«Республика бойынша ең аз жалақы алатындар – орманшылар»: елдегі орман шаруашылығының өзекті мәселелері

«Республика бойынша ең аз жалақы алатындар – орманшылар»: елдегі орман шаруашылығының өзекті мәселелері

2 қыркүйекте Қостанай облысында басталған орман өрті елді мекендерге тарап, 43 мың гектар орман жанып кетті. Сала мамандары бұл өрт Қазақстанда орман шаруашылығы саласының жеткілікті деңгейде қаржыландырылмайтынын көрсеткенін айтады. Ескі техника, жеткіліксіз бюджет сынды кемшіліктердің әсерінен орман шаруашылығы мекемелері жылдағы өрт маусымына дайын болмайды. Осы ретте Қазақстандағы орман шаруашылығының басқа да өзекті мәселелерін анықтап көрдік.   Қазақстандағы орман шаруашылығы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Қайрат Өстеміровтың айтуынша, республикалық Статистика комитетінің деректеріне сәйкес Қазақстанның ЖІӨ-дегі орман шаруашылығының үлесі 2%-ті құрайды. Бұл төмен көрсеткіш.  Мемлекет тарапынан да аталған секторға қажетті көңіл бөлінбейді. Ал орманшылардың жалақысы өте аз және орман шаруашылығы саласында қолданылатын техникалық құрал-жабдықтар әбден ескірген. Осы ретте сала маманы Қостанайда болған алапат өрт елдегі орман шаруашылығы жағдайының нашар екенінен хабар беретінін айтты. 

