Шекара асып, шетелге кетуге құлшыныс танытудың себебі көп. Бірі жоғары білім іздеп, енді біреуі қара жұмысқа жегіліп, тұрмысын жақсарту үшін кетеді. Алайда армандаған айлығын бермек түгілі соқыр тиын ұстатпай, құлдықтың қамытын киіп кеткендер туралы жиі естиміз. Өкініштісі сол, өткеннен сабақ алғандары аз.
Олай деуіміздің себебі, күні кеше тағы бір қазақстандық қыз Лаоста құлдыққа түскенін айтып, көмек сұрады. Бүгінде Қазақстанның Ханойдағы елшілігі Лаос сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдады. Бұл мәселемен енді Лаос сыртқы істер министрлігі мен ішкі істер министрлігінің өкілдері айналыспақ. Елдегі адам құқығын қорғау саласының сарапшылары Лаостағы қазақстандықтың ісі әлі жіті тексерілуі керегін айтады. Өйткені «адам саудасы» бойынша іс қозғалудың да өз дәрежесі бар. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішовтің айтуынша, адам саудасымен айналысушылар құлдық құрбандарының құжаты мен телефонын тартып алып, өздерін қапаста ұстайды. «Сондықтан қыз бала құлдыққа тартылмауы да мүмкін. Бұл жерде мәселе келісімшартты дұрыс оқымағаннан туындаған секілді. Сол үшін құзырлы орындардың сараптамалық жұмысын күткен дұрыс», – дейді ол.Жау алыстан келмейді Адам бостандығы мен еркіндігі басты байлық саналатын біздің елде құлдықтың қамытын киіп, еңбегі аяусыз қаналып жатқандарда есеп жоқ. Есеп жоқ деуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені ресми органдарда тіркелген сан ашылғаны ғана. Ал ар-ұятты жоғары қойып, ел-жұрттың өсегінен, қала берді әділетті үкімнен қайран жоғын алға тартатындар тағы бар. Одан бөлек, жат жұртқа жоғары жалақы іздеп барып, құлдыққа жегілген қазақстандықтардың өксікпен өмірін өткізіп жатқаны белгісіз. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның статистикалық мәліметтері бойынша, Қазақстан әлемдегі адам саудасы ең көп тіркелген елдердің тізіміндегі «көшбасшылығын» әлі берген жоқ. Оның себебін біздегі құзырлы орындар тоғыз жолдың торабында жатқан Қазақстанның шекарасы ТМД елдері үшін айқара ашық тұрғанымен түсіндіреді. Екіншіден, мол қаржыға малданғандар адам саудасының тілге жиі тиек етілгеніне де назар аударуға шамасы жоқ. Оның соңы арзан бағаға шетелге шығуға билет ұсынатындар мен әлеуметтік желі арқылы өз еліне шақыратын «қонақжай» жандардың ертегіге бергісіз сөзіне елітіп, ертеңіне балта шабуына әкеледі. Әйтпегенде біраз жыл бұрын оңай олжа табамын деп құлдыққа түскен Тагина Хайтметованың жағдайы талайымызға сабақ болса игі еді. 24 жастағы отандасымыз ата-анасына ескертпестен белгісіз біреулерге еріп, Бахрейннен бір-ақ шыққан. «Бахрейн ісінде» жоғары жалақы табамын деп барып, басыбайлы күңге айналған 15-26 жас аралығындағы 39 қыз елге қайтарылды. