Осыдан тура 60 жыл бұрын әлем алаңдаумен күн кешіп жатқан еді. 1962 жылдың қазан айында әйгілі «Кариб дағдарысы» болған-ды. Ол кезде әлемді ядролық соғыс қаупі алаңдатқан. Өкінішке қарай, ядролық қауіп әлі сейілген жоқ. Бірер күн бұрын америкалық миллиардер Илон Маск Twitter-де Ресей Қырымнан айырылар болса, ядролық қару қолдануы мүмкін екенін жазды. Соңғы кездері Украинадағы соғысқа қатысты «біртүрлі» пікір айтып жүрген кәсіпкердің бұл мәлімдемесін кезекті хайптың бірі деуге болар еді, алайда Шығыс Еуропадағы соғыста стратегиялық мақсаттағы болмаса да, тактикалық ядролық қару қолданылу қаупі жоғары екені жиі айтыла бастады. Әсіресе, қазан айы басталғалы бері мұндай қаңқу сөз жиі естіліп жүр. Әрине, түрлі деңгейдегі саясаткерлердің сөзін алдымен өз аудиториясына бағытталған пікір деуге болатын шығар. Дегенмен саясаткерлерге барлау деректерін әскерилер беретінін ұмытпау керек. Бәлкім, содан да шығар, қазанның 7-сі күні АҚШ президенті Джо Байден 1962 жылғы «Кариб дағдарысынан» кейін дәл қазіргідей жоғары деңгейде ядролық қауіп болмағанын атап өтті. Ал Украина президенті В.Зеленский Ресейдің ядролық қару қолдануының алдын алу үшін превентивті соққы жасалуы керек екенін айтты. Рас, «Президент ядролық соққы деген жоқ, басқа мағынадағы соққыны айтты» деп Украина президентінің әкімшілігі мәлімет таратқаны бар. Шамасы, аса қауіпті риторика үшін ақталғанға ұқсайды. Бірақ қалай болғанда да, «айтылған сөз – атылған оқ». Ал Мәскеу жақтан қауіпті риторика, қоқан-лоқы жасау, сес көрсету қалыпты құбылысқа айналды. В.Путиннің өзі жартылай мобилизация жариялаған кезде Ресейдің аумақтық тұтастығын қорғау үшін қолда бар құралдың барлығын пайдаланатынын айтқан-ды. Сарапшылар әдетте оның бұл пікірін ядролық қарумен байланыстырады. Бәлкім, содан да болар, медиа мен мессенджерлерде Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екені жайлы ақпараттар жиі тарады. Сәйкесінше, НАТО-ның бірқатар елі, соның ішінде АҚШ мұндай қадамға жауаптың ауыр болатынын мәлімдеп үлгерген. Мәселен, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джейк Салливан Ресей ядролық қару қолданған жағдайда салдары апатты деңгейде болатынын айтқан. Онда да Мәскеу үшін солай деген пікір білдірген. Ал кейін тактикалық ядролық қару қолданылса, НАТО конвенционалды қарумен-ақ ойсырата соққы беретіні жайлы инсайдерлік мәліметтер тарады. Конвенционалды қару дегеніміз – биологиялық, химиялық және ядролық қарудан басқа қарулар. Тактикалық, жедел-тактикалық, қанатты зымырандар, дүркіндетіп ату қондырғылары, түрлі бомба, отатқыштар, миналар дейсіз бе, адам өлтіретін құрал көп қазір. «Соның барлығын пайдаланамыз» дегені бұл. Бір сөзбен айтқанда, ядролық қару қолдану тікелей ядролық қақтығысқа апармаса да, Еуропадағы соғыстың ұзаққа созылуына себеп болуы мүмкін. Абырой болғанда, қазіргі «ядролық соғыс» тек медиа кеңістікте жүріп жатыр. Кәдімгі ақпараттық майданда. Күштілердің шынайы ұрысқа