Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар.
Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19% – жүрек аурулары, қалғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағуда. БҰҰ мәліметтері бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің арасында Қазақстан 10-орында тұр. Мәселен, Алматыда 2019 жылы алты мыңнан астам адам алкогольден уланып, оның екі мыңы ауруханаға жатқызылса, 23 адам қайтыс болған.
Ал 2018 жылғы мәліметтерге келсек, елімізде 23 мыңнан астам адам уланып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен. Олардың 1 мыңға жуығы қайтыс болған. Көз жұмғандардың өлімі: 68% – сапасыз алкогольден; 20% – түрлі қышқылдардан; 8% дәрі-дәрмекті қасақана ішуден болғаны айтылады.
Алкогольді сусынның көлемі қандай болса да, денсаулыққа зиян. Бұл туралы зерттеу The Lancet медициналық журналында жарық көрді. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын қолданады. Алкоголь тұтыну болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін де өте зиян.
Ішімдіктің зияны ертеде белгілі болған
Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат берілмеген. Ресейдегі ертеден келе жатқан құжаттарда жаңадан отау тіккен жастарға ішімдік ішуге тыйым салынған. Франция елінде арақ ішкіш ата-аналардан туған әлсіз балаларға арналған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар екен. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Қазақстанда жан басына шаққанда, алкогольдік ішімдікті пайдалану көрсеткіші – 12 литр. Бұл көрсеткіш орыс ұлтының тағдырына алаңдап отырған Ресей еліндегіден 1,5 литрге артық екен. Дүниежүзілік сауда ұйымының тізімінде Ресей 22-орында тұрса, Қазақстан бұл тізімнің алғашқы ондығына еніп, 8-орыннан көрініп отыр. Ал бірінші орын африкалық Уганда мемлекетінің еншісінде екен. 1915 жылы Пироговтық съезде орыстың атақты дәрігерлері «Арақтың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағзадағы нүктелерге дейін улы әсерін тигізеді» деген пікірге тоқтаған.
Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, Алматы қаласында әр 100 мың әйелдің 211-ден астамы, ер адамдардың 2 330-ы арақ-шараптың кесірінен психикасы мен мінез-құлқы бұзылған. Астанада бұл көрсеткіш 90 және 476-ны құрайды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының деректері бойынша, психикалық және тәртіптік ауытқулары бар 249 мың адам есепте тұр. Олардың әрбір 12-сі – 25-30 жастағылар, отбасын құрып, еңбекке араласып, қоғамның белсенді мүшелері болатын әйелдер. Ұлттық орталық қызметкерлері бұл мәліметтің толық емес екенін мойындайды. Есепке алынбаған араққа әуестердің қатары одан да көп. Статистикалық дерекке сүйенсек, республика тұрғындарының 35 пайызы ішімдікке үйір екен. Өкінішке қарай, осы дерекке мектеп жасындағы балалар да іліккен.
Үлгі болар бастама
Болашақты арақсыз көруге тырысқан ауылдар саны да артып келеді. Мысалы, бірнеше елді мекенде ішімдік дүкендерде мүлдем сатылмайды. Осы жақсылыққа бастаған бастаманың игілігін халық көре бастаған. Атап өтсек, Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз. Себебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен. Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік елді мекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарқанына арақ-шарақ жуытпапты. Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылында да арақ сатылмайды. Осыдан 9 жыл бұрын араққа тойып алған ауыл жастары бір қарияны сабап кетіпті. Сол кезде ауыл ақсақалдары жерлестерін жинап, бұдан былай арақ-шарапқа жуымау жайлы үндеу тастаған. Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде ішімдік атаулы жоқ. Оған себепкер болған осы ауылдың тұрғыны Майдан апа Бақтыбайқызы екен. Ол кісі 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп, мешіт ашылғаннан кейін жерлестерін арақтан арылуға шақырыпты. Ащы судан бас тартқан ауылдардың бірі – Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыбастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры. Қорды ауыл ақсақалдары және осы ауылдан шыққан қазір түрлі қызметте жүрген ауыл белсенділері мен тұрғындары құрған. Райымбек ауданының Қақпақ ауылы да араққа «жоқ» деген. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан. Ауыл жастары осы азаматтарды үлгі тұтып, айтқан сөздеріне құлақ салып келеді. Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында да ішімдік сатылмайтын көрінеді.
Иә, арақ – атадан қалған ас емес, сондықтан болашаққа балта шаппау үшін ішімдікті дастарқаннан алып тастап, салауатты өмір салтын сақтаған жөн. Ол үшін ішімдіктен бас тартқан ауылдардан үлгі алсақ игі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