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған 9 қыз бар. Былтыр ғана осы атышулы іске соңғы нүкте қойылып, 16 сотталушының алды 14 жылға жаза арқалады. Трансұлттық қылмыстық топ қыздарға тұрмысын түзету үшін, ал кәмелеттік жасқа толмағандарды «басқа қалада оқытамыз» деген сылтаумен ата-анасына сенімхат жаздырып алып, шетелге 5 және 15 мың АҚШ долларына сатып отырған. Алданған ата-аналар балаларын өз бетінше іздегенімен, қылмыстық топтан үнемі қысым көріп келгені айтылды. Қылмыстық топтың құрдымына түскендердің барлығы Түркістан облысының қыз-келіншектері. Ал олардың құжатын рәсімдеп, шетелге жібергендер жәбірленушілердің жақын туыстары. Олар жақындарының сеніміне кіріп, ұшаққа отырғызып жіберумен айналысса, күтіп алушылар түскен бойда құжаттарын тартып алып, күңдікке салған. Қыздардың құжаты, визасы мен билет құны 300-600 мың теңгеге дейін сатып алынған. Осыншама ақшаны ойланбастан бере салған таныстарының «жомарттығы» жас қыздардың жақындарын да ойландырмаған. «Барсаң бақыр да жоқ екенін» түсінгенімен, өзге елде барар жері, басар тауы жоқ қыздар қылмыстық топтың айтқанына көніп, айдауымен жүруге мәжбүр болады. Оларды мәжбүрлеп ұстаушылар қатаң кестемен жұмыс істеуге көнгісі келмегенді аяусыз жазалап, жертөледе аш-жалаңаш жатқызған. «Қорғансыздың күні» Ресейдегі қазақстандықтардың өмірі де қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірақ бұл оқиға да өзге қандастарға ой сала қойған жоқ. Бес жыл бойы құлдықта болған Бостандық есімді бойжеткенге таныс ерлі-зайыптылар бір отбасында бала күтуші жұмысы бар екенін айтып сендірген. Құжаттарды рәсімдеп, пойызға билет те алып берген. Шекарадан асқан соң күндіз түгілі түнде ұйықтауына тыйым салған үй иесі қызға қол жұмсауды әдеттегі жұмысына айналдырады. Ең сұмдығы, қыз-жігіттерді құлдыққа сатқандар да, жұмысқа жеккендер де өзге емес, өз еліміздің тумалары. Мысалы, осы істе құлдық құрсауына түскен кейіпкердің бірі – Несібелі Ибрагимова. Оны өзге емес, күйеуі мен енесі сатып жіберген. «Бір күні енем «Біз Мәскеуге барамыз» деді. Алдымен күйеуім кетті. Әуежайда енем маған «Шаруаларым шығып қалды, өзің кете бер. Мен бір аптадан кейін барамын. Сені сол жақта келінім күтіп алады» деді. Ол жақта өткізген сегіз ай нағыз тозаққа айналды», – деп еске алады Несібелі. Ресейге ақша табуға барып, алты жыл қорлық көрген шымкенттік әпкелі-сіңлілі Фатима мен Әлияны да Мәскеуге өзге емес, өз танысы жетектеп апарған. Адам көргісіз қорлық көрген қазақ қыздарын бөтен елде басыбайлы күңдікке ұстағандар да өзге емес, өз қазағымыз. Жайлы жұмыс, жоғары жалақыға имандай сенген Жәнібек те азапты күндердің артта қалғанына әлі де сенбейді. 18 жасында өздігінен күн көріп, ата-анасына салмақ түсірмеуді ойлаған жігіт Мәскеуде көгерген нан жеп, күнелткен. Мәскеудегі танымал дүкеннің әпкелі-сіңлілі қожайындарының қарамағында жұмыс істегендер бостандыққа шықса да әлі күнге үреймен өмір сүріп келеді. Өйткені ағайынды әйелдердің үстінен қанша адам арыз жазғанымен, құл иеленушілердің ісіне тосқауыл қояр тиісті орындар табылмай тұр. Айталық, Грузияда өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған жерлесіміз Әсел Айтпаеваның оқиғасында да 500 доллар жалақы төлейтін жұмыс ұсынып, өзге елге алдап апарған. Табыс деп аттанып, торға түскендер