кіргенінен гөрі интернетте бір-бірін бопсалағаны дұрыс-ау деген ой да келеді. Бірақ текетірестің созыла бергені жақсы емес. Тактикалық ядролық қару деген не? Ядролық қару адамзатқа қауіп төндіретін «табыстардың» бірі екені рас. Бірақ биологиялық және химиялық қаруға қарағанда ядролық қаруға халықаралық деңгейде тыйым салынбаған. Өйткені ядролық арсеналы бар мемлекеттер бұл қаруды тежеуші фактор ретінде қолданады. Ал химиялық немесе биологиялық қаруды көптеген «үшінші әлем» елдері қолдануы мүмкін. Сондықтан «күштілер» ондайларды жазалап отырады. Бір сөзбен айтқанда, адамзаттың қаруларға қатысты ұстанымы ежелден бері келе жатқан «күштінің дүмі диірмен тартады» дегеннің дәл өзі. Әлсіз болсаң, өзіңді қорғауың, тіпті қорғауға ұмтылуың да «күнә». Алып елдерге бұл тәртіп жүрмейді. Содан да шығар, ядролық қаруға тыйым салынбаған. Ал Шығыс Еуропадағы соғыста ядролық қаруы бар елдердің мүддесі қақтығысып жатыр. Сондықтан ядролық қарудың қолданылу қаупін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен «тактикалық ядролық қару» дегеннің не екеніне де тоқталғанның айыбы болмаса керек. Өйткені әңгімеге арқау болып отырған да осы қару. Негізі, жаппай қырып-жоятын қарулардың ішіндегі ең қауіптісі ядролық қару саналғанымен, әр бомбаның өзіндік күш-қуаты болады. Қазір ядролық қарулардың қуаты килотоннадан мегатонналарға дейін есептеледі. Мәселен, 1961 жылдың 30 қазанында Жаңа жер аралында сынақтан өткізілген «Патша бомбаның» қуаты 58,6 мегатоннаны құраған. Бұл дегеніңіз 1945 жылы Хиросмиаға тасталған атом бомбасынан мыңдаған есе күшті. Дәлірек айтқанда, Хиросимаға тасталған бомбаның 3 мың 900 данасымен тең. Сынақ кезінде жарылыстан пайдан болған «саңырауқұлақ» 67 шақырым биіктікке дейін жеткен. Ал АҚШ-тың ең көп тараған B83 ядролық бомбасының жарылысынан кейін пайда болатын «саңырауқұлақ» 18-19 шақырым биіктікке дейін көтеріледі. Бұл бомбаның қуаты 1,2 мегатонна. Әдетте мұндай аса қуатты бомбаларды стратегиялық мақсаттағы ядролық қарулардың қатарына қосады. Тактикалық ядролық қару деп жарылыс қуаты 0,4 килотоннадан 15, кейде 50 килотоннаға дейін жететін қаруларды айтады. Сонда да тактикалық ядролық қаруды сипаттауға қатысты бірізділік жоқ. Мәселен, Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Нина Ратбун тактикалық ядролық қарудың жарылыс қуаты 1 килотоннадан 100 килотоннаға дейін жетеді деген уәж айтады. BBC де осы деректерді алға тартып жүр. Ал ресейлік кейбір әскери сарапшылар тактикалық ядролық қарудың қуаты 0,2 килотоннадан басталуы мүмкін екенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, қуаты 100 килотоннадан төмен болатын ядролық жарылғыштың бәрін тактикалық ядролық қарудың қатарына қоса беруге болады. Мұндай оқтұмсықтар мен снарядтарды нысанаға қандай құрал жеткізеді, ол басқа мәселе. Айталық, 152 мм-лік РД4-01 снарядын калибрі сәйкес келетін көптеген гаубица мен зеңбірек ата алады. Оның қуаты 2,5 килотонна. КСРО мұндай снарядтарды алыс қашықтыққа ататын құрылғылар үшін шығарған. Яғни, гаубицалар 15-40 шақырым жердегі нысанды осындай снарядтармен атуы керек. Ал АҚШ да «Дэви Крокетт» деп аталатын миномет үлгісіндегі қару болды. Оның жарылыс қуаты – 15 тонна. Бірақ әрі кетсе, 4-8 шақырымға ғана ұшады. Ал 280 мм-лік зеңбіректі америкалықтар «атомдық Энни» деп атаған. Ол тарихта атом снарядын атқан алғашқы зеңбірек ретінде қалды. 