Палуандар елге оралды

Палуандар елге оралды

Қазақстандық палуандар Болгария астанасы София қала­сында өткен әлем чемпионатында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. 20 жасқа дейінгі палуандар арасында 57 келідегі Мерей Базарбаев финалға дейін жетіп, ақтық сында ғана есе жіберді. Кейін дәл осындай жетістікке әйелдер күресінде Алтын Шағаева мен Анастасия Панасович қол жеткізді. Олар сәйкесінше, 53 және 72 келіде сынға түскен болатын. Ал орта салмақтағы Мәдина Аман үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдегер атанды. Грек-рим күресінде де екі қола бар. Елордалық Мақсат Сайлау мен жамбылдық Дінмұхамед Қошқар жеңіс тұғырына көтерілді. Ал қостанайлық Юсуф Мациев күміс жүлде еншіледі. Осының арқасында грек-рим күресінен және әйелдер күресінен жалпыкомандалық есепте 6-орынға тұрақтадық. Ал еркін күрес шеберлері арасында ұлттық құрама 12-орында тұр. Топ басына Иран, АҚШ, Үндістан, Әзербайжан, Жапония және Түркия командалары жайғасты.

Кербез ЕСІМХАН