Әлемдік қоғамдастықпен бірлесіп құл саудасының жаңа әдіс-тәсілдеріне қарсы тұру үшін қажетті шаралар да қабылдануда. Құл иеленушілерге қарсы қарекеттің аздығы мен әліптің артын бақпайтындар азаймай, өзге елде өксікпен өмірін өткізіп жүрген отандастардың мәселесі өзектілігін жоймайтыны түсінікті.Сыртқы істер министрлігі шекара аспас бұрын шетелде жұмыс істеуге арналған құжаттар мен келісімшарттарды мұқият зерделеуге шақырады. Ертегіге бергісіз өмірді аңсап барған қазақстандықтарға құқықтық көмек беріп жүрген заңгер Айгүл Орынбек те осылай деп отыр. Заңгер жылына кем дегенде осындай жағдайға душар болған 3-4 адамға көмектесетінін жеткізді. Көбі Корея, Түркия, БАӘ елдеріне алданып, құлдықтың қамытын кигендер. «Шетелде құлдыққа сатылғандардың дені жоғары жалақы іздеп барғандар. Көп қыз-жігіт сондай жағдайда интернет арқылы хабарласып «Күдіктеніп жатырмыз» деп хабарласады. Тығырықтан шығудың жолдарын айтып, ақыл-кеңес беремін. «Қарсы келмеңдер, өлтіріп қоюы мүмкін. Жергілікті жер бойынша геолокациясын жібер. Жан-жағыңды видеоға түсіріп ал» деп айтамын. Мына жақтан өзім де сол елдегі таныстарға жеткіземін. Жақында ғана Кореяға кеткен бір қыз солай шықты. Барған соң бір бөлмеге қамап қойған. Бірақ телефонын алып үлгермепті. Танитын қазақтарға шығып, олар дер кезінде құтқарып қалды. Түркияда да ондай жағдайлар көп болды. Түркия арқылы Парсы шығана-ғына құлдыққа кетіп бара жатқан қызды құтқарып қалдық. Жап-жас қызды Түркиядағы құрбысы тігін фабрикасында жұмыс істейміз, айлығың 1 000 доллар болады деп алдаған. Абырой болғанда, Парсы шығанағына кеткелі тұрған жерінен Түркия полициясы құрықтады. Ол жерде бірнеше қыз болды. Қазақ қыздарын саудаға салған сыныптас қызы, өзіміздің қаракөз қызымыз», – дейді заңгер. Бір апта бұрын Францияға жұмысқа кетіп, хабарсыз кеткен тағы бір баланың анасы ұлынан хат-хабарсыз қалғанын айтып көмек сұрапты.
Елімізде адам трафигіне қарсы тұру және адам саудасына қарсы күрес бойынша түрлі шара қабылданғанына қарамастан, жыл сайын құлдыққа түсетін ондаған мың адамның тек жүздегені ғана ҮЕҰ мен құқық қорғау органдарының қызметі арқасында бостандыққа қол жеткізеді екен. Сол жүздеген жәбірленушінің ішінен оны ғана сотқа жететін көрінеді. Себебі мұндай істерде тергеуге тым көп уақыт кетеді әрі кінәлілер тиісті жазаға тартылмайды. «Құлдықтан босап шыққан қыздар «Тұрмысқа шығуымыз керек, туыстардан ұят» деп өздері туралы желіде жазуды қаламайды. Мен де рұқсатсыз олар жайлы айта алмаймын. Ресейге барған қыздарды туған-туыстары апарған. Кейінгілердің көбінде агенттік арқылы кеткендер. Ал ондай агенттіктердің артынан іс қозғау өте қиын. Басы әдемі басталады, соңына келгенде сұйытылады. Өйткені оның ұшы шенеуніктерге келіп тіреледі. Сол үшін құлдықта болғандардың өзі арызды қайтарып алады, қысым жасалады», – дейді Айгүл Орынбек. Оның айтуынша, Кореяға кеткендердің 80 пайызы ер адамдар. Түркия мен БАӘ-ге қыздар көп барады. «Алғашқы байланысқа шыққан кезде көмекке сол елдегі жергілікті қазақтарды тартамын. Ешқайсысы бетімді қайтармайды. Олардан көмек болмай жатқанда ғана құзырлы орындардан көмек сұраймын. Себебі құзырлы орындарға айтсаң, бюрократияға салынады. Өзінің ата-анасы арыз жазсын деп жүргенде құлдыққа түскен адамдарға көмектесе алмай қалуымыз мүмкін», – дейді заңгер.