«Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салды» демекші, жылдан-жылға бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан кепілді және мақсатты трансферт жасау әдетімізге айналып барады. Әсіресе, 2015 жылдан бастап Үкімет оңай ақшаға тым үйір болып алды және жылдан-жылға араны ашылып барады. Әр алғанда орнын толтырамыз деген уәде де беріледі. Бірақ ол уәденің қаншалықты орындалып жатқаны белгісіз. Күні кешегі Жолдауында Мемлекет басшысының өзі де осы мәселеге назар аудартты. Жалпы, ұрпаққа деген ұлт несібесін кертіп жеген қаншалықты дұрыс? Триллиондаған трансферттердің сұрауы жоқ па? Ұлттық қор құрылған сонау 2000 жылдардан бері көздің құрты болып келеді. Мұнай бағасы шарықтап тұрған кезде орасан көп табыстың артық бөлігін келер ұрпақ үшін жинаймыз деген шешім қабылданып, норвегиялық модель бойынша құрылған қор тез толықты. Бас-аяғы 15 жыл ішінде мұндағы қаржы көлемі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш – 71 751 млрд долларға жетті. Бұл мұнай бағасының да шарықтап барып, басылған жылы еді. Содан бері қордағы ақша қарқынды түрде азаюмен келеді. Бүгінде бұл сома –51 млрд доллар. Мүлдем тиюге болмайды деген Ұлттық қордан ақша алу 2007-2008 жылдардан басталды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде тұрақтандыру бағдарламалары үшін 1 трлн 196 млрд теңге бөлінді. Бұл – долларға шаққанда 10 млрд және сол кездегі қор ақшасының 35 пайызы еді. Бұл қаржының 332 млрд теңгесін банктер (соның ішінде БТА банкі – 212 млрд) алды, 290 млрд үлескерлер проблемасын шешуге жұмсалды, 240 млрд ШОБ пен АӨК-ке теңдей бөлініп берілді, 190 млрд теңге инфрақұрылымдарды жақсартуға (оның 115 млрд Шымбұлаққа) кетті, 144 млрд теңге экономиканың нақты секторын несиелеуге шығындалды. Нәтижесінде олигархатқа тиесілі банктердің болашақ ұрпақ несібесінен бөлінген ақшаның тең жартысын қайтарымсыз иеленіп кеткенін көріп отырмыз. Бұл қаржының қайда кеткеніне осы күнге дейін әлі ешкім жауап берген жоқ. Ол аздай, құныққан қаржы институттарының иелері осындай «көмекті» қайталағанды жөн көріп, 2014 жылғы девальвациядан кейін ел Үкіметі Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуге шешім қабылдайды. Бұл долларға шаққанда 5,5 млрд және сол кездегі қор ақшасының 8 пайызы еді. Бұл жолғы транштардың 500 млрд теңгесі проблемалық кредиттер жабуға жұмсалды. 200 млрд ШОБ-ке, 150 млрд индустриалауға, 81 млрд Қорғас, Атырау және Таразда Арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құруға, 40 млрд ЭКСПО-2017 құрылысына, 29 млрд елорда әуежайына жаңа терминал салуға және ҰҚЖ реконструкциялауға бөлінді. Бұл тұста да банктер мен олардың бенефициарлары кезекті трансферттің 70 пайызын иемденіп кеткенін көруге болады. Бұл қаражатты олар банк белсенділігін қаржыландыруға және кредиттік портфельді тазалауға шығындапты-мыс. Тұрақтандыру бағдарламалары мен болашағы бұлыңғыр имидждік жобаларға жұмсалып, олигархаттың қалтасына кеткен сұрауы жоқ трансферттердің жайы осы боп отыр. Олардың Ұлттық қорға қайта қайтарылатыны туралы дәл қазір тап басып айту да қиын. Одан да қиыны, Үкіметтің қорға қол салудан тыйылмай тұрғаны. Әсіресе, 2015 жылдан бастап «қорамсаққа қол салудың» қарқынды фазасына көшкен. Бұл ретте 2019-2020 жылдардағы пандемияға бөлінген шығындардың бұлтартпас негізі бар екені айтпаса да түсінікті. Тоқетерін айтқанда, Үкімет Ұлттық қорға «стратегиялық қордан» бұрын, «бюджет жыртығына жамау» ретінде қарап отыр. Ал Ұлттық банктің бұған неліктен оңай келісім беретіні тағы да түсініксіз. Мәселе қайтарғанда емес, тимегенде... Жалпы 22 жылдық тарихында Ұлттық қорға 62,4 трлн теңге қаржы жиналған екен. Оның 34,4 трлн-ы жұмсалып кеткен. Қалғаны – 28 трлн. Бұл 2021 жылдың соңындағы ақпарат екенін ескерсек, онда биыл одан тағы 4,6 трлн алынуда. Бұл Ұлттық қордың – 15 пайызы. Сол есеппен алғанда Ұлттық қорда бүгінде 23 триллион теңге қалды. Оның үстіне, келер жылға 2,2 трлн, 2024 жылға 2 трлн, 2025 жылға 1,9 трлн алу жоспарланып отыр. Бұл сомалар – Ұлттық қорға мұнай секторынан алдағы үш жылда түсетін түсімдердің болжамы. Ендеше, ол түсімнің өзі бюджетке трансферттеліп кететіндіктен, стратегиялық запас алдағы үш жылда көбейеді деп айту қиын.
