– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім саласындағы өзекті жайлар туралы нақты тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен, білім алу үшін студенттерге зор мүмкіндіктің берілуі. Яғни, мемлекет ендігі кезекте студенттерге білім алу үшін 2-3 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие беруді қолға алмақ. Бұл еліміздің болашағына әрі жастардың білім алуына берілген аса маңызды қадам деп білемін. Мемлекет басшысы студенттік жатақханалардың жетіспеушілігін атап көрсетіп, мәселені жылдам шешудің тиімді жолдарын нұсқады. Жекеменшік иелеріне құрылысты өздері салуға рұқсат берілді. Ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында жекеменшік иелеріне жоғары оқу орындарымен мемлекет және жекеменшік әріптестік негізінде бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Құрылыс компанияларына жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста әрекет етуді тапсырды. 2024 жылдан бастап жыл сайынғы инвестициялық кірістен 50 пайыз мөлшерінде қазақстандық балалардың есепшотына аударылуы да біз көптен күткен игілік еді. Осылайша, елде өз-өзін қамтамасыз еткен адамдардың қатары көбейеді. Ендігі кезекте, жастар есепшоттарындағы қаражатты баспана алуға және білім алуға жұмсай алады. Сондай-ақ Президент еліміздегі бала күтіміндегі әйелдерге жәрдемақыны бала 1,5 жасқа жеткенше беру туралы тапсырма бергені қуантты. Төлемдер 2023 жылдың 1 қаңтарынан ұлғайтылып берілмек. Біздің оқытушылардың арасында жаңадан тұрмыс құрғандар көп. Олардың кейбірі тұрмыстық жағдайға байланысты бірнеше айдан кейін жұмысқа шығып кетіп жатады. Сондықтан мемлекет балалардың күтімі үшін 1,5 жылға дейін қамтамасыз етуі аса маңызды мәселенің шешімі болғаны сөзсіз.