Өскеменде көпбалалы отбасыларға жүз пәтер беріледі

Өскеменде көпбалалы отбасыларға жүз пәтер беріледі

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес облыс орталығы Өскемен қаласында жаңа тұрғын үй кешендерін салу жалғасады. Алғашқы Ertis City тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Оған тұрғындардың  қоныстану белсенділі жоғары, жаңа ауданның тыныс-тіршілігі де қыза түсуде. Жақын арада ол жерде 120 орындық балабақша да ашылмақ. Биыл Сол жағалаудағы «Нұрлы жол» деп аталатын тұрғын аудандағы біткен үйлерге тұрғындар қоныстана бастамақ. Мұнда алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың аясында 1426 пәтерді құрайтын (135,8 мың шаршы метр) 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жалғасатын болады. Сонымен бірге қазір 472 пәтерлік 7 үйдің құрылысы басталып кеткен. Бұлардан бөлек жақын жылдарда қаланың Сол жағалау бөлігіндегі Сәтпаев даңғылының бойында орналасқан спорттық нысандар аумағында тағы бір жаңа тұрғын аудан бой көтермек. Биыл бұл аумақта 1200 пәтерді құрайтын 14 үйдің құрылысы қолға алынады. Жалпы алғанда осынау шағын ауданда 2 883 пәтерді құрайтын (259 мың шаршы метр) 39 көпқабатты тұрғын үйді салу көзделуде. 2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 1642 пәтерлік 13 баспананың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал осы жылдың алғашқы жартысында көп балалы отбасылар үшін 100 пәтер бөлінбек. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы