Соңғы кездері Экология министрлігі үшін елдегі киіктің көбейгені бас ауыртар мәселеге айналды. Ведомство қайткен күнде де бөкендердің санын азайтуға мүдделі отыр. Алғашқыда шаруаларға зиян тигізген соң 80 мың киікті ату жоспарланған, кейін асығыс шешім сынға қалып, тоқтатылды. Енді министрлік киікті ақылы аңшылық нысанына айналдырмақ. Яғни, «ақшасын бер де, ата бер» қағидасы алға шықты. Кезекті жоспар тағы сынға қалмай ма, бұл жайында экологтер не ойлайды?Ақылы аңшылықтың араны ашылмақ
Биыл Батыс Қазақстан облысындағы шаруалар «киік шаруамызға зиянын тигізді» деп көп шағым айтқанын білеміз. Кейін үлкен дау болғаны есте. Маусымда «Ашық үкімет» сайтында заңға түзету енгізу туралы құжат жобасы жарияланды. Құжатта Экология министрлігі киік атуға рұқсат етуді ұсынатыны жазылған болатын. Осылайша, маусымның соңында Экология министрлігі киік санын реттеу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Ведомство басшысы Серікқали Брекешев Орал даласындағы киіктің 10 пайызын атуға рұқсат берілетінін мәлімдеген. Яғни, 80 мыңын ату жоспарланды. Жауаптылар бұл әрекетті «популяцияны сақтау және арттыру» деген. Артынша Батыс Қазақстан облысы әкімдігі киік етін өңдеп, консерві шығару мәселесін көтерді. Тіпті, аймақтағы кей аудан әкімдері «ет комбинаттары дайын» дегендей айтып қалды. Экологтар мен елдің қарсылығына қарамастан Экология министрлігі шаруаға белсене кіріскені келген еді. Ақыры шілденің ортасында Серікқали Брекешев оғаш жоспары үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алып тынды. Дегенмен министрдің келеңсіз ісі мұнымен біткен жоқ. Сөгіс алған соң көп ұзамай Экология министрі Үкіметтен бөкендерді зерттеуге қаржы сұрады. Ақыры таяуда Экология министрлігі 2023 жылдан бастап киікті ақылы аңшылық нысанына айналдыру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл жөнінде 23 тамызда баспасөзге сұхбат берген Экология министрі Серікқали Брекешев айтқан.
– Киіктің «Қызыл кітапта» енгізілген жануар емес екенін бұған дейін айтқанбыз. Қазақстанда киік аулауға 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған. Бұл мәселе қазір қаралып жатыр, қазан айының соңына дейін шешім қабылдаймыз, – деді министр.
Бұған дейін «Киікті ату» туралы «асығыс шешімінен» кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алған Экология министрі «ақылы аңшылық алдында» өзге жолдарды да іздеп, киіктерді басқа өңірлерге көшіру мәселесін қарастырғанын айтты.
– Өкінішке қарай, ғылыми ізденістер бұл тәсілдің тиімсіз екенін көрсетті. Басқа жаққа айдаған кезде киіктер қырылып қалуы да, жаңа жерді жерсінбей бұрынғы орнына қайта келуі де мүмкін. Сондықтан бұл мәселені доғардық, – деп түйіндеді министр.
Сонымен, «ақылы аңшылық» жайына қайта оралайық. Әзірге жоспар егжей-тегжейлі сараланып, нақтысы айтылмады. Бір киікті ату құны қанша тұрады, бұл істі бақылау қай мекеменің құзырына берілмек? Осы сауалдарға әлі жауап жоқ.
Киікке квота бөлу керек пе?
Жалпы, Қазақстанда киіктің үш тұқымдасы бар екені көпке мәлім. Бетпақдала, Үстірт және Орал тұқымдастары бар. Кейінгі жылдары аталған үш тұқымдас та көбейген. Әсіресе шаруалары шулаған Батыс Қазақстан облысында қарқынды өсті. Экология министрлігінің мәліметіне қарағанда, бұл облыстың үш ауданын мекендейтін киіктер кейінгі екі жылда екі еседен астам көбейіп, 334 мыңнан 842 мыңға дейін жетіпті. Шынында саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бейресми дереккөздерде Орал популяциясына қарасты киіктердің биыл төлдеп, 1 миллионнан асқаны айтылады. Шамасы, министр Брекешевтің алдыңғы «киікті қыру» жоспарынан гөрі, ақылы аңшылық нысанына айналдыру ойы экологтердің көңіліне қонса керек. Әйткенмен, тағы бір шикіліктің шеті аңғарылады. Эколог Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, Экология министрлігі киіктерді аңшылық нысанына айналдыру ісін «Охотзоопром» жануарларды қорғау комитетіне тапсыруы мүмкін. Ал бұл қадам өз кезегінде мемлекеттік монополияның орнауына әкеледі. Соның кесірінен қателік көп шығуы мүмкін екен.
– Киіктерді ақылы аңшылық нысанына айналдырып, санына байланысты квота белгіленгенін құптаймын. Орал мен Бетпақдала популяциясы біршама көбейді. Әсіресе Орал популяциясы 2 есе артқан. Бірақ ақылы аңшылық жасауда монополия жасамау керек. Бәрі бір қалтаға түспегені жөн. Бұл істі бәсекелестік ортаға беріп, аңшылық шаруашылықтарға тапсырған абзал. Олар өздері үшін киікті қорғап, табысы ортаймас үшін киік санының азаймағанына мүдделі болар еді. Егер ауыл тұрғындары аңшылық шаруашылық құрамыз десе, қолдау көрсеткен дұрыс. Көп ресурс кетпейді, киік мекендейтін аймақтарға жақын, ауыл халқы бәрін ұйымдастыра алар еді. Ал Экология министрлігі не істегелі отыр? Естуімше, ведомство мемлекеттік монополияны қолдап, ақылы аңщылық ісін «Охотзоопромға» ғана бергісі келіп отыр, – дейді сарапшы.
Қозыбақовтың айтуынша, алғашқыда квота киік санының 20-30 пайызына сәйкес бөлінгені абзал. Саны азая бастаған соң 10-15 пайызға түсірген жөн. Дегенмен маман бұл істі бастау үшін әуелі ауқымды зерттеу жүргізіліп, биологиялық негіздеме жасалу керегін айтады. Айтпақшы, бұдан бұрын эколог Сәкен Ділдахмет бізге киік саны 2-3 миллионға жетсе, санын реттеуге қарсы келмейтінін айтқан еді. Оның ойынша, киік атуға енгізілген мораторий 2025 жылға дейін ұзартылуы тиіс. Ал Үкімет бұл аралықта киік мүйізін сату, етін өңдеуге қатысты проблемаларды шешіп алған жөн.
Әйтсе де салаға жауапты министрлік мораторийді 2023 жылдан әрі созғысы келмейтінін аңғартып жүр. Сондықтан ведомство қандай жолды қолданса да, киік санын реттеуді келесі жылдан бастайтын тәрізді. Жауаптылардың дәл осы киікке не себепті «өшіге» қалғаны бізге беймәлім. Бір жағынан жоспардың астарында аңшылықты жаны сүйетін қалталылардың мүддесі жатқан жоқ па деген ой алаңдатады. Дегенмен жүйелі ұйымдастыра білсе, ақылы аңшылықтың да тигізер пайдасы мол болуы мүмкін. Мұның бәрі алдағы уақытта ауқымды талқылауға түсетіні анық.