«Ұлттық қор трансферт бөлгенде де тікелей ақша күйінде берілмейді. Сондықтан да трансферттер кейде қайтарымды, кейде қайтарымсыз деп бөлінеді. Нақты қайтарымсызы – ол шығындарды жабуға кеткен бөлігі болса, қайтарымды түріне – Ұлттық қордың республикалық бюджетке мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы салған трансферттері жатады. Оның өзінде де бұл қаражат – жұмыс орындарының ашылуы, салықтай төлемдер және де тағы да басқа түрде ғана қайтады. Сондықтан да осы «қоғамдық игіліктер» ретіндегі қайтарымын ғана қанағат етіп, ақша күйінде орнына қайта қою туралы талап ету қиындау. Бұл жерде қайтарудан бұрын Үкіметтің Ұлттық қорды өте тиімсіз басқаруын сөз ету керек сияқты. Оны Президенттің өзі де айтып отыр», – дейді қаржыгер сарапшы Расул Рысмамбетов.Қаржыгер маманның айтуынша, жыл сайын Ұлттық қордан триллиондап трансферт сұрау түбірімен дұрыс емес. Бюджет негізінен салықтай түсімдерден, сыртқы займдардан және ішінара ғана осындай трансферттерден тұруы керек. Ендеше, жыл сайын бюджет тапшылығы болатын себебі, бізде салық жинау дұрыс емес екенін, оның түрлерінің дұрыс бекітілмегенін, фискалды қызметтердің дұрыс жұмыс істемейтінін білдіреді. Болмаса, бұл – Үкімет қаражатты тым көп жұмсайды деген сөз. Сондықтан да бірінші кезекте салық реформасы керек және бюджеттік маневрлар жасап, шығыс бөлігін қайта қарап, тәртіп пен үнемге көшуі қажет.
«Ұлттық қорды әуелде құруда екі мақсат қойылғаны белгілі. Олар – тұрақтандыру және жинақтау. Сондықтан да бюджеттің жыртығын жамау заңды да болар, бірақ, дұрыс емес. Өйткені одан алынған ақшаны қайтару жолы өте күрделі. Тіпті мүмкін емес деуге болады. Осы ретте қордың жинақтаушылық тетігіне басымдық беріп, мүмкіндігінше табыс табу, көбейту жағын қарастырған жөн. Оның қор ретіндегі мәні де осында. Кешегі жолдауында Мемлекет басшысының жария еткен «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы оның тікелей стратегиялық мәнін білдіреді. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан да мұндағы басты мәселе – бұған дейін жұмсалған қор ақшасының қайтқанында емес, бар ақшаның өзіне тимегенде», – дейді AERC аға сарапшысы Асель Майданова.Түйіндей келгенде, тұрақтандыруға жұмсалған 34 трлн теңгені болашақ ұрпақтың аузынан жырып, уақытша шығындарға жібердік. Оның нәтижесі сезіліп те отырған жоқ. Әрі ол ақша қайта оралмайтыны белгілі боп отыр. Бұл тұста 2019 жылға дейін қандай мақсатқа жұмсалғанына тексеру жүргізу қажет-ақ. Бір нәтижесін берсе, сол бермек. Одан соң не істеу керегін Президентіміз кешегі Жолдауында нақты белгілеп берді.
«Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.