Мейрам Қажыкен медицина қызметкерлерімен кездесті

Мейрам Қажыкен медицина қызметкерлерімен кездесті

Ел Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкеннің өңірлердегі үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Бүгін үміткер Өскемен қаласына барып, Шығыс Қазақстан ауруханасының диагностикалық орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті. Кандидат жиналған жұртшылыққа өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Артынан ақ халатты жандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, медицина саласы бойынша пікір алмасты. Көтерілген мәселелердің ішінде еңбекақыны арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, әлеуметтік төлемдер қозғалды. «Дамыған елдерде медицина саласына деген көзқарас өзгеше. Оларда бұл саланы қаржыландыру жалпы ішкі өнімнің 6 пайызын құрайды. Ал бізде 1,5 пайыз.  Бұл 4 есе төмен деген сөз. Біздің медицина, әсіресе мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін ұйымдар қаржыландырылмайды. Ал қаржыландыру медициналық мекеменің барлық шығындарын өтеуге жеткілікті болуы тиіс. Негізінде денсаулық сақтау саласына реформалар жүргізу өте күрделі процесс. Бірақ  кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеулер жүргізу және т.б. бағыттарда нәтижеге жете аламыз. Медицина бағыты дамусыз, тасада қалмау керек. Бұл мен күрделі де жауапкершілікті міндет. Бірақ мен бұл міндетімді абыроймен ақтаймын», - деді М.Қажыкен. Айта кетейік,  кандидат өз бағдарламасында медициналық персоналдың тапшылығын жоюды, дәрігерлердің әлеуметтік әлеуетін арттыруды, олардың жалақысын ұлғайтуды, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесін,  еңбек жағдайларын жақсартуға басымдық береді. Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті кәсіподақ басшысы кандидатқа алға қойған мақсаттарына қол жеткізіңіз деп  табыс тіледі.