма­уын анықтайтын хат беруіне өті­ніш жасалған. Құжат бойынша бұл жер­де жасыл желек болуы тиіс. Ба­рып көргенімізде, ағаштар бол­ған жоқ. Бұл өз бетімен ағаш кесу», – дейді Жасыл экономика бас­­қар­ма­­сының бөлім басшысы Олжас Жаныс­паев. Бұл сөзді Алматы қаласы Ме­деу ауданы әкімі Сұлтанбек Мақа­­жанов та мақұлдап отыр. «Олар бұл әрекеттері жөнінде біз­ге хабарлаған жоқ. Ол жер қор­шал­ған. Алқапта жұмыс жүріп жатыр. Ал бір түнде осындай вандализм әре­кеті орын алған. Жасыл эконо­мика басқармасы істі сотқа берген және бұл істі екі айдан бері сот ор­гандары қарап жатыр. Олар олқы­лықтың орнын бес есе етіп өтеу керек. Яғни, 17 мың ағаш отыр­ғызуы тиіс. Барлығы 3 мыңға жуық жасыл желек пен бұта ша­былған», – дейді аудан әкімі. Бір бай­қағанымыз, қанша ағаш ке­сіл­гені жөнінде әртүрлі ақпарат бе­рі­ліп жатыр. Алматы қалалық Полиция депар­таменті ресми өкілі Салтанат Әзір­бек ағаш кесу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын ха­барлады. Келтірілген шығын со­масы сарапқа салынады.   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