Дипломның «саудасы» қызып тұр

Дипломның «саудасы» қызып тұр

Біреулер диплом алу үшін көз майын тауысып бірнеше жылын арнайды. Ал енді біреулер интернеттегі сайттардан дипломды сатып алып, жалғанды жалпағынан басып жүр. Жалған диплом жасататындардың көбі – педагогтер. Жақында Түркістан облысынан жалған диплом пайдалану арқылы жұмысқа орналасқан 35 мұғалім анықталды. Мұндай келеңсіздікті тыюдың жолы қандай? Диплом жасатып алғандардың біразы жоғары білімді мұғалім, кейбірі шенеунік болып та жүр. Жұмысқа орналасар кезде олардың дипломдарының түпнұсқа емес­тігін ешкім екшеп тексермейді. Сондықтан да жоғары білім алмай, мектептерде емін-еркін сабақ беріп жүр. Тек біліктілігіне басшы­лықтың күмәні туындаған кезде ғана мектеп директоры жоғарыға сұрау салып, педагогтің дипломын базадан іздей алады. Жыл сайын жалған дипломмен істі болған мұғалімдердің саны азаяр емес. Айталық, екі жыл бұрын Ақмола облысында 12 мұғалімнің жалған дипломмен жұмысқа тұрғаны тексеріс кезінде белгілі болған. Олар аудандық білім бөліміне жоғары білім жөнінде жалған диплом тапсырған. Департамент қызметкерлері кезекті тексерістің кезінде ғана қызметкерлерінің жалған құжатпен жұмыс істеп жүргенін дәлелдеген. Олардың барлығы дерлік соңғы екі жылдан бері мектепте жұмыс істеген. Былтыр Түркістан облысында да сырттай оқу бітірген мұғалімдердің арасында жалған құжатпен жүр­ген­дер үлесі 80 пайыздан асатыны анықталды. Бұдан бұрын да ақтө­белік 34 педагогтің жалған құжат­пен жұмыс істеп жүргені анықта­лып еді. Соның ішінде 7 мұғалім арнаулы білім беретін колледж­дерде, 11-і мектептерде және 13 тәр­биеші балабақшада тәлім бер­ген. Жыл басында Қызылорда об­лысындағы орта білім беру ұйым­­дарында жалған дипломмен жұмыс істейтін 112 мұғалім әшкере болып, барлығы жұмыстан боса­тылды. Ал жақында Түркістан об­лысында колледж бен мектеп мұғалімдері жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Облыс әкімдігінің салалық басқарма­сының жұмысына тексеру жүр­гізген прокурорлар бірқатар заң­сыздықты әшкерелеген. Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, басқарма тарапынан оқушылар мен студенттерді мемлекеттік тап­сырыс бойынша негізсіз қабыл­дауға қатысты жеті дерек анықтал­ған. Колледждерде кадрлар даяр­лауға мемлекеттік тапсырысты орындау кезінде де кемшіліктерге жол берілген. Яғни, тапсырысты орындау барысында еңбек нары­ғындағы қажетті мамандар дұрыс таңдалмаған.