1953 жылы 25 мамырда 15 килотонналық снарядпен алыстағы полигонды атқылады. Айтпақшы, Хиросимаға тасталған бомбаның да қуаты 15 килотонна еді. Жалпы, тактикалық ядролық қарудың тиімсіз екенін ресейлік әскерилер де, натолықтар да біледі. Көптеген конвенционалды қарудың жарылыс, қиратқыш қуаты 5-10 килотонналық ядролық оқтұмсықтың жарылысынан кем емес. Демек, тактикалық ядролық қарудан гөрі конвенционалды, дәлдігі жоғары қаруларды пайдаланған тиімді болар еді. Содан да болар, кәсіби әскери сарапшылар Украина жерінде тактикалық ядролық қарудың қолданылу ықтималдығы өте төмен екенін айтады. Біз де ядролық қаруға қатысты алып-қашпа әңгімелер медиа кеңістікті дүрліктіруден әріге бармайтын шығар деп үміттенеміз. Қауіп басқа жақтан болса ше? Өкінішке қарай, Шығыс Еуропадағы ядролық апат қаупі тек қаруға байланысты емес. Соғыста ядролық қару пайдаланылмағанның өзінде, бейбіт мақсатқа арналған кәсіпорындардың нысанаға айналу қаупі бар. Яғни, АЭС-тер жарылса да, ядролық апат болады деген сөз. 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде болған апат ядролық шаң-тозаңның, радиацияның Еуропаның біраз жеріне дейін жетуі мүмкін екенін көрсеткен. Ал әдетте АЭС-тер энергетикалық инфрақұрылым қатарына кіреді. Өкінішке қарай, соңғы күндері Украина қалаларындағы жылу-энергетика орталықтарына, инфрақұрылымға бірнеше мәрте зымыран соққысы жасалғанын ескерсек, АЭС-терді нысаналар қатарынан шығарып тастауға болмайды. Тіпті, қаңғыған зымыран немесе снаряд келіп дөп тисе де, нысандарға аз зақым келмейді. Одан соң АЭС-тер Мәскеудің батыс елдерін тығырыққа тіреу үшін қолданатын боспалау құралына айналуы мүмкін екенін де ескеру керек. Соғыс барысында Украинаның Энергодар қаласындағы Запорожье атом электр стансасының төңірегін атқылаған оқиғалар болды. Екі жақ бір-бірін айыптады. МАГАТЭ өкілдерінің басын қатерге тігіп, Энергодарға барып жүргені содан. Ал Украинада жұмыс істеп тұрған 4 АЭС, жалпы саны 15 энергоблок бар. Энергодардағы АЭС Еуропадағы ең үлкен станса. Одан бөлек, Хмельницкий АЭС-і, Ровен АЭС-і, Николаев облысындағы Оңтүстік Украина АЭС-і бар. Бәріне қанатты зымырандар мен камикадзе-дрондар ұшып жете алады. Одан бөлек, жұмысы тоқталған Чернобыль АЭС-і бар. Ол зақымданса да қауіпті. Өйткені Чернобыльда да реакторлар тұр. Ядролық қалдықтар бар. Қысқасы, ядролық қару қолданылса да, стансалар нысанаға алынса да, адамзатқа қауіп төндіретін жағдай қалыптасып келе жатыр. Ядролық апат болса «соғыста түрлі жағдай болып тұрады» деп ақталудың да қисыны қалмайды.