«Қазақстандағы орман шаруашылығы – республикадағы даму жоспары жоқ жалғыз сала. Орман ғылымын, орман өнеркәсібін, орман шаруашылығын жоспарлы түрде дамыту мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Мемлекет осы бағытта бағдарлама құрастырып, саланы дамыту тұжырымдамасын әзірлеуі қажет деп санаймын» – деді БҰҰДБ биоәртүрлілік пен экожүйені сақтау жөніндегі жоба жетекшісі Талғат Кертешев.
  Орман шаруашылығы техникалары ескірген Қазір елімізде орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз ету облыстық атқарушы органдардың жергілікті бюджеті мен аталған мекемелердің арнайы қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ал аймақтарда бюджет деңгейі бірдей емес, өңір экономикасының даму жағдайы да әртүрлі. Орман шаруашылығы мекемелерін қаржыландыру деңгейі мен олардың материалдық-техникалық базасының жағдайы тікелей соған байланысты.
«Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен орман шаруашылығы мекемелерінің орман шаруашылығы техникасымен және арнайы жабдықпен жарақтандырылуы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен нормалар мен нормативтерге сәйкес келмейді. Бұл орман экожүйелерін сақтауға бағытталған маңызды іс-шаралар кешенін, ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі жұмыстар көлемін орындау тиімділігінің төмендеуіне алып келді. Әкімдіктерде орман шаруашылығын білетін мамандар жоқ. Сондай-ақ олар, алдымен, әлеуметтік мәселелерге қаржы бөлуді жөн санайды. Сондықтан орман шаруашылығының тікелей министрлікке қарап, мемлекеттік деңгейде қаржыландырылғаны дұрыс» – деді Қайрат Жанғабылұлы.
  Республика бойынша ең аз жалақы алатындар – орманшылар Орманшы ол – кәсіпорындағы бас инженер іспеттес. Ол картаны оқып, құрастыру, флора мен фаунаны, геодезияны, өрттің алдын алу және онымен күресу тәсілдері сынды жұмыстарды атқара білуі керек. Әрине, осы қабілеттеріне сәйкес жоғары жалақы алуға тиіс.
«Бізде қазір орман шаруашылығында энтузиастар жұмыс істейді. Себебі, оларға арнайы көлік берілмейді, жылқысы болса соны мініп жүреді. Көпшілігінде рация да жоқ. Байланыс жоқ, таулы жерге жиі баратындықтан рациясыз жүру қауіпті. Осылай өз басын қатерге тігіп жұмыс істегенде алатын жалақысы да мардымсыз. Мысалы, Шығыс Еуропадағы тұрмысы төмен ел саналатын Польшада орманшының жалақысы 2 мың еуроға жуық. Міндетті түрде қасында көмекшісі болады. Сондағы бірігіп бақылайтын аумағының көлемі 2 мың гектар. Онда орманшы лауазымына конкурс кәдімгідей тартысты өтеді, жоғары білімі барларға басымдық беріледі. Ал бізде орта немесе кәсіптік білімі жоқ азаматтарды да жұмысқа ала береді. Себебі, мардымсыз жалақы мен бейнеті көп жұмысқа деген ешқандай бәсеке жоқ» – дейді Қайрат Өстеміров. 
Мамандардың айтуынша, елімізде орманшылардың алатын жалақысы – ең төмен жалақы болып саналады. 
«Республикалық деңгейдегі қорықтар мен ормандарда жас мамандарға 75-80 мың теңге төленеді. Ал ауылды жерлерде орманшылардың жалақысы 40-45 мың теңге. Қызметі өсіп, тәжірибелі маман атанған күннің өзінде аталған мөлшерге аса көп сома қосылмайды. Бұл салаға қызығатындардың аз болатыны содан. Жыл сайын мемлекет 1 мыңға жуық грант бөледі. Оқуға тегін болғандықтан түсіп, кейін мамандық бойынша жұмыс істеуге құлықсыз жастар өте көп. Жалақыны көбейтіп, мамандарды даярлау жүйесін жақсартып, жұмысқа қабылдау талаптарын күшейтетін болса сала жанданатын еді» – деп түсіндірді Талғат Кертешев.
  Орманшыларды даярлайтын оқу орындары заманауи талаптарға сай келмейді Ресми мәлімет бойынша, бүгінде еліміздегі 35 оқу орнында орман және аңшылық шаруашылық мамандарын даярлау лицензиясы бар. Оның ішінде 8 мемлекеттік ЖОО, 24 орта және арнаулы оқу орны және 3 кәсіптік-техникалық мектеп бар. 
«Елдегі орманшыларды даярлайтын оқу орнының барлығы бірдей білікті маман дайындап шығара алмайды. Себебі, көпшілігінде материалдық-техникалық және оқу базасының сапасы нашар. Арнайы пәндер бойынша олар қолданатын оқу бағдарламалары қазіргі талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар орман және аңшылық шаруашылық бағдарламасы бойынша маман даярлайтын бірқатар ЖОО-да әр топта 1-10 студент ғана оқиды. 
Оған қоса орман шаруашылығы мамандарын даярлаудың қолданыстағы жүйесі заманауи материалдық-техникамен және оқу базасымен, сондай-ақ жоғары білікті оқытушы құрамы бар ЖОО мен колледждер базасына шоғырландыруды қажет етеді» – деді Талғат Кертешев. Орман және табиғатты қорғау саласы қызметкерлерінің дерегінше, аталған сала бойынша бейінді білімі бар мамандар саны бар болғаны 33%. Оның ішінде жоғары білімі бар мамандар – 10%-ті, ал орта және арнаулы білімі бар мамандар – 23%-ті құрайды. 
«Сонымен қатар, жас мамандар үшін кәсіби және мансаптық өсудің негізі болатын біліктілікті арттыру жүйесі жоқ. Бұрындары «кеңестік» кезеңде орманшылар үшін де біліктілікті арттыру бойынша арнайы салалық институт жұмыс істеді, алайда ол кейіннен таратылды. Қазіргі уақытта орман шаруашылығы және орман секторы басшылары мен мамандарының біліктілігін арттырудың салалық жүйесін қалпына келтіру туралы мәселені қайта қарау керек» – деп түсіндіріп өтті Қайрат Өстеміров.
Кадр мәселесі орман ғылымы үшін қашан да өзекті. Жас ғалымдардың аз болуы жалақы мөлшерінің жеткіліксіздігімен және зерттеу жүргізуге арналған материалдық-техникалық базаның ескіруімен байланысты. Осы орайда сала мамандары «Дипломмен ауылға» бағдарламасына орман шаруашылығы мамандығын да қосу қажет деген ұсыныс айтты. Жас педагогтар мен дәрігерлерге қолдау көрсеткендей, орман шаруашылығымен айналысатын мамандарға да ауылды жерлерде көтерме ақы төлеп, тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет дейді олар.   Орман өртегендер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлден қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ормандарды жою немесе зақымдау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.
«Орман қорына кіретін және кірмейтін ағаштар мен бұталарды өрт қою арқылы немесе қоқыспен ластап, өзге де тәсілдермен қасақана жою немесе зақымдау фактілері Қылмыстық кодекстің 341-бабымен жазаланады. Аталған жайт ауыр қылмыстар санатына жатады. Ол үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деді ІІМ тергеу департаментінің басқарма бастығы Ермек Шүлден.