«Шетелге шығып кеткен білім алушыларға негізсіз қаржы аудару мен мұғалімдердің жалған диплом пайдалану арқылы жұмысқа орна­ласқан 35 фактісі анықталды. Бұл фактілер бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу басталды», – дейді Түркістан облыстық проку­ратурасының басқарма прокуроры Дулат Әшірбеков.
Жеңіл жаза тұсау емес Білім беру мекемелері берген құжаттар Ұлттық білім беру дерек­тер қорында сақталады. Демек, арнайы нөмірлерді теру арқылы дипломның рас-өтірігін білуге болады. Жоғары білім және ғылым министрлігіне дипломның жалған не жалған емесін тексеруге өтініш­тер жиі түседі екен. Білім беру де­ректер қорының артықшылығы қандай дерсіз. Жүйедегі ақпаратты өзгерту мүмкін емес. Ал деректер қорындағы ақпарат оқу орнындағы мұрағат құжаттарымен сәйкес ке­луі керек. Артынша дипломды тек­серу үшін университет базасын, бұйрық пен тіркеу журналы арқы­лы құжаттың сериясын тексереді. Осылайша, дипломның заңды си­патын анықтай аламыз. Егер оның жалған екені айқындалса, Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, жалған құжаттарды қолдан жасағандарға екі мың АЕК-те айып­пұл салынады немесе түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Не болмаса екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бос­тандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ бiрнеше рет немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет төрт мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға алып келеді. Сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға болмаса 4 жылға бас бос­тандығынан шектелуі мүмкін. Бұдан басқа көрiнеу жалған құжат­ты пайдаланғандарға 160 АЕК-те айыппұл салынады. Болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ары кетсе, 40 тәулікке қамауға алынады. Ұлттық қауіп­сіздік комитеті жалған дипломдар сатылатын жасырын «базарлар­дың» қаптап кеткенін растап отыр. Қазір жалған диплом сатып алу туралы әлеуметтік желідегі жар­намалар ешкімді таңғалдырмайтын болған. Жалған дипломға қолже­тім­ділік, бағасының арзан болуы­мен қатар, диплом сататындар жа­санды құжатты ешкім түпнұсқа­дан ажырата алмайды деп сен­діреді. Министрліктің хабарла­уын­ша, қызығушылық танытқан адамды сендірудегі басты құрал – барлық құжаттардың ресми блан­кілерде басылып, нақты түпнұс­қамен сәйкес келетіндігі. Диплом­дары тексеру кезінде түпнұсқа­дан еш айырмасы болмайтынын айтады.
– Жалған дипломмен мектепте жұмыс істеу – баланың болаша­ғына балта шабумен бірдей. Сон­дықтан нарықта дипломдардың саудалануына жол бермеу керек, – дейді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Сатып алынған диплом жұмыс істеу барысында жарамсыз екенін ескерсек, кәсібилік тұрғысына кел­ген кезде ондай адамдар өз ісі­нің маманы бола алмайды. Нә­тижесінде, құқық қорғау орган­дары анықтайтын жалған диплом­дар саны жыл сайын артып келеді. Білім сарапшысы Өмір Шыны­бекұлының айтуынша, кезінде бас­тауыш мектептерден универ­ситеттер ашылды. Осылайша, жо­ғары оқу орындары саңырау­құ­лақша қаптап кетті. Оларда күндіз оқитын студенттердің өзі сырттай оқитындар сияқты жылына 1-2 рет барып сессиясын жаптырып жүрді.
– Мемлекет шынымен ниет қылса, мектептердегі жалған дип­лом­дарды тексеру қиын емес. Жал­ған диплом табылған мектеп­тің басшыларын жұмыстан шыға­ратын заң қабылданса, дирек­торлар да бұл істе жауапкершілік танытар еді. Лицензиясы бар жо­ғары оқу орындарының дипломы жалған болмайды. Ал белгілі бір университеттердің мөрін, блан­касын пайдаланып диплом жа­сайтындар бар. Егер осы универ­си­теттің үстінен іс қозғаса, жоғары оқу орнының заңгерлері жалған диплом жасайтындарды өздері-ақ тауып берер еді, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Қарап отырсақ, жалған құ­жат­ты жасаушылар мен сатып алу­шыларға да берілетін жаза жеңіл. Содан да болар, диплом сататын сайттардың санынан көз сүрінеді. Сайттар саңырауқұлақша қаптаған Жалған диплом саудасы ға­ламтор желісінде қызып тұр. Екі жыл бұрын министрлік интернет­те диплом сататын ресурстарға мониторинг жүргізіп, Diplomas Universities of Kazakhstan немесе kmiparasat.kz атты сайтты жауып тастаған еді. Одан бері әр жоғары оқу орны жеке үлгіде диплом беруге көшті. Тіпті, қазір барлық заңды дипломдардың электронды нұсқасы бар. Дегенмен интернет­тегі сайттар «жабылды ма, жа­былмады ма?» деген оймен интер­нетке шолу жасадық. Бірнеше сайт алдымыздан атып шықты. Соның біріне таңдау жасадық. «Барлық оқу орындарындағы дипломдарды ғана емес, басқа да білім дәрежесін білдіретін құжаттарды дайындап, сатамыз» деген aunouniver сайтына кірдік. Расында да, бұл компания ЖОО, колледж, техникум диплом­дарымен бірге мектеп бітірді деген аттестат, сертификат, анықта­маларды жылдам жасап береміз деп жарнамалап қойған екен. Жаңа үлгідегі дипломдарды әлі сатылымға шығармаған. Бірақ былтырғы дипломдардың бағасы 250 мың теңгеден, ал 2015 жыл­дардағы диплом 230 мың теңге, 2001 жылғы дипломдар 200 мың теңгеден ашық көрсетілген. Сайтта компанияның нақты байланыс нөмірі жоқ. Өзіңіз туралы ақпа­ратты толтырып, төлем жасайсыз. Бір ай ішінде дипломыңызды үйіңізге дейін жеткізіп береді. Сонымен қатар интернетте дәл осындай бірнеше сайт кездесті. Сайттардың атауы орысша бол­ғанымен, олар сізге тек ресейлік қана емес, қазақстандық оқу орын­дары беретін құжаттардың кө­шірмесін түпнұсқадан айны­майтындай қылып жасап береді екен. Бұл сайттар бірнеше жыл жұ­мыс істеп, қаншама адамды «дип­ломды» маман қылып шығар­ды десеңізші?! «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, әшкере болғандар да бар. Заң бойынша жазасын да алды. Бірақ көбі айып­пұл төлеумен шектелді.
– Иә, қазір интернетте неше түрлі сайт бар. Диплом сатумен айналысатын көп сайт Қазақстан­да KZ деген доменмен ашылған. Яғни, оны бұғаттаудың еш қиын­дығы жоқ. Жайбарақат жұмыс іс­теп тұруы – еліміздегі цифрлан­ды­ру жүйесінің кемшілігі, – дейді IT маман Алпамыс Серіков.
Дипломды сатып алған мұғалім алдындағы оқушыға қандай білім береді? Қанша жерден жалған диплом анықталып жатса да, интернеттегі саудаға әлі толықтай тұсау салынған жоқ. Сондықтан әр мекеме алдына келген маманның дипломын тексеріп алуы керек. Не жалған диплом жасаған адам да, жасатқан азамат та заң бойынша лайықты жазасын алуы тиіс. Әйт­песе, қалтасы қалыңдар дипломды сатып алғанымыз сияқты әділдікті де ақшамен шешеміз деп ойлайды.